wrapper

Соңғы жазбалар

Бастапқыда, көне көшпенділік ке­зінде қалыптасқан, бастапқы «жеті ата» жүйесі не ұйғарды, қан­дай әлеуметтік-экономикалық құн­дылықтарды, басымдықтарды ұстауды дұрыс деп санады? Әзірге көп­шілікке белгілісі – жеті атасын білген текті, жеті атасын білмеген жетесіз… Шын­дығында, Тек атаны білу дегеніміз – Жеті ата жүйесі қа­лыптастырған әлеуметтік-эко­номикалық құндылық­тар мен та­лаптарды басшылық­қа алып, мүлтіксіз орындау. Жеті ата жү­йесі өз кезегінде көне көш­пен­­ді дәуірінде белгілі түрде қалыптасқан, даму үстіндегі әлеу­меттік-экономикалық өмірді қамтамасыз етуге бағытталған қоғам тұтастығы, оны қамтып түсіну үшін: біріншіден, оның (ары қарай, қазіргі тілмен айт­қанда) еңбек ресурсын қалып­тас­тыруда қыз алысып, қыз бе­ріс­пейтін, екі ұлдан кем емес, әр­қайсысының есептелу реті өзіңнен басталатын, жеті ата буыны мен жеті ұр­пақ буыны екенін, олардың арасындағы туысқандық үш жұртты (қыз жағынан болатын жиен жұртты қоспағанда) қам­титынын; капитал ресурсын қалыптастыруда, төрт түлік малды шөп дайындамай, қора салмай те­бінділік қалпында (жылдың төрт мезгілінде) ұлғаймалы ұдайы өндіре алатынын;
 

екіншіден, оның әлеуметтік қа­тынасы, ұлдың жеті ата туыс­қан­дығының сегізінші буынынан бастап жекжатқа, жүрежатқа, жұ­р­ағатқа (елде туысқандықтың бас­қаша атаулары болуын, олар­дың мәндерінің біркелкілігі­не бай­ла­нысты ескермесек), одан соң ру, тай­па, жүз, халыққа ауыса­тынын;

үшіншіден, жеті ата жүйесінің эко­номикалық қатынаста, «төрт тү­лігі сай болуының»; ұр­пақ­та­рының бөлінетін, бөлінбейтін ен­ші институты биiгін төмен­дет­пей, «сегіз қырлы, бір сыр­лы», «жүз­­­­ден жүйрік, мыңнан тұл­­пар», «тура биде туған жоқ», т.б. қа­ғи­да­­лармен өмір сүретінін ақылға қон­дырып ұғыну абзал.

Қыз алысып, қыз беріспеу жү­йесі өзіңнен басталатын жеті ата, жеті ұрпақ тізбесін қамтиды. Жеті ата тізбесінің бір нұсқасы: Өзің – бі­рінші ата, әкең – екінші ата, әкең­­нің әкесі – үшінші ата, төр­тін­ші ата – арғы ата, бесінші ата – ба­ба ата, алтыншы ата түп ата, же­тінші ата – тек ата.

Жеті ұрпақ тізбесі: бірінші ұр­пақ – өзің; екінші ұрпақ сенің балаң – бала; үшінші ұрпақ – не­мере; төртінші ұрпақ – шөбере; бесінші ұрпақ – шөпшек; алтын­шы ұрпақ – немене; жетінші ұрпақ – туажат. Бастапқы жеті ата, жеті ұрпақ қалыптасу (өмір сүру) мер­зімі, орта есеппен әр буынның алмасуы, Адам Смит заманы­нан қа­лыптасқан буын алмасу туралы, 25 жылдың орнына шамамен 20 жыл десек, жеті ата, өзіңді қос­­қанда, айналсоқпасы (циклы) – 140 жылды, өзіңді қоспағанда (бір адамды екі рет есепке алмау үшін) туажат ұрпағыңа дейін 120 жылды қамтиды. Жеті ата жү­­йесінің жалпы айналсоқпасы – жеті ата (140 жыл) және жеті ұр­пақ (120 жыл) қосындысы 260 жылды қамтиды. Бастапқы же­ті ата жүйесі қалыптасқан­нан ке­йін, әрбір өмірге келген нәресте жа­ңа жеті ата жүйесін бастау­шы, қалыптастырушы екенін білген, сол үшін кем дегенде екі ұлды өмір­­­ге келтіру жауапкершілігін ана­сының ақ сүтімен жады­на сі­ңірген, орындаған, со­ның ар­қа­сында қазақ халқы қалып­тасқан.

Туысқандықтың үш жұрты өзің­нен басталады: өз жұртың (қыз алысып-беріспейтін); қыз алы­сып-берісетін нағашы жұртың мен қайын жұртың (олардың оты­рықшы болуының мүмкіндігі зор), олардың әрқайсының бірге туған ба­уырлары және олардың жеті ұрпағы.

Әлеуметтік сыйластық қаты­настың маңыздылары мыналар: өз жұртындағы туысқандар атауы­ның бір нұсқасы (ескерту: әр жер­­де әртүрлі аталуы мүмкін, жет­­кізетін мәндері бірдей): бірге туғандар – емшектес туысың, әкең­­­­мен бірге туғандар – өз туы­сың, атаңмен бірге туғандар – немере туысың, арғы атаңмен бір­ге туғандар – шөбере туысың, баба атаңмен бірге туғандар – шөп­шек туысың, түп атаңмен бірге ту­ғандар – немене туысың, тек атаң­мен бірге туғандар туажат туысқандарың болып келеді.

Нағашы жұртың да, қайын жұртың да (әр жерде әртүрлі ата­л­уы мүмкін), дәл өз жұртыңдағы­дай өз­ара сыйластық, туыстық қа­рым-қатынаста болуы табиғи жай.

Үш жұртыңның туысқандық атау тізбегі қыз алысып-беріс­пей­тін туажаттан кейін қыз алы­сып-берісетін сегізінші буындағы – жекжат, тоғызыншы буындағы – жүре­жат, оныншы буындағы – жұ­­­­рағат туыс­тармен жалғасады. Осы­­лардың бірлестігі «рулық» туыс­қандыққа әкеледі. Одан ке­йінгі туысқандық бірлестіктің аты «тайпа», «жүз», «халық». Осы­­­­лар­дың арасындағы қарым-қаты­­настың да негізгі қағидасы – сыйластық.

Қыз алыспайтын дәстүр құн­ды­лығы қазақ халқы қалып­тас­қанға дейін де болған. Ол туралы 1015-1070 жылдары өмір сүрген ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Әйел алсаң – төрт рудан алысты ал, Ол болмаса – ей, азамат, қалыс қал», – дегені белгілі.

Осы «туыстық арада жеті ата толғанша жастарға бір-бі­рі­­­мен некелесуге болмайты­нын», тіпті, «бұл дәстүрді бұзған адам ұлт­тық қорғаныс тетігіне нұқсан келтіруші» екенін; оны бұз­ғандарға, тұңғыш Қазақ мем­лекеті қалыптаса бастағандағы Жеті жарғыда, өлім жазасын бұ­­йыр­ғанын; ел қамын, ұрпақ бо­ла­шағын ойлаған даналар қыз алыспау заңдылығының қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалағанын бағамдаймыз.

Қыз алысып, қыз беріспеу құн­ды­лығымыздың мүлтіксіз сақ­талуы ұрпақты аздырмауға қол жеткізуіміздің ең тиімді жо­лы екендігі туралы халық да­на­лығын, бүгінгі «генетика», «ұрпақты жақсарту», «евгеника» ғылымдары растай түседі. Қан араласуын бұзуға байланысты белгілі бір үрім-бұтақты қуа­лап, ауысып отыратын 1000-нан аса ауру түрлері бар екендігі де осыған айғақ.

Сегізінші буыннан кейін бас­қадан қыз алып, қыз берісуге рұқсат етілген. Нағашы, қайын, жиен жұрттары «…руаралық қа­­ты­насқа жол ашып, өзінен-өзі жалпақ қазақтың этностық тұтастығына ұласады. …Қазақ арасында әрбір адамның өзін жалғыз сезінбеуі – исі қазақ арасы­нан туыс табатынына сенімді бо­луын», олардан сыйластық қарым-қатынас табатынын меңзейді.

Қазақта: «Елу жылда ел жа­ңа, жүз жылда – қазан», – де­ген де ұғым бар. Жоғарыда кел­тіріл­гендей, жеті атаның ұрпақтар алмасуы 140 жыл десек, елу жылда, тіпті, жеті ата туысқандығы да жа­ңармайды, сонда ол нені меңзейді? Сұрақтың жауабын жеті атадан кейінгі буындарды қуа­лай туысқандыққа берілетін «жекжат», «жүрежат», «жұрағат», «ру» атау ло­гикасынан іздесек, мынандай заңдылықты байқаймыз: жеті ата – 7-ші буынмен аяқталады; «жек­жат» – 8-ші буын; «жүрежат» – 9-шы буын; «жұрағат» – 10-шы буын; ал, 11-ші буыннан (әр жерде әртүрлі буын саны болуы мүмкін) ары қарай туысқандық «ру» бірлестігіне ұласып, елу­ін­ші буында ру бірлестігі, туыс­қандықтың жаңа атауы – «тайпа» қалыптасады. Қазақтың елу жыл дегені – елуін­ші буын дегені болса керек. Сәй­кесін­ше, жүзінші буында тайпалар бірлестігі, туыс­қандықтың жаңа атауы – «жүз» қа­лыптасады. Ол «жүз жылда – қазан» – дегенге балама болса керек. Жүз туыстығы ары қа­рай жүз бірлестігі – «халық» ата­уы­­­на ұласады да, туысқандық атауының жаңаруы тоқталады, сол себепті, жүзінші буыннан кейінгі кезең «қазан» деп аталса керек. Ары қарай халықтық сезімді дамыту басымдыққа айналады. Қазақ мемлекеттігін қа­­лып­тастырушылардың бірі Төле би баба­мыздың: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», дегені осы біртұтас халықтық сезімді оятудың қамымен айтылса керек. Бұл құндылық бүгін де өзінің өрелі биігінен үн қатады.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жыл­­да – қазан», деген ұғымның шын мәні «елу буында ел жаңа, жүз буында – қазан» екенін тарихта 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі, әйгілі бабамыз Майқы Төбейұлының тайпа бірлестіктерінің бастарын қосып, Қазақ шалдың үш ұлынан тараған тектеріне қарай Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жан­арыс ( Кіші жүз) атауларын бекіткен деген дерек растай алады. Егер, қазақтың ұрпақтарының шамамен тайпадан жүзге айналу мерзімі – 2000 (100х20) жылдан Майқы би Төбейұлы бабамыздың ғұмыр кешкен жылдарын шегерсек (2000-1105) – (2000-1225): бі­ріншіден, Қазақ бабамыздың шамамен ғұмыр кешкен кезеңі б.з.д. 105-225 жылдар [есептеу тарих ғылымының кандидаты, ҚазҰУ доценті Құсайынұлы Қай­сардың кеңесімен жүзеге асты] болғанын табамыз; екінші­ден, оның үш ұлының аты, шын шежіреде аталғандар екенін ор­нық­тырамыз; үшіншіден, жеті ата жүйесінің белгілі алгоритммен (жеті ата әулетінен басталып, румен, тайпамен, жүзбен жалғасып, халықтың пайда болу сатыларымен) дамығандығын байқаймыз; төртіншіден, 550 жылдығын тойлаған хандық құрылып, Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланғанда, олар өз­дері­нің Қазақ деген бір адамнан тара­ғанын куәландырғанын түсі­неміз.

Жеті ата жүйесінің туыстықты ұйы­татын мәйек-құндылығы – Абай хакім айтқан: «Сыйласарлық тектінің, Кім танымас нұсқасын», дегеніндегі – «сыйлас­тық». Ба­­ба­ларымыз «сыйластықпен» түсініс­тікке, ортақ мүддеге, бе­реке-бір­лік басымдығына қол жеткізетінін бек түсінген. Жеті буынды әулет ауылының ажырамас тұтастықта көшіп-қонып жүріп, ұрпақты «сыйластықпен» сусындатуы, «төбедегі төртеудің» [ескерту: төбедегі төртеу – өз жұр­тың, нағашы жұртың, қайын жұртың, жиен жұртың («қыз ту­са өрісің» дегеннің сыры), олар­дың сыйластығы] түгел болуын мүлтіксіз қамтамасыз еткен. Бұл құндылыққа дақ келтіру «ауыздағы алтаудан айырылуға әкелетінін» (өзіңнің үш жұртың мен жиеніңнің үш жұрты) ескеріп, әулетте қалыптасқан құндылық дағдысын рулық, тайпалық, жүздік, халықтық қарым-қаты­настарға да жалғастырып, қо­ғамды тұтастықта ұйытатын мә­йек-құндылыққа ұластырған.

Көнеде қалыптасқан «сыйлас­тығымыз» Қазақстан халқы Ас­сам­блеясында қалып­тасқан бе­реке-бірлігімізбен, әлемге та­нылған бренд-бейнемізбен сабақ­тасып, жалпыхалықтық мем­лекеттігіміздің нұс­қасына айналды. Бұл құндылығы­мыз – Ук­раинадағы сияқты алауыздық қасіретке жібермейтін, адам­­зат­тың сыйластыққа негізделген әлеу­­мет­тік-экономикалық бір­лес­тігімен астасатын қазақстандық нұсқамыз.

Жеті ата жүйесі қалып­­тас­тырған тағы бір феномен – ұмы­­­тыла бастаған, бөлінетін және бө­лінбеген енші институты. Бөлінетін енші отау құрған жас жұбайлардың еншісі болса, «бөлінбеген енші – кез келген қазақ отбасының жолаушы­лап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жатын-орын, малының жем-шөбі)». Осы дәс­түрді марқұм Ақ­селеу Сейдімбек ары қарай былайша саралайды: «Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қа­зақтың дәстүрлі өмір-салтында және сол өмір-салтымен орайлас қа­лыптасқан ру-тайпалық жүйеде ел-жұрттың біртұтас этножаралым (этноорганизм) болуын ойластырудан туындаған айнымас әдет, бұлжымас қағида, қатал тәр­­тіп», сонымен қатар: «…кез кел­­ген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйінде бөлінбеген еншім бар деп, сеніммен босаға аттай алған. Ондай жолаушыдан тамақ ақы, жамбас ақы, мініс көлігіне берілетін жемшөп ақы алын­баған. Керісінше, жолаушы түскен үйінен оң шырай, ықы­­­­ласты күтім көре алмаса, ол жо­лау­шы биге жүгініп, сол үйден айып-шам алуға хақылы болған», – дейді ғалым.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» бо­­­лу­­дың ұрпақ қабілетіне (жо­ғары, орташа, төмен) байланыс­ты екендігін білген бабаларымыз оларды жарыс, бәсекеге ма­­шық­тандыратын «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Тура биде туған жоқ» қағидаларымен бап­таған. Әулет, ру жүзден жүй­рік­ті, тайпа мыңнан тұлпарды анық­­тап, бұқара жамағатқа жақ­сылығың да ор­тақ, билігің де бір­дей әділ болсын деген аманатпен, ұрпақтарын әулет, ру, тайпа билігіне ұсынған. Туысқандары, өз жағынан, «жүйрік», «тұлпар­ларына» сөз келтірмеу, ұятқа қалдырмау, обалына қалмау үшін оларға салмақ салудан аулақ болу­ды дұрыс санаған. Бастапқы жеті ата жүйесінде қазіргі кез­дегі қоғамның парақорлық, жем­­­­­­қор­­лық, сыбайластық, т.б. дерттері мүлдем болмаған. «Нұр Отан» партиясының сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мы­лының 2015-2025 жылдарға ар­налған жаңа бағдарламасында осы тәжірибе ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Көшпенділердің «бір сырлы» ұғымы – өзінің кім екенін ұмыт­пай, ұрпақтан ұрпаққа мүлтіксіз жал­ғас­тыратын құн­дылығы, адам­заттың бәріне ортақ, көне грек ғұламаларының пайымдаған бес анығы. Яғни, адам белгілі бір ұлт­қа, халыққа тән екендігін ай­қын сезінуі үшін бес түрлі шартты: сол ұлттың тілін жақсы білуі; сол ұлттың дінін терең меңгеруі; сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі; сол ұлттың тарихын бес саусағындай білуі; сол ұлт мекендеген жерінің ой-шұң­қырын жақсы білуі парыз дегені.

Елімізде жеті ата жүйесін өр­бітуге дайын институттар жетіп-ар­тылады: балабақшадан бастап, мектеп, орта, жоғары, тіпті, өмір бойғы оқыту жүйелері де, ұлттық тәрбие кафедралары да, журнал, газеттер, тағы басқа ұзақ тізімді мүмкіндіктер баршылық. Тек олар­дың бағдарламаларына жеті ата жүйесінің құндылықтары мен қағидаларын, заманауи талап­тарға сай, басымдық беретін биік­­ке көтеріп, мыңдаған жылдар бесігін тербетіп қалыптастырған тек­­тілігімізді жаңаша қалпына келтіріп, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел ұғымын Қазақстан халқының айбындылық формуласына айналдырып, «нұрлы жолмен» сапарымызды болашаққа бағыттауымыз сәтті болғай.

Болат БОЛСАНБЕК,

Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық

уни­верситеттің доценті,

экономика ғылымдарының кандидаты
АЛМАТЫ 

https://www.egemen.kz/2016/07/20/52128


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk