wrapper

Соңғы жазбалар

- Біреуді табалап күлу күнә - деп бастады ділмар тілмен толғайтын осы заманның сұңғыла білімпазы. Күліп отырған біреу бар ма дегендей жиналған жұртқа жағалай бір көз салды да терең күрсінді. Шариғаттың талап-тілектерін негіз­ге алып, әулие-әмбиелердің ғибраты мол, ақыл-кеңеске толы өнегелі өмірін насихаттап жүрген дана келбетті қарияның күрсінуі кемеңгерліктен болар деп ойладық.  Неге күрсінгенін өзі де түсіндіргісі келді ме:

- Біз қазір дүрбелеңі көп,күлкісі аз,күрсінісі көп заманда өмір сүріп жатырмыз- деп сөзін жалғады. Даусында келіссеңдер де келіспессеңдер де жағдай осы деген сенімділік бар.

-Мысалы қандай қарым-қатынаста болсаң да көршің бір келеңсіз жағдайларға тап болып қиыншылықтарға ұшыраса «сауап болды» деп табалап күлу – күнә. Көршінің қорасы өртенсе шелекпен су ала жүгірудің орнына  «қойдың басын ұйытып алайын» деп пайда ойлап тұратындар да бар.

«Жо-жоқ. Біз ондай емеспіз» дегендей жиналған жамағат бір қозғалақтап қалды. Уағызын сыққан малтадай етіп бірер ауыз сөзге сыйғызып отырған қарияны  «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деп тілейтін қазақи пейілдің неге тарыла бастағаны көптен бері мазалап жүргендей. Бірін-бірі қуалап қамшының өріміндей өрілген ойлар түйінделер тұста жан-жаққа шашырап айтарға тұщымды тұжырым таппай қиналды ма біраз уақыт үнсіз қалды.

-Қарлығаштың су тасып өртті өшірмек болған ниетін білесіңдер ғой. Міне сол таңдайының астына тамшы тұндырып су тасыған қарлығаштың мейіріміндей мейірімі жоқ адам Алланың барлық мейірімінен құр қалады. Нәтижесінде «Тоны жаманды ит қабады,пиғылы жаманды құдай табады» дегеннің кері болады – деп сөзін жалғады.

Көршісінің күйігіне еркегі саусағын шошайтып, әйелі ернін шығарып күлетіні көз үйренген көрініске,құлаққа сіңісті әңгімеге айналғалы қашан.  Көрші отырып күндес болу адамгершілік сезімнің ең азғындаған түрі деп түсінуші едік. Күнә екенін білдік.

- Сары уайымға салыну ол да күнә- деді де  «ә,солай ма?» деген сұраулы көзқарастарға сынай бір қарап өтті.

- Мысалы сіздің жалғыз сиырыңыз бар делік. Өзі кәрі, сүті майсыз сылдыр су болса да «жарымадық қой» деп уайымдамаңыз. Осының бар болғанына қуаныңыз. Өйткені көршіңізде ондай сиыр да жоқ болуы мүмкін.

Иә, қанағат қарын тойғызады дегенді бала күнімізден естіп өстік. Алланың осы бергеніне де шүкір. «Үміт түбі желқайық өтесің де кетесің, уайым түбі тұңғұйық батасың да кетесің» деген бұрынғылардың ескертпесі тағы бар. Кесепаттық пен кесірліктен, көргенсіздік пен көрсоқырлықтан арашалап жүрген қарияның сөзі көпшіліктің көңіліне қонғаны байқалып тұрды. Жалғыз мен ғана орнымнан ербеңдеп сұрақ қойғым келетіндігімді білдірдім. Жақтырмаса да сұрағыңды қой дегендей ишара жасады.  

- Егер көршімде мұндай сиыр да жоқ қой деп қуансам «сенде тышқақ лақ та жоқ» деп көршімнің кедейлігін бетіне басып табалап күлгенім болмай ма? – деп едім бір сәт шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Алғашқы сенімдері сөгіліп «шыныменен солай ма?» деген бірнеше сұраулы көзқарастарды байқап қалдым. «Осы-ақ бүйректен сирақ шығарып жүреді екен» деп жақтырмаған  көкжөтел көзқарастар да қалыс қалмады. Таласуға да,табысуға да өрелік,білімдарлық керек. Сауалдың есердің, есіріктің аузынан шықпағанын, ескерусіз қалдыра салуға болмайтынын қария түсінді. Түсінді де қолқаңа қол салатындай қорқынышты болып өзгерді. Өзі ойлап тапты ма, әлде шариғатта солай ма:

  -Қырт екенсің. Қырттық та күнә!- деп келсаппен ұрғандай қойып қалды. Мырс-мырс еткен дыбыстар шықты. Біреулер «сауап болды» деп маған күлсе, біреулер бұрын-соңды естімеген пәтуаға күлгендей болды. Әңгіме осымен тәмам дегендей қария орнынан тұрды. Сөзден ілік іздемеген едім. Алайда уағыз айтушы солай түсінді. Не айтсада құлдық, кім айдаса да жүрдік дейтіндер «мына қыртты қара» деп менің сыртымнан табалай күліп, табалаудың күнә екенін есіктен шықпай-ақ ұмытып бара жатты.

Жұмахмет Жайлаубаев


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk