wrapper

Соңғы жазбалар

«Қазақ топырағында Ханафи мәзһабының орнығуы Қарақан дәуірінен басталған» - деген көзқарасқа қалай қарайсыз? Жалпы, осы кезеңде Орталық Азия кеңістігінде Ханафи мәзһабының қандай тұлғалары өмір сүрді?

Қарақан дәуірін жан-жақты зерттеген белгілі тарихшы Зия Кабакшы Мәураннахрда Ханафи мәзһабының 300-ден астам өкілінің шыққанын айтады. Орталық Азиядан өзге мәзһаб өкілдері емес, Ханафи мәзһабынан осыншама өкілінің шығуы, сөз жоқ Қарақан дәуірінде бұл мектептің салтанат құрғанын әйгілейді. Ал, тұлғаларға келетін болсақ,  Имам Ағзам мәзһабының Орталық Азиядағы алғадай өкілі ретінде Әбу Лейс Самархандиді (983 жылы қайтыс болған) аузымызға алуға болады. Себебі, ол Мәураннахрда алғаш болып Имам Ағзам Әбу Ханифаның құқықтық үкімдеріне шарх жазды. Әбу Лейс Самархандидің осы тұрғыдағы «Шархи Фикһул Акбар», «Хизанатул фикһ», «әл-Фатауа» атты сүбелі еңбектерін атап өте аламыз. Алайда, Ханафия мәзһабының құқықтық үкімдерін кодификациялаған Бұрханаддин Маргинани еді. Ол 1123 жылы Ферғана жазығындағы Риштан қаласында дүниеге келді. Бұрханаддин Маргинани жас кезінде Орталық Азияның ірі діни орталықтары Маргинани, Самарқан, Бұқарада білім алып,  Нажм ад-дин Абу Хафса ан-Насафи, Хусам ад-дин  Омар ас-Сарахси, Абу Омар ибн Али Пайкенди, Ахмада ибн Абд ар-Рашид ал-Бухари секілді ғұламалардың еңбектерімен танысып, кейін өзі «Нашр әл-мәзһаб», «Бидоятул-Мубтадит» атты еңбектерді жазды. Бірақ, оның еңбектерінің ішінде шоқтығы биік туындысы деп Имам Мұхаммед Шайбанидің «Кіші жинағын» негізге ала отырып  жазған "Китаб ал-Хидая" атты төрт томдық еңбегін айтуымызға болады.

Осы еңбектегі фикһ үкімдерін Орталық Азия мұсылмандары қоғамдық қатынастарды реттеудегі басты құқықтық өлшем ретінде негізге алған. Бұны XVI ғасырда өмір сүрген атақты Бабырдың өзінің мемуарлық (Бабырнама) шығармасында: «Біздің заманамыздағы ең маңызды кітап «Хидая» - деп атап көрсетуінен біле аламыз. Сонымен бірге, Орталық Азиядағы Ханафи мәзһабының ірі өкілдерінің бірі  -  Әбубәкір Мұхаммед б. Әбу Сахл Ахмед ас-Сарахси (1009-1090) десек қателеспейміз. Ол жас күнінде Ханафи мәзһабының факиһі әл-Халбанидің шәкірті бола жүріп, бұл мектептің теория-методологиясын терең меңгереді. Ас-Сарахси Иранның Орталық Азиямен шектесетін тұсындағы Сарахси қаласында туылғанымен, Қарақан билеушісі Әмір Хасан қағанның халыққа шектен тыс салған алым-салығына қарсы шыққаны үшін Өзгент қаласына жер аударылып, өмірінің көп уақытын зынданда өткізеді. Қапаста жатып атақты отыз екі томдық шығармасы «Әл-Мабсудты» жазып шығады. Жалпы, Имам Ағзам мәзһабының құқықтық методологиясын танып білу үшін Сарахсидің «Әл-Мабсудын» айналып өту мүмкін емес. Сондай-ақ, ас-Сарахисдің замандасы Бәздәуи қаласында туылған Әбу Хасан Ати б. Мұхаммед  Бәздәуи (1009-1089) де Ханафи мектебінің теория-методологиясын дамытушы ғұламалардың бірі саналады. Деректерде оның жас кезінде хадис ғылымымен көп шұғылданғандығы айтылады. Кейін әл-Бәздауи «Усулу-фикһ» ілімі бойынша Самархан медреселерінде дәріс береді. Ол Кашта қайтыс болғанымен, сүйегін әкеп Самарханға жерлейді. Оның «Усули Бәздауи» және «Китабул-Мабсут» атты Ханафи мәзһабының теория-методологиясына арнап жазған трактаты Имам Ағзам мектебінде әлі маңыздылығын жоймаған сүбелі еңбек болып есептеледі.

Орталық Азиядағы Ханафи мәзһабының мықтап орын тебуіне өлшеусіз үлес қосқан тағы бір ірі тұлға - Әбу Зайд ад-Дабуси  еді. Ол Самархан мен Бұқараның ортасындағы Дабуси қаласында туылған (980-1043). Әбу Зайд ад-Дабуси көзі тірісінде-ақ Орталық Азияда ірі ғұлама ретінде мойындалған. Оның Ханафи мәзһабының «Жеті ұлы қазысының» бірі ретінде даңқы шықты. Ад-Дабуси негізінен фикһ ғылымының теориясымен шұғылданды. Ол фикһтағы 100-ге жуық шешімін тапппаған тақырыптарды таңдап алып, бүкіл ғұмырын осы мәселелердің түбегейлі шешімін табуға жұмсады. Оның бұл тақырыптарға жасаған тұжырымы «Илим усуль әл-фикһ» атты еңбекте көрсетілген. Әрине, Қарақан дәуірінде Орталық Азиядан шыққан Имам Ағзам мәзһабының өкілдерінің тізбегін одан арықарай да жалғастыра беруге болады. Бірақ, жоғарыда аты аталған бес тұлға бір Орталық Азия емес, мұқым ғаламда Ханафи мәзһабының мәртебесі биік болуына еңбек сіңірген мәшһүр факиһтар саналады. Яғни, кімде-кім осы бес тұлғаның еңбектерін оқып шықса, Имам Ағзам мәзһабының артықшылықтарын толық танып біле алады.

Мұхан Исахан


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk