wrapper

Соңғы жазбалар

Қыпшақтан шыққан мәмлүк сұлтаны аз-Заһир Бейбарыс әл-Бундуқдари үлкен жетістіктері үшін тарихта аты қалған әміршілердің бірі,  әрі бірегейі. Ол күллі Ислам дүниесінің  дамуына өзіндік үлес қосқан    Мысыр сұлтаны, барша  мұсылманға ортақ тұлғалардың бірі. Оның заманында  Мысырда үлкен құрылыстар басталып, экономикасы қарқынды дамып,  елдің  даңқы артып,  сұлтанның есімі  тарихта мәңгі қалды.

Қазірде Мысырдағы Бейбарыс сұлтан дәуірінде салынған ескерткіштер сол замандағы ел дамуының  көрсеткіші іспеттес. 

Тегі

Оның толық аты-жөні Рукнуддин Бейбарыс әл-Бундуқдари. Шамамен 1223 жылы Еділ бойындағы қыпшақ даласында туылған. Бейбарыс жастайынан моңғолдардың тұтқынына түсіп, Шамның құл базарында сатылады. Оны Дамашықтың  әл-Ғаммад ас-Саиғ деген байы сатып алады. Содан соң  одан әмір Алауддин Айдекин әл-Бундуқдари сатып алады. Бейбарыс жаңа қожайынының лақаб атымен Бейбарыс әл-Бундуқдари деп аталады. Көп ұзамай Бейбарыс  әмірдің барлық дүние-мүлкін, құлдары мен күңдерін тәркілеген патша Нәжмуддин Аййубтың қол астына өтеді. Мұнда ол әмір Ақтайдың басқаруындағы бахри мәмлүктер жауынгерлерінің қатарына енеді. Уақыт өте Бейбарыс  жауынгерлік шеберлігімен ерекше көзге түседі. Әсіресе, әл-Мансурада болған крестшілермен болған шайқаста Бейбарыс бастаған мәмлүктер жасағы дұшпан қолын тас-талқан етіп жеңіп, Франция  королі  ІХ Луисті тұтқынға алады. Сонымен бірге әмір Ақтаймен бірігіп ел ішіндегі бүліктерді басуда да  үлкен еңбек сіңірді.

Шам елінде

Нәжмуддин Аййубтан кейін билік тізгінін қолға алған Иззуддин Айбек жасақтарының қолбасшысы Сейфуддин Құттызға әмір Фарисуддин Ақтайды өлтіруге бұйрық беріп, Бейбарыстың әміршісінің көзін жояды. Осыдан кейін Бейбарыс пен оның жақтастары Шам еліне қашып кетеді. Шам шаһарларының бірінен біріне өтіп, көшіп-қонып жүреді. Мысырдағы сұлтан тағына Сейфуддин Құттыз отырған соң Бейбарысқа бас амандығын беріп, оны ел билігіне араласуға шақырады. Сөйтіп Бейбарыс Каир шаһарына қайта оралады. Сұлтан Құттыз оны қошеметпен қарсы алып, уәзірлер сарайына орналастырады.  Қалюб аймағын бөліп беріп,  қолбасшы етіп  тағайындайды. Расында да Бейбарыс соғыс өнерін өте жетік меңгерген  болатын. Ол көптеген әскери жорықтарда жеңіске жетіп, шынайы шеберлігін дәлелдеп шықты. Солардың ең үлкені 1260 жылы монғол басқыншыларымен болған Айн Жалұт шайқасы. Осы жеңістен кейін Бейбарыстың  сарбаздар   мен жалпы жұртшылық арасындағы  атақ-даңқы мен беделі арта   түсті. Батырдың қасындағы жақтастары енді оны Құттыз сұлтанды тақтан тайдырып, билікті тартып алуға үгіттейді.  Бейбарыс та    марқұм ұстазы әмір Ақтайдың кегін қайтару жолын  ойлап жүрген болатын.  Бір жағынан сұлтан Құттыз моңғолдарды жеңсең Халеб аймағына әмірші етемін деген уәдесінен тайқып кетеді.  Бұған қорланған  Бейбарыс пен оның жақтастары сұлтанды өлтіріп, билік тізгінін қолдарына алады.

Сұлтан тағында

Осылайша  Бейбарыс Құттыздан кейінгі Мысырдың сұлтаны атанады. Оған «әл-Мәлик аз-Заһир» – «Жеңімпаз Патша» деген лақаб ат  беріледі. Билік басына келген жаңа әміршінің алдында елді дамыту, өркендету  сынды  үлкен міндет тұрды. Шынында да оның тұсында Мысырда тұрақтылық орнап,  халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бейбарыс сұлтан  әмірлерді жақын тартып, оларға шен-шекпен беріп, жер телімдерін  үлестірді. Бұқара халыққа оң көзбен қарап,  алым-салықты азайтып, зынданда отырған тұтқындардың  біразын  босатты. Халқына жұмсақ болғанымен, жауларын аяған жоқ.  Ел ішіндегі  бүліктер  мен көтерілістерді  аяусыз басып отырды.  Бүліктің ішіндегі  ең үлкені Дамашықтағы  Аламуддин Санжар әл-Халаби бастаған көтеріліс болатын. Ол өзін сұлтан деп жариялады. Бейбарыс оған қарсы жазалаушы әскер жіберіп,  көтерілісшілерді   талқандап, өзін тұтқынға алды. Ал екінші  бүлік Каирде  орын алды. Онда шииттердің көсемі өз жақтастарының   басын қосып, билікті  қолдарына алуды көздейді.  Ол үшін аттар мен қару-жарақ жинап, әр жерде бүлік ұйымдастырады. Алайда бұл көтеріліс те  ұзаққа созылмайды. Бейбарыс көтерілісшілерді  тез арада басып, оны ұйымдастырушы көсемдерін ел алдында   жазалайды.

Жетістіктері мен жеңістері

Бейбарыс сұлтанның дәуірі жетістіктерге толы.  Ол мәмлүк мемлекетінің негізін қалап,  моңғолдар қиратқан Бағдадтағы аббасидтер халифатын қайта қалпына келтіруге тырысты. Аббасидтер  әулетінің соңғы  тұяғы Әбу Аббас Ахметті алып келіп, мұсылмандардың халифасы етіп жариялады. Оған Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с.)  сүннетіне сай  амал ететіндігі туралы ант берді.  Осылайша   құрдымға кеткен  мұсылман халифатын қайта жаңғыртты. Алайда халифатты жариялағанмен бар  билік халифаның емес, сұлтан Бейбарыстың қолында  болды.  Сондай-ақ сұлтан Бейбарыс біраз аймақтарды бағындырып, Хижаз аймағына дейін жетті. Өзімен билікке таласпақшы болған Кирк қаласының әкімі Омар ибн Әділ әл-Аййубиді жеңіп, орнына басқа әкім тағайындады.

Бейбарыс жетістіктерінің ең маңыздысы ислам мемлекетін жоюға  тырысқан  крестшілер мен моңғолдарға қарсы жасаған іс-шаралары.  Осы мақсатқа жету үшін   көптеген келісім-шарттарға қол қойды. Елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп,   крестшілерге қарсы соғыс жариялайды.    Ал моңғол шапқыншыларына қарсы Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтас болды. Нәтижесінде Берке хан Ислам дінін қабылдап, Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыс күшейді. Ирак пен Иран жерін жаулап алған Хулагу мен оның ұрпақтарына қарсы одақтасты.

Бейбарыс сұлтан ислам жауларына қарсы қуатты  әскер мен  теңіз флотын жасақтап,  соңғы үлгідегі  қару-жарақпен жабдықтады. Соның арқасында крест жорықшылары мен моңғол шапқыншыларына қарсы шайқастарда  жеңістерге  жетіп отырды. Крестшілермен болған  қиын-кескі соғыстарда Қайсария, Арсуф, Сафад, Яфа сияқты  қамал-қалаларын бірінен соң бірін  алып, соңында  ірі шаһар Антакияны мұсылмандарға қайтарды.

Ал моңғолдарға қарсы жорықтарында әл-Бира, Херран шайқастарында дұшпан әскерін  ойсырата жеңді. Мұсылмандарға тиісті  аймақтарды  бірте-бірте моңғол басқыншыларынан азат ете бастады. Ақыры һижра жыл санауы бойынша 675 жылы Абластин елдімекенінің жанында моңғол әскеріне күйрете  соққы беріп, шешуші жеңіске қол жеткізді. Осы жеңісі арқылы сұлтан Бейбарыс мұсылман мемлекетінің сыртқы қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етті деуге болады.

Елдің ішкі тұрақтылығын қалыптастыру үшін  Бейбарыс сұлтан аса көрегенділік   танытты.  Оның  дәуірінде Мысыр  гүлденген елге айналды.  Заң саласына  да  бұрын-соңды  болмаған өзгеріс енгізді. Сүннит жолын ұстанатын төрт мәзһабтан  төрт қазы тағайындады. Әл-Азһар мешітін қалпына келтіріп,  іргелі оқу ордасына айналдырды. Мысыр мен  Шам елінде  көптеген медреселер салды. Соның  бірі  «Заһири медресесі» атты  оқу орны  Каирде әлі күнге дейін бар. Медреселердің ішінде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді.

Каирде  Заһир Бейбарыс Жами деп аталатын үлкен  мешіт салдырды. Осы  құлшылық үйі  орналасқан аумақ әлі күнге дейін аз-Заһирия деп аталады. Бейбарыс  заманында салынған ғимараттар  әлі күнге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр.  Сондай-ақ,  каналдар мен арықтар  қазылып,    көпірлер  халықтың   пайдалануына берілді.   Ніл өзенінің суын есептейтін үлкен құрылғы салынды.

 Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)   мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим (ғ.с.)  пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделіп, жаңартылды. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйі салынды.

Сұлтанның қайтыс болуы

Сұлтан Бейбарыс һижри 676 жылы мұхаррам айының 28-күні, миләди 1277 жылдың 2-мамыры күні қайтыс болды. Ол  Мысырды  17 жылдай  биледі.  Ол қайтыс болған соң орнына ұлы Насируддин  сұлтан болды.  Алайда Бейбарыстың  ұлдары   билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады. Билікке ұмтылған  мәмлүк әміршілері оның ұлдарын өлтіріп,  қыпшақтан шыққан  әмірші Сейфуддин Қалауын билікке келді.

Сұлтан Бейбарыс туралы естеліктер

«Жеңімпаз патша (Бейбарыс), Аллаһ оған рақым етсін, ержүрек, айбынды, аса күрескер әмірші деген атқа  лайық патша еді. Өте сергек, шалт қимылдайтын, соғыстарды өзі басқарып, жүргізетін». (тарихшы Ибн Туғрибердінің «Ан-Нуджум аз-Заһира» кітабынан).

«Ол билікке лайықты жан еді.. Аллаһ  оны рақым етіп, жарылқасын. Оның Ислам дініне сіңірген еңбегі ерекше. Талай жерде дінімізге қалқан болып, көптеген жеңістерге жетті..» (тарихшы әз-Зәһәбидің «Ислам тарихы» кітабынан).

«Ол соғыс жүргізу ісінде, қамал-бекіністерді алуда өз мықтылығын талай рет дәлелдеді.  Сондықтан   моңғол   мен   Еуропа елінің королдері  одан өлердей қорқатын. Өйткені ол үздіксіз шабуылдарымен, құрсауларымен олардың зәресін алумен болды. Бірде ол әскерін артында қалдырып, Ефрат дариясын жалғыз өзі жүзіп  өтіп, моңғол  әскеріне қырғидай тиіп, талайын жер жастандырды...» (тарихшы Ибн Шакир әл-Кутубидің «Фауат әл-Уафайат» атты кітабынан).

Атақты тарихшы ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уан-Ниһая» атты еңбегінде Сұлтан Бейбарысты «жаужүрек жолбарыс» деп сипаттап, былай деп  жазған: «Аллаһ рақым етсін, өте сергек, айбынды, жауларына күні-түні тыныштық  бермейтін ержүрек болатын. Ислам дұшпандарымен  жан аямай  күресті. Олардың араларына именбей кіріп, тоз-тозын шығарды. Жалпы айтқанда Аллаһ тағала оны сын сағатта Ислам дініне, жұртына қорғаушы әрі көмекші ретінде, крест жорықшылары мен моңғол-татарлардан құралған мүшіріктерге  тойтарыс беруге  жіберді».

Сәбит Ибадуллаев

Иман журналы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk