wrapper

Соңғы жазбалар

  بسم  الله الرحمن الرحيم

  الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين  

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.  

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!  

Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) пікірі[1] бойынша түйе, сиыр, қой, ешкі секілді жылқы малынан да зекет беріледі. Бірақ шариғатта жылқының нисабы[2] нақты белгіленбеген. Кейбір ғалымдар бес жылқыда зекет берілуі тиіс, беске жетпесе, зекет беру міндет емес, дейді. Жылқының нисабы – үшеу, екеу немесе біреу дегендер де бар.  

Әбу Юсуф пен Мұхаммед (Алла екеуін рақым етсін) жылқыдан зекет берілмейді деген көзқарасты ұстанған.  

Жылқы малынан зекет берілу үшін бірыңғай ұрғашы немесе еркек-ұрғашы аралас болуы шарт. Тек еркек жылқыдан зекет берілмейді.  

Ханафи мәзһабының фиқһ кітаптарында араб жылқыларынан зекетке бір динар (4,25 грамм алтын), ал басқа жылқылардан оның жалпы құны есептеліп, 2,5%-ы зекетке беріледі делінген[3].  

Зекет берілетін жылқы көбейетін, жарты жылдан көп уақыт жайылымда жүрген, жұмысқа пайдаланылмаған[4] және бір жыл бойы меншігінде болуы тиіс[5].  

Алла Тағала Құран Кәрімде: 

وَيَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلِ الْعَفْوَ ۗ

«Әрі олар сенен (ізгілікке) не жұмсауға болатынын сұрайды. Артылғанын (өз қажеттеріңнен артығын жұмсаңдар), деп айт»,[6] – деген.  

إنـما الصدقة ما كان عن ظهر غنى

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа (зекет) қажетінен тыс мал-дүниеден беріледі»[7], – деген.  

Басқа бір хадисте:

من استفاد مالاً فَلا زكاة عليه حتى يحول عليه الحول عند ربّه

«Иелігіндегі бір жыл толмаған мүліктен зекет берілмейді»[8], – деген.  

Өз қажетіне міну, жүк тасу, жер жырту үшін арналған жылқылардан зекет беру міндет емес.  

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ليس في الـمُثيرة صدقةٌ

«Жер жыртуға пайдаланатын малдан садақа алынбайды» және  

ليس في الـعوامل صدفةٌ

«Жұмысқа жегілетін малдан садақа алынбайды», – деген[9].  

Үйде немесе жайылымда сату мақсатында бағылатын жылқы сауда мүлкі болып саналады. Зекет беретін кезде оны басқа сауда заттары секілді есептейді.        

ҮКІМ:

1. Жарты жылдан көп уақыт жайылымда жүретін жылқы құнының 2,5%-ы зекетке беріледі. Жылқының нисабы – екі бас[10], яғни екі ұрғашы немесе бір еркек, бір ұрғашы жылқы[11].  

2. Жылқы бірыңғай еркек болса, сондай-ақ мініске, жұмысқа және күн көріске пайдаланылса, одан зекет берілмейді.  

3. Сату мақсатында бағылатын жылқының зекеті сауда заттары ретінде есептеледі.              

 

[1] Имам Зуфар да осы пікірді ұстанады.

[2] Нисап – ол зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.

[3] «Әл-фәтауа ат-татархания фи әл-фиқһ әл-ханафи», 2/8.

[4] «Фатху баб әл-ғиная би шархи китаб ан-нуқая», 2/26.

[5] «Әл-һидая шарху бидая әл-мүбтади», 1/441.

[6] «Бақара» сүресі, 219-аят.

[7] Ахмад ибн Ханбал риуаят еткен.

[8] Тирмизи, Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[9] Дарақұтни риуаят еткен.

[10] Орта Азия және Ресей ғұламалары осыған пәтуа берген. «Ислам ғибадаттары жинағы» кітабы, 7-басылым, 5-бөлім, 10-бет, Қазан қаласы, 1915 жыл.

[11] «Әл-жәуһара ан-нәйира шархун ли мұхтасар әл-имам әл-құдури», 2/179. 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk