wrapper

Соңғы жазбалар

Шыншыл болу аса тамаша қасиет. Барлық іс шынға тіреледі.

Ұлы Абай атамыз: Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ- деп,

өтірік пен өсекті 5 дұшпанның біріне жатқызғаны тегін емес.

Қазақта «Сөз шынға тоқтайды, пышақ қынға тоқтайды» деген аталы сөз бар. Ата-бабаларымыз қашанда шындық жағында болып келген. «Аққа құдай жақ» деп шындық туын биік қойған.

Ислам дінінде де шындыққа аса маңыз беріледі. Ұлы Жаратушы Алла Тағала қасиетті Құранның Ахзаб сүресінің 24-аятында: «Алла  шыншылдарды  шынайылықтары  үшін  сый-сияпатқа бөлейді» деп  шыншылдыққа Хақтың берер сыйын айтады. Ұлы Жаратушы Алла Тағала шындық жолын тура жол деп нұсқаған.

 Бұл туралы тағы да «Ей,  иман  келтіргендер!  Алладан  қорқыңдар  және  шыншылдармен бірге болыңдар!» (Тәубе сүресі, 119-аят) деп әмір етеді. Яғни шыншыл адамдармен бірге болу арқылы өмірі сәулелі болады деп үндейді. Жалған айтудан қорқыңдар деп ескертеді.

Ахзаб сүресі, 35-аятында «Алла  Тағала  шыншыл  ерлер  мен  шыншыл  әйелдерге  жарылқау  мен үлкен сый дайындап қойған» деп, Алланың шыншылдарды өзінің рахымына бөлейтіндігіне шүбәсіз сенуге шақырады.

 Екі дүние сардары Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралық пен шыншылдықтың  маңызы туралы: «Туралық  адамды  жақсылыққа,  жақсылық  та  жәннатқа  жетелейді. Адам  баласы  тура  сөйлей-сөйлей  шыншылдардан  болады.  Жалғандық кісіні арсыздыққа, арсыздық та тозаққа жетелейді. Адам баласы жалған айта-айта  соңында  Алланың  құзырында  өтірікшілердің  қатарына  жазылады» (Бұхари, Әдеп 69; Мүслим, Бирр 103-105) деп, жалған сөйлеудің соңы неге апарып тірейтіндігін айтады.

 Алла Елшісі: «Маған  мына  алты  нәрсе  жайында  сөз  берсеңдер,  мен  де  сендердің жәннатқа кірулеріңе кепіл боламын: Мұнда:

Сөйлегенде тура сөйлеңдер!

Уәде бергенде уәделеріңде тұрыңдар!

Аманатқа қиянат етпеңдер!

Ар-намыстарыңды қорғаңдар!

Көздеріңді харамнан сақтаңдар!

Қолдарыңды харамнан ұзақ ұстаңдар!»   (Ахмед V, 323) деп , осы 6 қасиет бойыңда болса жәннатқа кіруге кепіл боламын дейді. Шыншылдық адамгершілктің, иманның биік өлшемі ретінде айтылады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шыншыл қасиетіне тіпті дұшпандары да тәнті болған. Алла Елшісіне дұшпан саналатын  Әбу  Жәһіл, Ахнәс  бин  Шәрик,  Надр  бин Харис,  кейінірек  мұсылман  болған  Әбу Суфиян  секілді  ең бір ерекше дұшпандарының өзі Алла Елшісінің шыншылдығын мойындаған екен.

Міне, шыншылдық адамға аса қажет қасиет екендігі осыдан аян.

Айдын Жортымов

Шығыс Қазақстан облысы

Тарбағатай ауданы

«Ұранхай қажы» мешітінің бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk