wrapper

Соңғы жазбалар

Бүгін Алматыда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарма бөлім басшылары мен дін қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өткізді.

Бөлім басшыларымен болған жиында «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов, Ғаламтор насихаты бөлімінің басшысы Мұрат Әбдіхалықов, Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Бауыржан Әбдуәлі мен Медет Құрмашұлы, «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбек Бас мүфтиге діни бағытта ақтарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бөлім басшыларының сөзінен кейін жиналғандардың назарын діннің әр саласындағы мәселелерді жіті қадағалап, дамыту туралы нақты міндеттемелер жүктеді.

Ғаламтор насихаты бөліміне GPS арқылы Қазақстанның кез келген өңірінің, тіпті шалғай ауылдардың да намаз уақыттарын көрсететін мобильді қосымша әзірлеп шығаруды тапсырды.

«Діни басқарма қоғамның діни тұрғыдан бір тұтас дамуына, бір ыңғай өркен жаюына, әр сағат, әр күн сайын гүлденуіне мүдделі және осы бағытта талмай жұмыс жасап келе жатыр. Сондықтан, жұмысымызды күн сайын жетілдіріп отыру – баршамызға ортақ мәселе. Ақпараттық технология күн сайын дамып жатқан заманда діни мәліметтерді жылдам алуға мүмкіндік беретін құралдарды да тиімді пайдалануымыз қажет. Былтыр ғана іске қосқан намаз үйренушілерге арналған "Намаз – діннің тірегі" қосымшамыз 500 мыңға жуық жүктеліп, қолданушылардың ықыласына ие болды. Мұсылмандар үшін намазбен қатар намаз уақыты да маңызды. Сол себепті, Ғаламтор насихаты бөліміне GPS арқылы Қазақстанның кез келген өңірінің, шалғай ауылдардың намаз уақыттарын көрсететін мобильді қосымша әзірлеп шығаруды тапсырамын», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Діни басқарманың бөлімдері діннің әр саласы бойынша бұл күнде жемісті еңбек етіп, егеменді еліміздің ертеңі үшін айтарлықтай оң ықпалын тигізіп келеді. Қоғамда игі іс шаралар ұйымдастырып, имандылықты насихаттап келеді. Имамдардың білімі мен біліктілігі де артты. Діни дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарының саны мен сапасының көтерілуі – осының айқын дәлелі.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы аталмыш жиынды қорытындылай келе барлық дін қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

ҚМДБ баспасөз қызметі


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk