wrapper

Соңғы жазбалар

Асыл дініміз Исламның құндылықтар бейне сарқылмас бір бұлақ іспетті. Егер шөлдеген жан айдала келе жатып, алдынан сылдырлаған мөлдір бұлақ көрсе бас қоятыны секілді, ислам да адамның рухани шөлін басады.

Адамның ішкі жан дүниесіндегі әлемде әркез бір рухани аңсар болады. Адам сол бір рухани аңсарды тек исламнан ғана таба алады десек қателеспейміз. Өйткені өмір сүрудің қағидалары тек исламда ғана. Исламды ұстанып, ондағы Алла Тағаланың көрсеткен жолымен жүрген жандар адаспайды.

Алланың тура жолы тек Исламда. Мұны жаһанның небір ойшылдары бұдан қаншама ғасырлар бұрын мойындап, айтып кеткені аян.

Ислам Ұлы Алла Тағаланың алдында бірден бір қабыл болатын жалғыз дін. Исламның басты ерекшелігі Алланың жалғыз екендігі мен Ардақты пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың  елшісі екендігіне куәлік етуінде.

Ұлы Жаратушы Алла Тағала адам баласына бес парызды әмір етті. Әрқайсының өз маңызы бар. Бес парыз мұсылмандар үшін міндетті түрде орындауға тиісті амалдар екендігі белгілі. Әр парызды орындау арқылы Ұлы Жаратушыға жақындай түседі, сана тазарып, рахым нұрына шомылады.

Иманның бес парыздың ішінде маңызы зор.

«Иманның абзалы – сабырлылық пен кеңпейілділік»  деген ардақты пайғамбарымыз өз хадистерінде.

Иман дегеніміз адамгершіліктің ең қайнар бастауы. Жүрегінде иманы бар адамда сабыр да, қайратта, ақыл да, қанағат пен шүкір де тұрады. Шынайы ниетімен Ұлы Жаратушыға құлшылық жасайды. Бар медетті тек Алладан ғана сұрайды. Иманы берік адамдар ғана өмірде кездескен кедергілерді бөгетсіз өте алады.

Ұлы Абай атамыз:

Мүмін болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.  деуі де бекер емес.

Иман, ар әрқашанда бәрінен биік тұруы тиіс.

Отанды сүю, басқаға әркез құрметпен қарау, ынтымақшыл болу, білімге құштарлық бұл қасиеттер исламның басты тұғыры иманның негізі тұғыры болып келеді.

Осы асыл қасиеттердің барлығы да қасиетті Құранда, көркем түрде өрнектелген. Сонымен қатар сан ғасырлардан бүгінге жеткен ислам ғұламаларының хадистерінде айтылып, бүгінгі бізге жеткен.

Ата бабаларымызда өз ұрпақтарына ең әуелі иманның жолын нұсқаған. Иманды болудың қағидаларын санасына сіңірген. Сол арқылы ғана қазақ халқы, біздің даңқты бабаларымыз тарихтың талай асуларынан талмай асып, өзінің елдігін сақтап бүгінге жетті.

Имандылықтың кәусар бұлағы сарқылмасын, бабалар аманаты бұзылмасын.

Тимур Қайдарұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Зайсан ауданының бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk