wrapper

Соңғы жазбалар

Еңбек етудің маңызы мен адал кәсіп туралы بسم الله الرحمن الرحيم  Рақымды, Мейірімді Алла Тағаланың атымен! الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمد وعلى آله وأصحابه و من اتبعهم إلى يوم الدين ” أما بعد“ Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла тағаланың сәлемі мен салауаты жаусын! Ислам – дүние мен ақиреттің қос шылбырын тең ұстаған дін. «Жүніс» сүресінің 14-аятында Алла Тағала жаратылғандардың бәрін адамның әміріне бергендігін баяндап,  Жаратушы Иеміздің халифа ретінде жер бетіне жіберілген қызметімізді лайық түрде орындай білуіміз үшін дүние тіршілігін де жасау мұсылман баласының міндеті. Бұл өз кезегінде қажырлы еңбекті қажет етеді. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда еңбек, ізгі іс әрдайым иманмен бірге қосарланып, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігі баса айтылған. Ол іс-әрекеттерге құлшылық, ғибадат істермен бірге адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты дүниелік тіршілік істері де жатады. Сонымен қатар жұма намазын оқып болғаннан кейін де жер бетіне таралып, Алланың жіберген ризығын теріп жеуге шақырған («Жұма» сүресі 9-10-аяттар). «Тәубе» сүресінде де Алла Тағала былай дейді: «وَقُلِ اعْمَلُواْ فَسَيَرَى اللّهُ عَمَلَكُمْ وَرَسُولُهُ وَالْمُؤْمِنُونَ وَسَتُرَدُّونَ إِلَى عَالِمِ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ فَيُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ  »  «(Уа, Пайғамбар) Еңбектеніңдер, істеген істеріңді Алла мен Елшісі және мүміндер көретін болады. Содан соң көмескі мен әшкерені де Білуші Аллаға қайтасыңдар да, Ол сендерге не істегендерің жайлы мәлімдейді деп айт»[1] Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иманның аясында игілікті амал істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін айыру - пайғамбарлардың жолы. Еңбек етудің артықшылығын Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) да көптеген хадистерінде айрықша атап өткен. Тіпті, табан ақы, маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған. مَرَّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ، فَرَأَى أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ جَلَدِهِ وَنَشَاطِهِ، فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَوْ كَانَ هَذَا فِي سَبِيلِ اللَّهِ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنْ كَانَ خَرَجَ يَسْعَى عَلَى وَلَدِهِ صِغَارًا فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ خَرَجَ يَسْعَى عَلَى أَبَوَيْنِ شَيْخَيْنِ كَبِيرَيْنِ فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ يَسْعَى عَلَى نَفْسِهِ يُعِفُّهَا فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَإِنْ كَانَ خَرَجَ رِيَاءً وَمُفَاخَرَةً فَهُوَ فِي سَبِيلِ الشَّيْطَانِ». رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ. Бірде Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол - Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, рияшылдықпен, мақтану мақсатында шықса, ол -  шайтанның жолында», − деп жауап береді[2]. عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ ثَوْبانَ بْن بُجْدُدَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَفْضَلُ دِينَارٍ يُنْفِقُهُ الرَّجُلُ دِينَارٌ يُنْفِقُهُ عَلَى عِيالِهِ، وَدِينَارٌ يُنْفِقُهُ عَلَى دابَّتِهِ فِي سَبِيلِ اللَّه، ودِينَارٌ يُنْفِقُهُ عَلَى أَصْحَابِهِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ. Әбдірахман Сәубан ибн Буждудтен (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Адамның жұмсаған ақшасының ең қайырлысы - өзінің отбасы үшін жұмсаған динары және Алла жолында мінетін көлігіне жұмсаған динары мен Алла жолындағы жолдастары үшін жұмсаған динары», – деген[3]. Негізінде, адал еңбекпен нәпақа табу - әрбір мұсылман үшін міндетті іс. عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ». رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ. Абдулла ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Адал пайда табуға талпыну - парыздан кейінгі парыз», – деген[4]. Асыл дініміз иманды жанды адал еңбек етуге үндейді. Оған төмендегі хадистер дәлел. عَنِ الْمِقْدَادِ بْنِ مَعْدِ يَكْرَبَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:«مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدَيْهِ وَإِنَّ نَبِيَّ اللهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلاَمُ كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدَيْهِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ. Миқдад ибн Мағды Якрабтан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (Алланың оған сәлемі болсын) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген», – дейді[5]. عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «خَيْرُ الْكَسْبِ كَسْبُ يَدِ الْعَامِلِ إِذَا نَصَحَ». رَوَاهُ أَحْمَدُ. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Кәсіптің ең қайырлысы - ықыласпен еңбек еткен жұмысшының қол еңбегі», – деген[6]. عَنْ رَافِعِ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قِيلَ: يَا رَسُولَ اللهِ أَيُّ الْكَسْبِ أَطْيَبُ؟ قَالَ: «عَمَلُ الرَّجُلِ بِيَدِهِ وَكُلُّ بَيْعٍ مَبْرُورٌ». رَوَاهُ أَحْمَدُ. Рафи ибн Хадижден (Алла оған разы болсын) жеткен хабарда бірде адамдар Алланың Елшісінен (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) кәсіптің ең жақсысы туралы сұрайды. Сонда ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ол – кісінің өз қолымен еңбек етуі және барлық ізгі сауда», – деп жауап береді[7]. Дүниелік һәм ақиреттік мақсаттарға да жетудің бірден бір жолы –  адал еңбек ету. Еңбек етпей, маңдайдан терді төкпей екі дүниенің оң нәтижесіне жету мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болмасын, өзінің ісін, тапсырылған міндетін абыроймен орындап жүрген жан Жаратушының алдында да абыройлы. Өйткені жан-жағындағы адамдарға, қоғамға пайдасы көбірек тиген жан адамдардың ең қайырлысы болып саналады. قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ». Хадис шәріпте Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді:  «Адамдардың ең қайырлылары – басқа адамдарға көбірек пайда тигізгендері»[8]. Сондай-ақ, ақ-адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру, біреуден бірдеңе сұрап, кіріптар болғаннан, ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. عَنْ الزُّبَيْرِ بْنِ الْعَوَّامِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ حَبْلَهُ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةِ الْحَطَبِ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ أَعْطَوْهُ أَوْ مَنَعُوهُ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ. Зубәйр ибн Аууамнан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Сендердің біреулерің қолына бір жіп алып, даладан бір құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күнелткені адамдардан қайыр сұрағанынан қайырлы», – деген[9]. Мұсылман адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын, бала-шағасын басқалардан кем етпеуге тырысады. Өйткені өзінен кейінгі ұрпағын жеткілікті нәпақамен қамтамасыз ету - оның міндеті. عَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إنَّك أَنْ تَذَرَ وَرَثَتَك أَغْنِيَاءَ خَيْرٌ مِنْ أَنْ تَدَعَهُمْ عَالَةً يَتَكَفَّفُونَ النَّاسَ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ. Сағыд ибн Әбу Уаққастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Артыңдағы мұрагерлеріңді (балаларыңды) бай етіп қалдыруың оларды адамдарға алақандарын жайып жүретін қайыршы етіп қалдырғаныңнан әлдеқайда қайырлы», – деген[10]. Адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген ислам дінінде харам жолмен дүние жинау үлкен күнә. Оның қатарына ұрлық-қарлықпен, қиянат-зорлықпен, адамдарды алдап-арбаумен, алаяқтықпен, өсімқорлық, жемқорлық, пара беру жолдарымен пайда табу жатады. Мұндай жолдармен мал тапқан адам қашан тәубе етіп, кісі ақысын өтемейінше, Жаратқанның рақымынан құр қалмақ. Өйткені, Алла Тағала адамдардың ақысын жеуге қатаң тыйым салған. قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُوا بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُوا فَرِيقًا مِنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإثْمِ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ Алла Тағала былай дейді: «Және өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалған жолмен жемеңдер әрі адамдардың мал-мүліктерінің бір бөлігін күнәлі жолмен жеу үшін біле тұра қазыларға (пара) бермеңдер»[11]. Арам жолмен тапқан пайдамен күнелтіп, хараммен тамақтанған жан жұмаққа кірмейді. عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، أي : من حرام». رَوَاهُ الترمذي. Жәбір ибн Абдулладан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», – деп ескерткен[12]. عَنْ خَوْلَةَ الْأَنْصَارِيَّةِ رَضِي اللَّه عَنْهَا قَالَتْ : سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ رِجَالًا يَتَخَوَّضُونَ ـ يتصرفون ـ فِي مَالِ اللَّهِ بِغَيْرِ حَقٍّ ، فَلَهُمُ النَّارُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وأحمد. Хаула әл-Ансариядан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Алланың мал-мүлкін әділетсіз жұмсайтын адамдар бар. Қиямет күні оларға тозақ болады», – деп ескерткен[13]. Қорытындылай келе, әһлі сунна әл-жамағат ғалымдарының көпшілігінің көзқарасы бойынша адамның өзі мен отбасының қажеттіліктерін өтеп, қарыздарын қайтару және мұқтаждарға көмек қолын соза білу үшін еңбек етуі парыз. Жаратқан Ие баршамызды ісі де, сөзі де, тапқан пайдасы да адал, шынайы мұсылмандар қатарында кіршіксіз өмір сүруді жазсын! والله اعلم بالصدق و الصواب   ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі   [1]Тәубе сүресі, 105-аят.   [2] Табарани риуаят еткен. [3] Мүслім риуаят еткен. [4] Бәйһақи риуаят еткен. [5] Бұхари риуаят еткен. [6] Ахмет риуаят еткен. [7] Ахмет риуаят еткен. [8] Бәйһақи, Табарани риуаят еткен. [9] Бұхари риуаят еткен. [10] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен. [11] Бақара сүресі, 188-аят. [12] Термези риуаят еткен. [13] Бұхари, Ахмет риуаят еткен. Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=787


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk