wrapper

Соңғы жазбалар

     Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығымен алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орайластырып, Шығыс Қазақстан облысы «Көкпекті аудандық мешіті» «Бата-сөздің берекесі» атты бата сайысын өткізді.

        Ізгі сөздің бәсекесіне Көкпекті, Самар өңіріне белгілі аузы дуалы батагөйлер қатысты. Оларға батаның түрлері арнайы тапсырма ретінде беріліп, көрермендер алдында жеребе арқылы көрсетілді. Тақырыптарға сүндет той батасы, тұсаукесер батасы, шілдехана батасы, отан қорғауға шығарып салу батасы, жас жұбайлар батасы, хатым батасы, неке батасы қатарлы ақ тілектердің тізбектері арнайы таңдалды.

Сайысқа ауданға белгілі ақындармен журналистер танымал батагөй қариялар қазылық жасады. Ақ тілектер сайысы барысында қариялар көрермендер алдына шығып, ақ тілектердің тиегін ағытты.

Бата сайысы туралы Көкпекті ауданының бас имамы Нұрнәсір Дүйсенұлы: «Халқымызда «Батамен ел көгереді» деген қасиетті сөз бар. Қазақ халқы батаға айрықша мән берген. Рухани жаңғыру аясында ұлтымыздың баба беру дәстүрін жаңғыртудамыз. Бүгінгі шара да соның бір айғағы» деп атап өтті. Аудан имамы сонымен қатар сайысқа қатысушылармен тамашалауға келген қаумыға алғыс білдірді.

Ұтқыр сөз, ізгі тілекті арқау етуіп, төкпелете бата берген жеңімпаз батагөйлерге аудандық мешіт атынан шапан жабылып, сыйлық тапсырылды.

Сайыс барысында көрермендерге Көкпекті ауданы мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән-күймен шашу шашты.

Сайыс соңынан бата жарысының жеңімпазы көрермендерге бата беріп, елімізге тыныштық, халқымызға жақсылық тіледі.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk