wrapper

Соңғы жазбалар

Тамылжыған тамыздың таңымен Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешіті жамағатқа лық толды. Жиналған жамағаттың жүзінен осынау ардақты мерекеге деген ықылас пен ынта, сағыныш лебі есіп тұрды.

ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев айт намазына жиналған жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, ислам құндылықтарынан тұщымды насихат айтты.

Бұдан соң ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы халықты ұлық мерекемен құттықтап, «Ислам-бейбітшілік пен берекенің діні. Халқымыздың ынтымағы бұзылмай, елімізде баянды бейбітшілік жалғаса берсін» деп ізгі тілегін жолдап, құрбан айттың маңызына тоқталды.

Жұртшылықты Құрбан айтпен құттықтаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов: «Құрбан айт жаңа сатыға көтерілген мейрам ретінде белгіленіп келеді. Құрбан айт татулық пен бірліктің және қайырымдылық жасау мейрамы. Көнеден жалғасқан бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын табуда» деп атап өтіп, елімізге амандық пен бейбітшілік, халқымызға береке, ынтымақ тіледі.

Бұдан соң жамағат сапын бұзбай иық тіресе Айт намазын өтеді. Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің алдына және құрбан шалатын орынға Өскемен қаласындағы барлық мешіттер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, жамағатқа бауырсақ үлестірілді. Ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды. Домбырамен әсем қалықтап, күмбірлі күй шалқыды.

Жамағат бір-бірін айтпен құттықтап, мәре-сәре болып, ақсақалдар келесі құрбан айтқа аман-есен жетуді тілеп, дұға жасады.

Өскемен қалалық әкімдігі биыл Құрбан шалу орнын қоршап, барынша ретті ұйымдастырылуына аса назар аударды. Ондағы тәртіп пен реттілікке, мал бағасының қолжетімді болуын мешіт имамдары қадағалауда.

Осылайша Өскемен өңірінде Құрбан айт мерекесі қайырымдылық пен ынтымақ мерекесі ретінде халықтық сипатта белгіленіп өтуде.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk