wrapper

Соңғы жазбалар

      Таңмен таласа «Халифа Алтай» мешітіне ағылған халықта есеп болмады. Мешіт ішінде халықтың көптігінен ине шаншар орын болған жоқ. ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек Қасболатұлы жиналған қауымды Ораза айтпен құттықтап: «Міне, қасиетті Рамазан айы да өтіп, Ораза айт мейрамы келіп жетті. Айт мейрамында мұсылман қауымы бір-бірін құттықтап, ізгі тілек жолдап, Алла Тағалаға сансыз шүкірлік айтады. Айт мейрамының сипаты-ізгілік» дей келе, айт мерекесінің тағылымдық маңызы жайлы танымдық насихат айтты.

      Бұдан соң жамағатпен айт намазы оқылды. Бабалар рухына Құран бағышталып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасалды. Мешіт ауласына алты қанат ақбоз үй тігіліп, «Зекет» қорының атынан жамағатқа бауырсақ, шай таратылды. Сонымен қатар мешіт жанында жамағатты қамтыған спорттық шаралар да өтіп жатты. Арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат қатарлы сайыстарға жастар белсенді қатысып, тапқырлығымен және білек күшімен бәсекелестерінен озған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді. Мешіт ауласына дәстүрлі ән қалықтап, айттың ажарын асыра түсті.

  Жамағаттар қасиетті Рамазанмен қоштасып, бір-бірін айтпен құттықтап, мәре-сәре болды. Мешітте айт дастарханы жайылып, абзал ақсақалдар ел-жұртымызға ақ батасын берді.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk