wrapper

Соңғы жазбалар

Шығыстың  тағы  бір қуанышы

Мешіт – Алланы танудың, ізгілік пен мейрімділіктің және құлшылық қылудың мекені. Еліміздің әр жерінде халықты имандылыққа ұйытып, бірлік пен ынтымаққа шақырып Жаратушы алдында бас иіп, мінәжат ететін құлшылық орындары ашылып келеді. Соның бірі Шұрайлы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында  күмбезі күн нұрымен шағылысқан мешіт салтанатты түрде ашылды.  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер, «Күршім ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, меценат, «ПСК Өскемен құрылыс» ЖШС-нің директоры  Е.Сқақов қолға алған болатын.  Аудан жұртшылығының ортақ қуанышын бөлісуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Шығыс Қазақстан облысы дін істері департаментінің басшысы Бейбіт Әшімов арнайы келіп, құттықтауын білдірді. Имандылық үйінің ашылуын Ермек қажы Мұқатай құран оқып бастады.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет құттықтау сөз сөйлеп, мешіт салудың сауаптары туралы: «Мешіт салудан асқан бақыт бар ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Үйде оқыған намаздан қарағанда, мешітте өтелген ғибадаттың сауабы мол. Мешітке асығайық. Құдайдың үйінде құлшылығымызды жасайық. Құрметті бауырлар, біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Бабаларымыз жасырын түрде Жаратушыға жалбарынған кешегі атеистік дәуірді артқа тастап, имандылық жолын ұстануға толық мүмкіндік туған тәуелсіз елде күн кешудеміз. Біз бодандықтың қасіретін көрген елміз. Ал қазір, Құдайға шүкір, ешкім бізге неге намаз оқыдың, неге мешітке барып жүрсің демейді. Біз осындай бостандық заманның қадірін сезініп, Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», – деді. Сонымен қатар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы кәсіпкер Ержан Оқаұлына ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хат табыс етті.

Жаңа мешіттің ашылуында аудан әкімі С.Чукаев, көршілес Катонқарағай ауданының азаматтары, белгілі кәсіпкерлер мен ақсақалдар сөз сөйледі. Салтанатты лента қию рәсімінен кейін 500 орынды қатымханада құран оқылып, ас берілді. Алла үйін салған адамдарға Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Мешіттеріміз  жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттыратын амал екенін ескеріп,  ауылдағы Алла үйі имандылық пен бейбітшілік ордасына айналып, дәстүрлі дінімізді дәріптеуші жамағатқа толсын демекпіз.

 Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk