wrapper

Соңғы жазбалар

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

 Қазақстан мұсылмандары діни  

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Ақиқатында Алла Тағала адам баласы өзін бойұсынғаннан кейін, біреуге қайғы жіберіп, ал біреуге мол нығмет беру арқылы имандарының қаншалықты шынайы екенін сынайды. Ал, кім осы сынаққа сабырлық танытқан болса, бұл оның иманының шынайы екеніне дәлел. Керісінше, кімде-кім сабырлық таныта алмай, күпірлікке бой алдырса, иманының кемшін екендігін білдіреді. Тіпті кейбір адамдар барлық ойы жүзеге асып, мақсаттары орындалып жатса ғана Алланың құдіретіне, дінге сенімі артып, ал керісінше жағдай туып, қиыншылыққа ұшыраса, дереу сеніміне селкеу түсіп, көңілінде күдік пайда болады. Қасиетті Құранның «Хаж» сүресіндегі 11-аятта: «Адамдардан Аллаға немқұрайлы құлшылық қылатындар бар. Егер оған бір жақсылық келсе, сол себепті көңілдері орнығады да, егер оған бір кесір тисе, жалтарып, дүние, ақыретте зиян тартады. Міне, бұл ашық зиян», – деп бұл мәселе ашық баяндалған.

Құдси хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір адамның баласы немесе жақыны өмірден өтсе, Алла Тағала періштелеріне: «Менің пендемнің баласының жанын алдыңдар ма?» – дейді. Періштелер: «Иә», – деп жауап береді. Сондай-ақ, Алла Тағала: «Сол кезде менің пендем не айтты?» – деп сұрайды. Періштелер: «Өзіңе мақтау айтып, барлық нәрсе Алланың мүлкі және оған қайта қайтушы», – дейді. Сол кезде Алла Тағала періштелерге: «Ондай пендеме жәннаттан үй салыңдар да, оны «Бәйтул-хамди» («Алла Тағалаға мақтау айтқандардың үйі» дегенді білдіреді) деп атаңдар», – дейді», – деген екен.

Иә, расымен Жаратушы Иемізге мақтау айтудың сауабы мол екені белгілі. Алайда барлық нәрсе тек мақтау айтумен бітпейді. Бұл жөнінде Қиямет күнінің Иесі «Анкабут» сүресінің 2-3-аяттарында: «Адамдар «сендік» (иман келтірдік) деумен сыналмай қойып қойылатындықтарын ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ, Алла Тағала әлбетте шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі», – дейді.

Қандай да бір сынақ Алла тарапынан келеді. Оны адам баласы ысырып немесе кейінге қалдырып қоя алмайды. Сондықтан, Жалғыз Жаратушыға ғибадатты шын ықыласпен, өзіндік қалаумен жасағанымыз абзал. Ол үшін Раббымыз өз пендесін жақсылықпен де, жамандықпен де сынай алады деген сенімді санамыз бен жүрегімізден бір сәтке де шығармауымыз қажет. Сонда ғана иманымыз бекіп, құлшылығымыздың мәні артпақ.

Жалпы Құран Кәрімде «харф» деген сөз кездеседі. Ол «бір нәрсенің шеті», яғни тұрақсыз дегенді білдіреді. Демек, иманы тұрақсыз болған адам бір жақсылық келсе, қуанып: «Иманды болғанға не жетсін. Онда Алланың берекесі бар», – дейді. Ал егер бір қиындыққа тап болса, күпірлік танытып, тұрақсыздыққа бой алдырады. Оның сабырсыз болуының себебі, Құран Кәрімде келгендей, құлшылыққа немқұрайлы қарауынан. Міне, жоғарыдағы аят осындай адамдар жайында баяндалған.

Егер осы өмірде тартқан азабыңызға сабыр қылып, Аллаға ризашылық танытсаңыз, ақыретте үлкен олжаға кенелеріңіз сөзсіз. Керісінше жағдайда, қайғы-қасіретке тап болып, мәңгі азап шегеріңіз және хақ. Оған да жоғарыдағы аят дәлел.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады», – дейді (Имам Мүслім 2999 (б)). Демек, адам баласы әрбір ісі үшін Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен.

Жалпы мұсылманның тұрақтылығының белгісі қиындыққа сабыр ету және жақсылыққа шүкірлік таныту. Осы екі сипат иманның толықтығына негіз бола алады. Ендеше Жаббар Иеміз әрқайсымызға иманымыздың толық, құлшылығымыздың бүтін болуын нәсіп етсін! Әмин!


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk