wrapper

Соңғы жазбалар

ҚМДБ-ның Өскемен аймағының қала, аудан имамдарының жиналысы Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің мәжіліс залында болды. Басқосуға өкілдікке қарасты қала, аудан имамдары қатысты.

Алқалы жиында алда келе жатқан Құрбан айтқа әзірлік мәселесі қаралып, өткен айда атқарылған шаралар қорытындыланды.

ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы өз сөзінде: «Келе жатқан Құрбан айт мейрамын жоғарғы деңгейде өткізу мәселесі тұр. Құрбан айт жалпы халықтық мейрамға айналды. Құрбан айттың қайырымдылық, мейірімділік мерекесі екендігін көрсетіп, мұқтаждарға, көпбалалы отбасыларға жан-жақты қайырымдылық көмегін көрсетуіміз керек. Құрбан айттың маңыздылығы кең көлемде насихаттау қажет» деп атап өтті.

Жиында сонымен бірге «Халифа Алтай» мешітінде ашылып жатқан «Ислам мәдениеті және ұлттық дәстүр» мұражайына жәдігерлер жинау барысы, «Қазақ даласындағы Ислам айшығы» атты оқушылардың арасында жарияланған көркемсурет байқауы қатарлы мәселелер бойынша атқарылған істер сараланды.

Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын кең ауқымды өрістетіп, тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға барынша басымдық беруді имамдарға міндет етті.

Қала, аудан имамдары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, пікір алмасты. Мешіт жанынан шауаршылық жұмысын дамыту туралы ұсыныстар айтылды. Жиында имамдарға «Иман» журналына жазылу, ЖАНТ кездесулерін ұйымдастыру қатарлы нақты тапсырмалар беріліп, жаңа міндеттер жүктелді.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk