wrapper

Соңғы жазбалар

KAZISLAM – Жаһанданумен қатар жанданған әлемдегі рухани серпіліс пен ізденіс ислам дініне қатысты сан түрлі сауалдарға себеп болып отыр. Осы орайда еліміздегі біргей ислами жоғары білім ордасы – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов пен Египет Араб Республикасы Уақыптар вице-министрі Ас-Сеид Хусеин Абдулбари, сондай-ақ Мысыр, Түркия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларының білікті ғалымдары қатысты.

Халықаралық конференцияның мақсаты – өзгерістерге толы кезеңде жастар бойында патриотизм сезімін күшейту, ел дамуына қосар үлесін арттырып, жақсылыққа жұмылдыратын жігерлі күш әрі ұлттар ынтымақтастығында ұйытқы, мемлекет тұтастығына кепіл болатын жасампаздығын қалыптастыру.

Жастардың қоғамның қозғаушы күші екенін көрегендікпен ескеріп, олардың интеллектуалдық қуаты мен қайрат-жігері ел дамуына маңызды серпін беретінін биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған кезде Елбасы Н.Назарбаев бағыт-бағдарын да айқындап, құтты жылдың қақпасын айқара ашып берген болатын. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов:

«Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті» – жас университет және жастардың сүйікті оқу ордасы. Біз Елбасының бастамасын қолдай отырып, жастарға сенім артпақ ниетпен «Жастардың қоғам дамуындағы рөлі» атты халықаралық конференцияны өткізіп отырмыз.  Жоғары білімді кәсіби мамандар даярлап отырған оқу орнына алдағы уақытта да мемлекет тарапынан көмек көрсете береміз. Қоғамдағы бүгінгі көп сұрақтар білімсіздіктен туындап отыр. Қазірдің өзінде теріс үгіт-насихаттың құрбанына айналып, Сириядан бір-ақ шыққан 300-ден астам отандасымыз өз еліне қайтуға ниет етіп отыр. Қайтып келгеннен кейін де олардың ой-санасын қалыпқа келтіру, қоғамға қайта бейімдеу қажырлы еңбекті талап етеді. Осы орайда біз Нұр-Мүбарак университетінің ұстаздары мен студенттеріне, теолог мамандарға, исламтану білгірлерінің көмегіне арқа сүйеп, иек артамыз», деді.

Жастардың дінге бет бұруының маңызы зор. Білімді, иманды, көзі ашық мамандар басы ашылмаған күрделі сауалдардың ортасында қалып отырған бүгінгі қоғам үшін аса қажет. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың баяндамасы әсіресе жастар үшін өте әсерлі қабылданды.

«Жастық шақтың әр сәті алтынға да, жауһарға да, кез келген асылға да айырбастауға келмейтін қайталанбайтын өте құнды уақыт. Мүмкіндікке бай маңызды кезеңді қалай пайдаланасыңдар, сол көзқарас, сол ұстаным мемлекеттің, елдің болашағына  сөзсіз әсер ететін болады. Жастық шақ – аспанда бір жарқ етіп жоқ болатын жұлдыз секілді кезең, осыны дұрыс пайдаланыңдар. Бұл шақ туралы дінімізде де жан-жақты, керемет айтылған ойлар бар. Ол білімге ұмтылу, оқу, іздену, көкірекке түю секілді өзі үшін де, өмір сүрген ортасы үшін де пайдалы мақсаттарға жұмсалуы тиіс» — деді Бас мүфти.

Отанды қорғау дінді қорғаудан да жоғары тұратынын Египеттен келген вице-министр Ас-Сеид Хусеин Абдулбари ерекше атап өтті. Жастардың бойында, әсіресе, отансүйгіштік қасиет басым болуы керек. Мемлекет мықты болса, діннің де ары қарай өркен жаюына мүмкіндік тумақ. Елі бар, жері бар, туы бар адамға алдымен Отанын сүю маңызды. Сондықтан да мемлекет тұрғындары ең алдыңғы кезекте Отанын қорғауға күш салуы керек. Ал Отаныңды тастап немесе сатып, басқа елге кет деп дін ешқашан үйретпейді. Отанды құрметтеу, қорғау, Отанда өсіп-өну – дүниеге келіп, мән-мағына іздеген, бақыт аңсаған адам үшін қасиетті парыз екенін арабтың теолог маманы жан-жақты ілім-білім мысалымен жақсы түсіндірді.

 «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты халықаралық конференцияға қатысқан Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммад Аш-Шаххат ал-Жинди, Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық ақпарат бюро жетекшісі Абдурахим Мухидов, Өзбекстан Халықаралық ислам академиясының ректоры, профессор Шухрат Евкошев, Халықаралық Кувейт университетінің ректоры Асан Ормушев, ERCIYES университеті, PһD докторы Юнус Апайдын, Қ.А.Ясауи атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Досай Кенжетай сияқты білікті дін мамандары баяндама жасап, қоғам мен жастар мәселесіне байланысты өрбитін келелі әңгімені конференцияның екінші бөліміндегі пленарлық мәжілісте жалғастырды.

Ал түскі үзілісте конференция қонақтары университетте өткен Наурыз мерекесіне қатысып, ұлттық спорт ойындары мен өнерлі студенттердің және Қазақстан өнер жұлдыздарының концертін тамашалады.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk