wrapper

Соңғы жазбалар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен аймағының

өкіл имамы Ермек Мухатайдың

 

ОРАЗА АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті ағайындар!

       Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша шығысқазақстандықтарды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.        

30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына «Алла разы болсын» айтамын.

Айт күнінде жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалы болып саналады.

Ораза айтта өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат.

Алла тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин!


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk