wrapper

Соңғы жазбалар

Әрбір ұлт пен қауым үшін өзінің шығу тегі мен атауын анықтап алу аса маңызды. Өйткені, біз кімбіз, қайдан келдік, қандай ортада өмір сүріп жатырмыз? - деген сауалдарға төл щежіремізді бағалаумен ғана нақты жауап бере аламыз. Жалпы, біз өз—өзімізді танып, өткенімізді парықтап, тарихымызды пайымдаумен ғана келешек үшін ізгі байлам, ілкімді қадамдар жасай аламыз. Ал, өткенімізді түгендеп, болашағымызды айқындау үшін қаншама тарихи ақтаңдақтар мен қордаланып қалған ұлттық-әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуымыз шарт. Тарих ғылымында шешімін таппай жүрген осындай түйткілдердің бірі «Алаш» атауының қандай мән-мағынасы бар? деген мәселе екендігі ғылым көшіне ерген ағайынға аян. Ендеше, бүгін біз «Алаш» атауы жөніндегі аңыз-әпсаналар мен тарихи деректерге талдау жасап көрмекпіз.

«Алаш» атауы хақындағы деректерді жіпке тізер болсақ, Адамзат баласының жаратылысын баян ететін сонау ерте замандағы шежірелік дереккөздерден бастап, мифтік аңыз-ертегілер, Орта ғасырларға тән манакыб-әпсаналар мен қолжазбалар, Батыс ориенталистерінің пайымдаулары және қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдарын түгелдей сүзіп шығуымызға тура келеді. Жалпы, «Алаш» хақындағы деректердің ұқсастығы мен өзгешеліктері, сондай-ақ, зерттеушілердің талдау барысындағы ой-қорытындыларын бағамдап, тарихи шындыққа көз жеткізу үшін арнайы монографиялық зерттеу жүргізу қажет. Десекте, бұл мақаламызда  «Алаш» атауы хақындағы деректер мен талдауларды салыстырмалы түрде бағытына қарай былайша жіктеуді жөн көріп отымыз:

      А) «Алаш» атауы жөніндегі шежірелік деректер.

      Ә) «Алаш» атауына қатысты мифтік аңыз-әңгімелер.

      Б) «Алаш» атауы туралы тарихи шындыққа жақын аңыз-әпсаналар.

      В) «Алаш» атауы жөніндегі ориенталистердің көзқарастары.

      Д) «Алаш» атауы туралы қазақ тарихшыларының пайымдаулары.

              Шежірелік деректер не дейді?

Даңқты Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» әлейім жұртшылыққа, әсіресе түркі қауымына ортақ тарихи шежіре саналады. Осы шежірелерде «Алаш» атауына қатысты деректер де ұшырасады. Мысалы, Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» Нұһ пайғамбардың немересі ретінде Абулджа хан атты кісі есімі аталады (Рашид ад-дин.. Сборник летописей. Т.І. кн. 1. Москва-Ленинград. Издательства АН СССР, 1952. с 81). Ал, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан туралы дерек келтіріледі  (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер). Осы Алынша ханды Қазақ тарихы үшін құнды деректерді мұра етіп қалдырған Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих Хамса» атты белгілі шығармасында «Алаш» атауына қатысты үшінші уәж ретінде көрсетіп өтеді (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57 беттер). Белгілі этнограф Ж.Артықбаев бұл шежірелік деректерді талдай келе, Алынша ханға қатысты оқиғалар б.э.б ІІІ-ІІ мыңжылдықта болған деп болжайды (Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар. 2004. с 63).

Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша хан көп жылдар бойы патшалық қылды. Нұһ пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеті мұсылман еді. Алынша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасыды. «Ит семірсе, иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп баяндайды. Сондай-ақ, дәл осы деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде келтіріп өтеді (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991. 8 б)

Шынында да Алынша ханның дәуірінде адамдар хақиқи сенімнен ажырап, пұтқа табына бастаған болса, ата-бабаларымыз:

Алаш, Алаш болғанда,

Алынша хан болғанда.

Қазақ, қалмақ, ноғайлар,

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Жайқұн көлдей бір болған.

- деп (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 55 б) Алынша ханды мақтап, дәріптеп жырламас еді. Яғни, Құрбанғали Халидтің Алынша хан мен «Алаш» атауын жымдастырғысы келген бұл уәжін дүдәмалдау тұжырым, тарихи шындыққа  жанаспайтын байлам деп қабылдаймыз. Жалпы, Қазақ халқы «Алаш» деп ұрандағанда, арқасы қозып, рухтанып, айбарлана түседі. Олай болса, дүйім елді кәуірлікке ұрынған дәуірдегі Алынша хан қалайша арда халықтың «Алаш» ұранына  айнала алады? Демек, алтын ұрық, текті халықтың ұрпағы екенін паш еткіміз келсе, «Алаш» атауының шығу төркінін басқаша тарқатумыз қажет-ақ. 

Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі Татар, бірі Моңғол. Алынша хан қартайған соң, елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір біріне жамандық ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп, Алынша ханнан Моңғол ұлысының тарайтынын жеткізеді. Осы тұста айта кететін бір жайт; зерттеуші Тілеуберді Әбенайлы түркі мен моңғолдың шежіресін тарататын «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстырады. Ол «қауа» көне түрік тілінде қайнар-көз, ең бастапқы» мағынасын бере дей келе, «Алан-Қауадан» Алаш ұлысын таратады (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 39 б).

Алынша ханның кіндігінен Моңғол ұлысының таралуын мақұл көрсек те, «Алан-Қауа» есімінен Алаш, Алшын, Ашина атаулары шығады дегенге келісу қиын-ақ. Себебі, осы шаққа дейін тарихта «Алшын», «Ашина» атауларын «Алаш» терминін ұштастыратын сенімді дереккөз табылған емес. Яғни, Т.Әбенайұлының «Алан-Қауа» есімін «Алашпен» байланыстыруын, зерттеушінің субективті болжамы деп ұғамыз. Дегенмен, Тілеуберді Әбенайлының «Алаш» терминін Шыңғысханмен шендестіруінде тарихи шындық бар болуы ықтимал. Өйткені, осыған ұқсас өзгеде дерек-көздер баршылық.

                          Алаша хан дегеніміз Шыңғысхан ба?

Аты аңызға айналған халқымыздың белгілі батагөйі ақсақалы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсап келеді. Бұл аңыз-әпсананың сюжеті тарихтағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның қаза табу оқиғасымен ұқсас. Оған мәтіннен нақты мысал беретін болсақ:

«Алаша ханның Жошыхан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді,

 - дейтұғын сөз сонан қалған.

Сонда хан жалғыз баласы өлген соң, төрт аяқты хайуан малды баласын анасынан айырып;

  - Мен де зарлап қалдым. Хайуан мал да менімен қосылып, аза тұтсын! – деп, бір-біріне жамыраттырмай, сегіз күн, сегіз түн ас-cу ішпей, теріс қарап жатып алды...» дей келе, Алаша ханның ханымы Ханбибі басалқа айтып, ханды жұбатқанын баяндайды.

Ханбибінің орынды уәжіне Алаша хан мойынсұнып, малдарды көгеннен босатқанымен, «...бір бозінген жеріп ботасын алмайды. Сонда хан:

- Осы бота енесін ене алмай, аштан өліп кетсе, обалына мен қалдым-ау! – деп, - осы інгенге ботасын алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! – дегенде, бір домбырашы шал қолына сірі тігіп, саусақтарын сауаттап алып, домбыра тартып, күй шертіп, інгенді мас қылып, есінен жаңылтып, ботасын алғызған екен. «Боз інгеннің күйі» деп қазақ домбырашылары күй тартушы еді» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 130-131 беттер) деген аңыздың желісі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның өлімін баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызына қатты ұқсас екенін аңғарамыз.

 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дәл осыған ұқсас келесі бір аңызды келтіріп өтеді. Тек бұл аңызда домбырашы шалдың аты Кетбұға екендігі, сондай-ақ, Алаша ханның «Енді мұның өшін құланнан аламын – деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 138 б). Осы оқиғадан кейін «Құлан өтпес», «Бес құлан», «Еңкей аталған», «Қабақ», «Құланжалақ» жер атауларының қалғандығын жеткізеді.

Көпейдің құйма құлақ ұлының Алаша хан туралы келесі бір келтірген аңызында «Алаша ханның жетпіс жасқа келіп, бала сүймей, содан кіші қатынынан Жошы ханды көргенін, Жошы хан жеті жасқа келгенде Алаша ханның Домбауыл атты мергенімен құлан атуға шығып, қаза табатынын, Алаша ханға Кетбұғаның күймен ұлының қапияда мерт болғанын жеткізіп, Алаша ханның домбыраның шанағына қорғасын құйғанын баян қылады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 139-140 беттер).

Ұлытау өңірінде Алаша ханның ұлы Жошы ханның өлімі туралы мұндай аңыз-әпсананың бар екенін этнограф Ақселеу Сейдімбек ағамыз да растайды. Ол мұндай деректің 1888-1894 жылдары шыққан Дала уәлаяты газетінде» басылғанын айтып өтеді (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215 б).

Тарихшы Т. Әбенайлы «Құпия шежірерің» құпиясы» атты өзінің іргелі еңбегінде «Дала уәлаяты газетінде» басылған «Предания об Алаша хане и об его сыне Джучи хане» атты мақалада келтірілген аңызды негізге ала отырып, Алаша хан мен Шыңғысханды бір адам деп тұжырымдайды (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 154 б).

Алаша хан мен Жошыхан күмбездерінің Қаракеңгір өзенінің сағасында орналасқанын, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың келтірген аңыздарының біріндегі Алаша ханның бас мергені Домбауылдың да мазарының осы маңда екенін ескерсек, Т.Әбенайлының бұл тұжырымының қисыны бар. Дегенмен, бұл болжамды тарихи шындыққа айналдыру үшін әлі де іздене түскен абзал. Әсіресе, осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу қажет деп білеміз.

Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы турасындағы бұл деректерден өзге Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағында» да Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы айтылады. Мәтінде: «Қатаған қауымы болды, екі сан еді. Майсара – Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауымының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх – Софы бекке тиді., одан Итбаға бекке тиді, одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында да малім-мәшһүр» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағында. Алматы «Қазақстан». 1997. 126 б) деп айтылады.

Ал, «Алаш мыңы» атауының Жошы ұлысына тән (яғни, қазақ қауымына) екендігін тарихшы Ж.Мырзахан да былайша жеткізеді: «...Шыңғысхан тұсында «Алты сан Алаш» (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады» (Мырзахан Ж. Тарих қойнауынан. Тарихи очерктер. Алматы. 2004. 152 б).

«Алаш мыңының» Жошы ұлысы, яғни, Ақ орданы, сондай-ақ, Алты сан алаш - құраған қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек тайпаларының Қазақ ұлтын құрап отырғанын ескерсек, «Алаш мыңы» атты бұл деректер тарихи-методологиялық тұрғыдан кешенді талдауды қажет етеді. «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның қолы немесе оның кіндігінен тараған бір билеушінің әскері деген мағынада ма, әлде белгілі бір ұлыстан шыққан қосын мағынасында айтылып отыр ма, бұл жағы бізге беймәлім. Себебі, бұл дереккөзде «Алаш мыңымен» қатар айтылған «Қатағандар» (екі сан Қатаған) жеке бір тұлғаның жасағы емес, белгілі бір қауым ретінде көрсетілген. Осы себептен де «Алаш мыңы» атауы да әлі де ізденісті талап етеді деп ойлаймыз.

                 Үш жүздің басын құраған Алаша хан туралы аңыз

«Алаш» немесе «Алаша» атауының пайда болуы туралы ел ішінде ең көп айтылатын мәшһүр аңыздың бірі төмендегіше баяндалады:

«Бұқара хандарының бірі Қызыларыстан ханның бәйбішесі сауысқанның аласындай ала бала туады. Алапес баланың дүниеге келуін жаман ырымға балаған Қызыларыстан хан қырық жігітіне баланы өзінің үкімі жүрмейтін жерге апарып тастауды бұйырады. Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудың арасын жайлап, осындағы жұрттың ортасына келіп, баланы өсіреді. Алапес бала он екі жасқа келгенде, Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп оған кезігеді. Кешке үйіне барғанда Майқы биге даладан көрген баланы баяндайды. Ертесіне Майқы бидің өзі балаға жолығуға барғанда, алапес бала: «Ассалаумағалейеум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы!» деп сәлемдеседі. Сонда Майқы би: «Уағалейкумсалама, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел балам, қасыма мін! деп, баланы ауылына алып келіп, асықты жілік ұстатады. Майқы би балаға Үйсінді қосып, жүз жігіт ертіп, Қаратаудан әрмен асып, Шу,  Сарысу, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра өңірін жайлауды ұсынады. Майқы би соңынан тағы да Ақжол бастаған жүз жігітті  аттандырады. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшынды жібереді. Бәрі жиналып, «Кел, енді ортамыздан хан сайлайық!» деп, алашаға салып, алапес баланы хан көтеріп, «Алаша хан» деп ат қояды. Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүзді, Ақжол бастана жүз жігіт Орта жүзді, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүзді құрап, «Таңбалы Нұраға» әрбір ру өзінің таңбасын басып, бұл ел Қазақ атанады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-130 беттер).

Мәшһүр бабамыздың «Алаша ханға» қатысты келесі бір жеткізген аңызында жоғарыдағы оқиғаны айта келіп, Арқаға ауып кеткен Алаша ханды қайтаруға Қызыларыстан ханның Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге адам жіберіп, олардың Алаша ханды еліне алып келуге кезек-кезегімен үш жүз жігітті аттандырғанын айтып өтеді. Барған жүздіктердің Алаша ханның қасында қалып қойып, үлкен елге айналғанын, Алаша ханнан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс, олардан Ақсақалкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан деген ру-аталықтар тарап, Үш жүздің ортаға шыққанын баяндайды (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-131-135 беттер).

Жоғарыдағы тақылеттес «Алаша хан» туралы аңыздарды этнограф Ақселеу Сейдімбек те жазып қалдырған. «Алаша хан» туралы аңыздың бірінде Майқы бидің орнына Қотан бидің аты өтсе, бірінде Қызыларыстан хан алапес баланы жаман ырымға балап, суға ағызып жібереді. Сырдарияның суынан балық аулаған бір балықшы асырап алады (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215-216 беттер).

Тарихшы Құрбанғали Халид та дәл осы желідегі сюжетті аңызды жеткізеді. Бірақ, Алаша ханның соңынан барған жүздіктердің кері қайтпай қоюына байланысты, оларды «қашақ» деп атап, кейін «ш» дыбысының орнына «з» дыбысы қолданылып, олардың «қашақ» емес, «қазақ» аталғанын айтады (Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса. Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57   беттер). Әсілі, «қазақ» терминінің шығу тегі өз алдына бөлек әңгіме. Рас, тарихи еңбектерде «қазақ» атауы «қашақ» сөзінен шықты» дейтін болжам айтылады. Бірақ, қашып жүрген «қашақтардың» өз алдына хан сайлап, «Алаш» атты айбарлы мемлекетке айналды деу де қисынға, тарихи шындыққа келіңкіремейді. («Қазақ» атауына қатысты ойларымызды бұйыртса алдағы уақытта «Қазақ» термині хақында зерттеген жұмысмызда баяндаймыз)

«Алаша хан» туралы басқа аңыздарға қарағанда, Қызыларыстан ханның алапес баласы Алаша хан туралы осы әпсанаға қатысты тарихшылар көбірек талдау жасаған. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Алаша хан» аңызындағы кейбір атауларға қатысты былай дейді: «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді.

Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақтың бір қосылған дәуірін «Қөндігер-Құбан жұрты» дейді. Құбан – европа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты... Қазақтың шежіресі бойынша «Қөндігер – Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілетін ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана аңызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін болған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985 . 201 б).

Әлкей Марғұланның пайымдауынан аңғаратынымыз Алаша ханнан түркінің оғыз және қыпшақ бұтағы тараған. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеткізуінде «Алаша ханнан» Қазақтың үш жүзі ғана тараған болса, ал, Әлкей ағамыз мәтіндегі атауларды талдай келе, бұл аңызда тұтас түркі жұртының рухы мен тарихы қамтылғанын түйіндейді.

Әйтсе де, Қазақ тарихшыларының бір сыпырасы «Алаш» атауын қазақ ұлтына ғана телиді. Айталық, тарихшы Нығмет Мыңжан Қызыларыстан ханның ұлы Алаша ханның соңынан ерген жүздіктерден былайша Қазақтың үш жүзін тарқатады: «Жоғарыдғы тарихи аңызда Қотанбайдың балалары деп баяндалатын Үйсін – қазақтың ұлы жүзіне ұйытқы болған белді тайпа; Болат – Қарлұқтардың үш тайпасының бірі, .... Ал, Алшын -  кіші жүз одағын қалыптастырған тайпа. «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған:

«Алаш алаш болғанда,

Ала тай ат болғанда.

Таңбасыз тай,

Енсіз қой болғанда.

Алаша хан болғанда...»

- дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүліктің қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады» (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы, Жалын. 1994. 26-27 беттер).

«Алаш» атауын тек қазаққа жақын тартушылық төл тарихымыздағы дербес ел атанған кезең үшін саяси-идеологиялық тұрғыда тиімдірек болсада, тарих ғылымындағы уақыт пен кеңістік қағидасы бұлай тұжыруға мұрша бере қоймайды. Академик Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаштан түркінің қос бұтағы оғыздар мен қыпшақтар тарады» деп, «Алаш» атуын тарих қойнауына тереңдетіп, терминнің қолданылу аясын кеңейте түсуі, әсте, негізсіз емес. Енді, «Алаш» атауының прототүрік, түркі, түркеш тарихына қатыстығылына тоқталатын болсақ.

                            «Алаша хан» Оғыз қаған болуы мүмкін бе?

Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985 . 201 б) деген пікіріне дереккөз іздейтін болсақ, мұндай нақты дерек түркінің көне жыры «Оғызнамада» айтылады. Оғыз қағанның ғұмырын баяндайтын жырдың соңғы жолдарында оның бәйбішесінен туған Күн, Ай, Жұлдыз атты үлкен ұлдарын Шығыс жаққа, тоқалынан туған Көк, Тау, Теңіз атты кіші ұлдарын Батыс жаққа аң-құс аулап келуге жұмсайды. Аңнан олжалы оралған Күн, Ай, Жұлдыз әкесіне алтын жақ әкеп береді. Көк, Тау, Теңіз де қанжығылары майланып, әкесіне үш күміс оқ әкеп береді. Оғыз қаған ұлдарына разы болып, оларға: «Оқтай болыңдар» деп әкелген сыйлықтарын өздеріне береді. Ұлдары үшін ұлан-асыр той жасап, сол кезде «оң жақта бозоқтар, яғни,  Күн, Ай, Жұлдыз, сол жақта үшоқтар, яғни, Көк, Тау, Теңіз отырды» (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 46-47 беттер) деп баяндайды.

Көріп отырғанымыздай, «Оғызнама» жырын негізге алсақ, Әлкей Марғұланның айтуындағы Алаша ханымыз Оғыз қағанның нақ өзі болып шығады. Себебі, Әлкей Марғұлан Алаша ханның ұлы Сейілханнан бозоқтарды, Жайылханынан үшоқтарды таратып отыр. Ал, «Оғызнамада» бозоқтардың да, үшоқтардың да әкесі ретінде Оғыз қаған бейнеленген. ОЛай болса, Алаша хан Оғыз қаған болған болса, онда «Алты Алашымыз» кімдер болып шығады? Біздіңше Оғыз қағанның алты баласы Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңізден тараған елден «Алты Алаш» атауы шықты деп болжам айтуға толық негіз бар сияқты. Сонымен бірге, көне түркінің осы жырында Оғыз қағанның алты адамға ат қойғандығы айтылады. Оғыз қаған діни ғазауатты бастағанда оған алдымен бағынып, қол ұшын созған «Алтын» елі еді. Оғыз қаған Ұрымға шабуылдағанда өзен ортасындағы (арал) қаланы өз еркімен берген Ұрысбектің ұлына «Сақтап» деп ат қойып, Ұрым елін бағындырады. Одан ары жорықта Еділ өзенінен өтерде ағаштан сал жасап, дариядан өткізген Ұлық Ордуға «Қыпшақ» деп ат қояды. Оғыз қаған Мұзтауда сәйгілүгінен айырылып қалған кезде, атын әкеп берген ержүрек батыр жігітке «Қағарлық» (қарлық) деп ат қояды. Одан ары жорықта жүріп төбесі алтын, түндіктері күміс, есіктері темір үйді көріп, ішіне кіре алмай тұрғанда, жасағынан Темірду Қағұл деген шебер шығып, есікті ашып береді. Оғыз қаған оған «Қалаш» деп ат қояды. Жүршіт елін шауып, қолға түскен олжа-мүлікті ат-көлік аздық еткен кезде, бір шебер арба жасап, Оғыз қаған оған «Қаңға» (қаңлы) деп ат қояды (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 39-47 беттер).

Яғни, Оғыз қаған алты ұлына Алтын, Сақтап, Қыпшақ, Қаңға (қаңлы), Қағарлық (қарлық), Қалаштан тараған елді бәсіре етіп берген болса, «Алты Алаш» атауы осыдан шығуы әбден мүмкін. Біздің бұл жорамалымыз бойынша «Алаш» атауы прототүрік дәуіріне тереңдеп, «Алаш» термині Озған пайғамбар (Оғыз қаған) әкелген Хақ дінге мойынсұнған ханиф дініндегі халықтың атауы болып шықпақ

              «Алты Алаш» Түрік қағанатының кіші хандықтары ма?

Жоғарыдағы негізінен «Алаш» терминіне қатысты аңыз-әпсаналарға талдау жасадық. Әрине, Оғыз қаған (Мөде тәңірқұты), Шыңғысхан секілді тұлғалар тарихта нақты өмір сүргенімен, «Алаша хан» атауын оларға таңатын, телитін дереккөздеріміз негізінен аңыз-әңгімелер. Ал, «Алаш» атауына қатысты тарихи деректерді сөйлететін болсақ, зерттеушілер уақыт тұрғысынан алғанда, «Алаш» атауы алғаш рет Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастағанын алға тартады. Мысалы, М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esir Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасын былайша өрбітеді:

«Б.з. V-VIII ғғ. Аралығында тарихқа мәлім түрік текті тайпалық үлкен бірлестіктер: қыпшақ, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз-оғыз. Осы алтауы ғана. Осы алтауы – Түрік төрінің алтын бағанасы. Бұл алтауы бірлік-ынтымақта болса, қағанат айбарлы, қаһарлы. Алтауы араз болса, қағанаты әлсіз...

«Алты тақ иегерлері» деп Білге қаған сондықтан да ерекше атап отыр. Осы алты кіші хандықтың ордасы не деп аталған? Таңқаларлығы соншалық, кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты. ХІ ғасырға дейін халық санасында қалыптасып, ХІ ғасырдың басында жазылып хатқа түскен атау. «Alacu» - кіші орда. Бұл тарихи дерек. Алты үлкен тайпалар одағы кіші хандық құрып отырған.

Түріктер қағанат орталығын Орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. Олай болса, байырғы түріктердің осы алты тайпасы кейін «Алты Алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлуқ, басмыл, он-оқ түркештерден кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған. «Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» - деп ұран салып ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк түріктің аналогы болмақ» (Мырзатай.Жолдасбеков. Қаржаубай Сартқожаұлы. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. «Kul Tegin». Астана 2005. 264 б).

Шығыс Түрік қағанатының VIII ғасырдағы этникалық құрамын негізге алсақ, түрколог ағаларымыздың «[al]ty-esir сөзін «Алты тақ иегерлері» немесе кіші хандықтардың орталығын «алачу» деп атап, «Алты Алаш» атауымен байланыстыруы қисынсыз емес. Махмұт Қашқари «кіші ордаларды «алачу» (алаш) деп жазыпты» деген дәлел де сәтті шыққан. Рас, Қазақ халқы да кіші тұрпатты нәрсені «аласа», немесе кіші кілемнің атын «алаша» деп атайды. Бірақ, түрколог ағаларымыздың бұл жорамалдауы «Алаш» атауының ауы мен бауын нақ шешіп берді деуге де болмас. Өйткені, Білге қаған кешеніндегі «[al]ty-esir» сөзінің басқа да мағыналары бар. Мысалы, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан: «Көне моңғол тілінде «исер» сөзі аласа, арқасыз орындық деген мағына білдіреді» дей келе, бұл сөздің тува, тофа тілдерінде бүркіт мағынасында қолданылатынын айтып, «...Күлтегін бөрігінің маңдайындағы құс бейнесі, Білге қаған алтын тәжінің құс бейнесі «Esir // есір» сөзінің семантикасымен байланысты болуы да мүмкін» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ том. «Дайк-Пресс». Алматы. 110 б) деген пікір айтады. 

Сондай-ақ, М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлының «кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты», десе де, «Лұғат ат-Түрік» те «Алаш» кіші орда мағынасында емес, мәтінде «АЛАШҰ: баспана, кепе» (Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. І томы. «Хант» баспасы. Алматы. 1997 166 б) деп берілген. Ал, «кепе» мен «орда» мағыналарының айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі. Яғни, түрколог ағаларымыздың «Алашты» кіші ордаға теңеген пайымдаулары «Алаш» турасындағы зерттеуді тереңдетіп, байыта түскенімен, түптеп келгенде, бұл ой-тұжырымды тарихи гипотеза ретінде ғана бағалауға болады деп ойлаймыз.

«Алаш» атауының Шығыс Түрік қағанатына қатыстылығы дүдамалдау болғанымен, Түркеш ұлысымен байланысы бар екені анық тәрізді. Бұл туралы Шыңжандағы қазақ зерттеушілері қытайдың Кертау тұтықтығынан нақты мысалдар келтіріп өтеді. Түркештердің ішінде Алаш чор (кейде Қалаш чор деп аталады) деген әскери қолбасының ұлысы Алаш деген атпен ортаға шыққанын жеткізеді. Осыған орай Алаш чорға бағынған ел кейде Түркеш-Алаш ұлысы деп те аталғанға ұқсайды (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. (б.з. 275-840 жылдары) 2-кітап. 143, 167, 192, 330 беттер).

Осы дерекке қатысты отандық тарихшыларымыз «Алаш» атауы неге тек Батыс Түрік қағанатының бір ұлысына айтылған. Батыс Түріктің өзге ұлыстары неге «Алаш» деп аталамаған» деп мәселе көтереді де, Алаш чордың қаған емес, кейінгі қатардағы лауазым иесі екенін алға тартып: «... «алаш атауы алғаш жеке адамға қолданылып, кейініректе ұлысқа таңылуы да мүмкін. Түркеш ұлысына байланысты да, дәл осылай болып тұр. Тегінде «Алаш» («баспана») деген ұғымды қолданған түркештер оны өздерінің ұлысына қамқоршы тарихи тұлғаға есім ретінде беріп, ол бұл кейінірек ұлыс атына ұласса керек» (Қазақтан тарихы. І этникалық зерттеулер. Алаш тарихи-зерттеу орталығы. 2008. 33-54 беттер) деген пікір білдіреді.

Отандық тарихшылардың бұл көзқарасына қатысты белгілі синолог Бақыт Еженханмен ауызба-ауыз пікір алмасқанымызда, ол: «Рас, чор мансабы қағаннан төмен тұрады. Тұтас түркіні емес, Алаш чор оның ішіндегі бір тайпаны ғана билегені үшін оның ұлысы Алаш деп аталды деген пікірге келісуге әбден болады. Дегенмен, менің пайымдауымша «Алаш» деп протоқыпшақтарды айуға болады. Себебі, Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esir» сөзі негізінен қыпшақтарды меңзеп тұр. Ал, «қыпшақ» атауы ағаш арба атауына байланысты пайда болған деп ойлаймын», деп мүлде жаңаша ой айтты.

Иә, әрбір мәселеге қатысты зерттеушілердің бір-біріне ұқсамайтын дербес ой-пікірінің болуы ғылымға қайшы емес. Десе де, әрбір ғалымның көзақарасын жеке-жеке талдайтын болсақ, мәселені тым тереңдетіп алатын сияқтымыз. Сондықтан, «Алаш» атауын прототүрік, протоқыпшақ, түрік, түркештермен байланыстыруды осы жерден доғаруды жөн көріп отырмыз.

Жалғасы...


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk