wrapper

Соңғы жазбалар

Қасиетті Рамазанның ораза айт мерекесі Асқар Алтай бауырайындағы Өскемен қаласында салтанатты аталып өтті. Таң қылаң бере қала тұрғындары облыстық «Халифа Алтай» мешітіне ағылды.

ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Қасболатұлы Құран оқып, жұртшылықты Ораза айтпен құттықтап, елімізге амандық тілеп, келесі Рамазанға аман-есен жетуге дұға жасады. Соңынан асыл діннен ғибратты уағыз айтты.

Айт намазы оқылған соң қала тұрғындары бір-бірін құттықтап, «Халифа Алтай» мешітінің алдында айт мейрамы басталып кетті.

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінен «Ораза айтта-10 шара» жобасы бойынша кезек-кезегімен спортық жарыстар жүрілді.

Жамағат арасында қой көтеру сайысына қатысушылар аса көп болғанымен 400  мәрте көтеріп, күшін көрсеткен қатысушыға қой бұйырды.

«Қымызды кім көп іше алады» жарысына қатысушылар арасынан қала тұрғыны 2 л қымызды басқалардан бұрын тауысып, сыйлыққа ие болды.

Сайысты тамашалаған халықтың қарасы да аса мол болып, бұл сайыстар тартысты, қызықты өтті.

Сонымен қатар арқан тарту, гир көтеру, қол күрес, тымақ ұру қатарлы бәсекелер жүріліп, жеңімпаздар марапатталды.

Алғаш рет шалма лақтыру атты ұлттық сайыс өтіп, оған қатысушылар қарасы көп болды. Ептілік пен жылдамдықты қажет ететін бұл жарыс мереке көрігін қыздырды. Сайыстарға қатысып, жеңімпаз болғандарға бағалы сыйлықтармен қатар «ЭКСПО 2017» көрмесінің  билеттері үлестірілді.

Қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жамағат белсенді қатысты. Мерекеге жиналған халыққа киіз үйде айт дастарханы жайылып, бауырсақ таратылды.

Осылайша ораза айт мерекесі Өскеменде жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, халықтық мереке ретінде тойланды.

ҚМДБ Өскемен аймағы бойынша

баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk