wrapper

Соңғы жазбалар

Біздің баяндағалы тұрған қисса ақиқатты аңсап, Алла тағаланы іздеген абзал жан, саңлақ сахаба Салман әл-Фариси жайлы болмақ. Олай болса, бұл әңгімені ұлық сахабаның өз аузынан естіп көрелік. Ол кісінің өз оқиғасын ынты-шынтысымен, анық әрі дәлірек жеткізетіні шүбәсіз.

Сахаба Салман әл-Фариси (р.а.) басынан кешкен оқиғасын былай деп әңгімелейді.

Мен Асбаһан елінің парсы перзенті едім. Туған жерім «Жаияан» атты ауыл. Әкем ауыл ақсақалы. Ол бай-дәулетті және ата-тегі де ең мәртебелі кісі болды.

Дүние есігін ашқан күнімнен бастап әкем үшін менен сүйікті жан болмапты. Әкемнің маған деген сүйіспеншілігі күн санап арта түсті. Тіпті, бойжеткен қыз секілді мені үйден шығармайтын халге жетті.

Мен мажусилік (от пен күнге табыну) жолына берілдім. Тіпті, өзіміз құлшылық ететін отқа қараушы кісілердің бірі болып, күннің немесе түннің бір уағында от сөніп қалмау үшін оның жауапты қызметін атқардым. Әкемнің үлкен шаруа қожалығы бар еді. Одан мол табыс түсетін. Қожалығын әкем өзі қадағалап, басқаратын.

Бір күні әкемнің аса маңызды ісі шығып, қожалыққа бара алмайтын болды. Сонда әкем: «Балам, көріп тұрсың, мына шаруа менің қолымды байлап тұр. Бүгінше, қожалыққа сен барып, бас-көз бола тұр»,  - деп мені жіберді. Жол үстінде насаралардың шіркеуі жанынан өттім. Шіркеуден бір ғажап дауыс естілді. Мені сол дауыс өзіне баурай түсті.

Әкем мені үнемі үйден шығармағандықтан насаралар жайлы да, басқа діндер жайлы да ешнәрсе білмейтінмін. Шіркеуден шыққан дауысты естіген бойда не болып жатқандығын көрмек болып ішіне кірдім.

Олардың құлшылықтарын көргеннен кейін олардың діні мені қатты қызықтыра бастады. Шіркеу өкілдерімен біраз сөйлескен соң мен өзіме: «Құдай! Бұл біздің діннен әлдеқайда жақсы ғой», - дедім. Күн ұясына батқанша шіркеуден шықпадым. Қожалыққа да барғаным жоқ.

Мен шіркеудегілерден: «Бұл діннің негізі қайда?» - деп сұрадым. Олар Шам жақта екендігін айтты.

Түн болғанда мен үйге қайттым. Әкем алдымнан шығып күні бойы не істегенімді сұрады. «Әке! Шіркеуде ғибадат етіп жатқан адамдарды көрдім. Олардың діні мен құлшылықтары мені қатты таң қалдырды. Күн батқанша сол жерде болдым», - дедім. Әкем менің бұл қылығымды айыптап: «Балам, ол діндің мүлде қайыры жоқ... Одан сенің және ата-бабаңның діні жақсы», - деді. Мен де: «Жоқ олай емес, олардың діні жақсы», - дедім.

Сөзімнен секем алған әкем қауіптенді  ме, мені ата дінінен шығып кетеді-ау деп үйге қамап тастады. Тіпті, аяғыма тұсау да салды. Бір сәті келгенде шіркеуге адам жіберіп: «Егер Шамға шығатын керуен болса, маған да хабар беріңіздер», - деп сәлемдеме айтып жібердім. Көп уақыт өтпей, Шамға бет алған керуен шықты. Маған хабар жетісімен-ақ, тұсауды шешіп, ешкімге білдірмей керуенмен Шамға жол тартып кеттім. Шамға келген соң адамдардан бұл діннің ең абзал ғұламасын іздестірдім. Осылайша, шіркеу күтуші эпископпен кездестім. Мен ол кісіге келіп: «Насара дініне ден қойдым, сізге қызметші болып, өзіңізден тәлім алып, сізбен бірге ғибадат етсем», - деген ниетімнің барын айттым. Ол кісі: «Кел, кір!», - деп мені қабылдады. Мен оның қолында қызмет ете бастадым. Көп уақыт өтпей, бұл кісінің жаман адам екеніне көзім жетті. Ол шіркеуге келушілерге садақа беруді насихаттап, сауабы мол деп үгіттейтін. Ал, өзі Алла жолында берілген садақаны кедей-кепшікке бермей, өзіне жинайтын. Осылайша жеті қап алтын жинап алыпты.

Көргенім мені қатты ашуландырды. Бұл монах көп өтпей бақилық болды. Оны жерлеуге пірәдарлар жиналды. Мен жиналған діндарларға: «Бұл бауырларыңыз жаман кісі еді. Елді садақа беруге уағыздайтын, ал өзі садақаны таратудың орнына өзіне жинайтын», - дедім. Пірәдарлар: «Оны қайдан білесің?» - деді. «Мен жинаған алтынын көрсетейін», - дедім. Олар: «Көрсет!» - деді. Мен нұсқаған жерден алтын мен күміс толтырылған жеті қап шықты. Мұны көрген олар: «Бұл кісіні жерге көмбейміз», - деп шармыққа керіп, мәйітті тас боран етті. Шіркеуге жаңа қызметкер тағайындалды.

Мен онын жанында болып, оның дүниеге қызықпайтындығын, ақырет үшін аянбайтындығын, күндіз-түні құлшылықты әдет етіп алғандығын көрдім. Бұл кісіні жан-тәніммен жақсы көріп, көп уақыт жанында болдым. Күн келіп, бұл кісі де дүниемен қош айтысатын сәт жетті. Сонда мен одан: «Сізден кейін кімге барып, дін үйретуімді өсиет етесіз?» - деп сұрадым. Ол кісі: «Балам! Мен ұстанған жолмен жүретін тек бір ғана жанды білемін ол «Маусыл» атты елде. Ол дінді бұрмаламайды да, еш нәрсесін өзгерпейді де, - деді.

Ұстазым қайтыс болған соң Маусылға қарай бет алдым. Ол жерге келіп өз жағдайымды баяндап: «Ұстазым дүниеден өтер кезінде сізге баруымды өсиет етті. Сізді өзі жүрген ақиқат жолдан танбайтын жан деп айтып кетті», -дедім. Ол кісі маған: «Жанымда бол», - деді. Мен ол кісінің жақсы екендігін көрдім. Көп ұзамай, ол кісінің де уақыт сәті жетті. Мен: «Ұстаз! Алладан өзіңізге келіп тұрған хабарды (ажалды) білесіз. Өзіңізден кейін кімге барайын, өсиет етіңіз», - дедім. Ол: «Нусайбин жерінде біздің жолды берік ұстанушы кісі бар. Сен соған бар», - деп өсиет етті. Ұстазымды жер қойнауына тапсырған соң жолға шықтым. Нусайбинге келіп өз жағдайымды айттым. Ол өзімен бірге қалуыма рұқсат берді. Бұл ұстазым да алғашқы екі досы секілді адал да жақсы діндар екен. Бірақ, ол да қартайып бақилыққа дайындалып жатты. Мен ол кісіге: «Ұстаз! Маған өсиет айтыңыз, сізден кейін кімге барайын», - дедім. Ол Амурияда біздің жолды ұстанушы діндар бар. Мен ол кісіні тауып өз жағдайымды айтып жанында қалдым. Ол да өте жақсы діндар болды. Осы кісінің қызметінде жүріп көп сиыр және қой жинадым. Бірақ, ұстазым қарт болған соң, көп өтпей қайтыс болар мезгілі жетті. Мен оған: «Өсиет айтыңыз, кімге барайын», - деп сұрадым. Ол кісі: «Бүгінде жер бетінде біз ұстанған жолдан таймаған жан қалмады. Бірақ, араб жерінен Ибраһим дінімен келетін пайғамбар шығатын күні таяп қалды. Ол күндердің күні тастақты және құрма өскен жерге қоныс аударады. Оның бойында пайғамбарлығын білдіретін айқын белгілері бар. Ол сыйлықтан дәм татып, бірақ садақа етіп берілген нәрсені жемейді. Екі иығының ортасында пайғамбарлық мөрі бар. Егер сол өлкеге баруға шамаң жетсе бар», - деді.

Ұстазым қайтыс болған кейін біраз уақыт Амурияда болдым. Бір күні қалаға арабтың Килаб руының бір топ адамдары келді. Мен оларға: «Егер өздеріңмен алып кетсеңдер, қолымдағы сиыр мен қойларымды беремін», - дедім. Олар келісіп мені бірге ала кетті. Бірақ Шам мен Мәдина арасындағы Уадил-Қуроға деген жерге жеткенде сатқындық жасап, мені құл ретінде бір яһудиге сатып жіберді. Ал, яһудиден оның Бану Қурайда руынан немере ағасы мені сатып алып, өзімен бірге Ясрибке алып кетті. Бұл маған ұстазым суреттеген тастақты да құрмалы ел еді. Мен осында қалдым.

Осы кезде пайғамбар Меккеде адамдарды дінге үндеп жүрген еді. Ал, мен құл болғандықтан одан бейхабар едім. Сосын Алла елшісі Ясрибке қоныс аударды. Сол күні мен құрма ағашының үстінде өз шаруаммен айналысып отырғанмын. Қожайыным ағаш саясында отырған. Кенет оған бір туысы келіп: «Алла Қайла руының жазасын берсін! Олар Буқада бас қосып, бүгін Меккеден келе жатқан  «өзін пайғамбар» атаған кісіні қарсы алуда,-деді. Осы сөзді естігенде денем дірілдеп, тіпті қожайынның үстіне құлай жаздадым. Мен лезде жерге түсіп, әлгі кісіге: «Жаңа не айттың, қайталашы?» - дедім. Бұл әрекетімнен кейін қожайыным ашумен маған  қатты соққы беріп: «Сенің шаруаң қанша? Бар өз ісіңмен айналыс», - деді.

Кеш болған сәтте өзім жинап қойған құрманы алып, пайғамбар тоқтады деген үйге бет алдым. Ол кісінің құзырына кіріп: «Сізді ізгі адам деп естідім, жаныңызда мұқтаж ғаріп кісілер бар екен. Менің садақа етем деген құрмам бар еді. Соны сіздерге алып келдім», - деп дастарханға қойдым. Ол өз жолдастарына: «Жеңдер!» - деді де өзі қол созбады. Мен: «Бұл бірінші белгісі», - дедім ішімнен.

Үйге келген соң тағы біраз құрма жинап қойдым. Пайғамбар Қуба елді-мекенінен Мәдинаға келгенде мен қайта келдім де: «Сіздің садақа жемейтіндігіңізді байқадым. Сондықтан мына құрмаларды сыйлық деген ниетпен әкеліп тұрмын деп алдына қойдым. Ол өзі де құрмадан дәм татып, жолдастарына да ұсынды. Ал, мен болсам ішімнен: «Бұл екінші белгісі», - деп қойдым.

Және бір рет келгенімде пайғамбар жолдастарымен бірге Бақиъ зиратында бір кісіні жерлеу үстінде еді. Ол кісі шекпен киіп отырған екен. Мен келіп сәлем бердім де, Амуриядағы ұстазым айтқан мөрін көріп қалармын деген оймен ол кісінің арқа тұсына барып тұрдым. Менің арқасына қарап тұрғанымды байқаған пайғамбар шекпенін төменірек түсірді. Сонда мөрді көрдім. Пайғамбардың иығын құшақтап сүйіп, жылай бердім.

Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Өзің жайлы айтып бер, не болды?» - деп сұрады. Мен өз оқиғамды басынан аяғына дейін баяндап бердім. Пайғамбар менің жағдайыма қатты таң қалып, сахабалардың да өз аузымнан естігенін қалады.

Мен сахабаларға болған оқиғаны бастан-аяқ айтып бердім, олар одан да қатты таңырқап қуанды.

Руслан Қамбаров


More in this category: СҰЛТАН БЕЙБАРЫС »

Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk