wrapper

Соңғы жазбалар

Ұлық мереке Құрбан айт қарсаңында ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлының бастамасымен және Шығыс Қазақстан облыстық әкімінің қолдауымен «Халифа Алтай» мешітінде «Ислам мәдениеті ұлттық дәстүр» атты мұражай ашылды.

Мұражайдың ашылуында осы идеяның авторы, ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы жиналған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап: «Биыл құрбан айт мейрамы облыстық «Халифа Алтай» мешітінде «Ислам мәдениеті ұлттық дәстүр» мұражайы ашылуымен ерекше болып отыр. Бұл игі іс рухани жаңғыру бастамасының аясында облыстық әкімдіктің қолдауымен жүзеге асты. Мешіт тек діни құлшылық орны ғана емес салт-дәстүрді, тарихымызды насихаттайтын ірі рухани орталық болуы тиіс. Бүгінгі заман талабы да осыған саяды» деп атап өтті.

Мұражайдың лентасын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев қиды. Облыс басшысы Д.Ахметов рухани жаңғыру аясында ұлтымыздың тарихын түгендеп, оны ұрпаққа аманат етудің маңызды іс екендігіне тоқтала келе, «Біз тарихы бай, келешегі кемел ұлтпыз. Бұл жерден Ислам тарихымен ұлттық дәстүрден де мол мағлұмат алуға болады» деп түйіндеп, мұражайдың ел игілігіне қызмет ететіндігін жеткізді.

«Ислам мәдениеті және ұлттық дәстүр» мұражайы сақ, ғұн, түркі дәуірі және ислам тарихы, қазақ халқының мәдениеті деген негізгі бөлімдерден тұрады. Мұражай төріне Күлтегін ескерткішінің көшірмесі, Тайқазан, қазақтың алты қанат киіз үйі қойылып, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иассауи кесенесің бейнесі бедерленген. Қасиетті Құран кітабының электронды замануи көшірмесі, тарихи құнды еңбектердің электронды нұсқаларын да бұл жерден көруге болады. Қазақтың ұлттық көне жәдігерлерімен ежелгі діни бұйымдарына да мұражайдан орын берілген. Бұл мұражайға «Оғызнама» секілді кейбір сирек кітаптардың түпнұсқалық көшірмесін

Ұлыбританияның Кембридж университетінен және Түркияның әйгілі кітапханаларынан алынып қойылды.

Мұражайды ашып, танысқан облыс басшысы бұл істің асқан қажырлы еіңбекпен жасалғандығын білдіріп, мұражайдың заману және көне жәдігерлерің үйлесімділігімен елімізде Ислами мәдениеті тақырыбында ашылған бірегей руханият қазынасы деп бағалады.

Ұлық мейрам Құрбан айт қарсаңында бұл діни руханиятқа жасалған үлкен сый болды. Іс-шараға жиналған халық жәдігерлерді тамашалап, бастама иелеріне шынайы қуаныш, тілектерін білдірді.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk