wrapper

Соңғы жазбалар

Қазақта «Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен көрікті» деген сөз бар. Қазақ халқының тұрмыс-салтында ағайын-туыстық қатынастың маңызы зор. Себебі ұлтымыз ұрпаққа ерекше мән берген. Қазақ ұлты терең тамырласқан, әр әулеттен өрбіген ұрпақтар мол болғандықтан ағайындық қарым-қатынастарға ерекше мән берілген.

Ағайын арасындағы сыйластық пен береке арқылы бүкіл рулардың және ұлттың беркесін сақтаған.

Қазақта ағайын-туыстардың өзара қарым-қатынастарының жақсы болуының нәтижесінде көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер шешіліп отырған. «Ағайынның азары болса да безері болмайды»  деп ағайын арасындағы түсініспеушіліктерді өз арасында реттеп келген. Ағайын бірлігі дегеніміз елдің ынтымағына саяды.

Асыл дініміз исламда да туыстық қатынастарға терең мән берілген. «Ниса» сүресі, 35-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» делінген.

Яғни ағайын туыстар арасындағы қарым - қатынасқа баға бере отырып, бірлік-берекеде болуды үкім еткен. Асыл дінімізде исламда ағайындар арасындағы бірлікті қоғамның маңызды бөлігі ретінде қарастырған.

Құранда «Нахыл» сүресі, 90-аятта: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туыс қанға қарайласуды бұйырады»  делінген.

Біздің бірге туғандарымызбен әрдайым бірлікте болуымыз, Ұлы Алланың әмірі. Ислам ынтымақты, білікті уағыздайтын бірден-бір тура жол.

Ағайын-туыстар арасындағы байланыс жайлы ислам ғұламаларының хадистеріне үңілсек, Бара бин Азиб (р.а.) риуаятында: «Пайғамбарымыз Мухаммед (с.а.у.) бізге науқас кісіні зиярат етуімізді, жаназа намазына қатысуымызды, зұлымдыққа ұшыраған кісіге жәрдем беруімізді, түшкірген адамға «Ярхамукаллаһ» деуімізді, шақырылған жерден қалмауымызды және сәлем берілгенде, сәлемді алуымызды міндеттеді» деп туыстық қатынастың адамдар арасындағы өзара бірліктің маңызына тоқаталады.

          Ал Әбу һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім бір науқастың хал-жағдайын сұрап барса немесе дін бауырын Алла үшін зиярат етсе, періште оған: «Бақытқа кенелдің, қадамың игілікке толды, әрі жәннат тан өзіңе бір орын әзірледің», - деп жар салады», - деген.

Халқымыз «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп бекер айтпаған.

Қазақтың ақын-жыраулары да небір жақұт сөздер қалдырған.

          Берекеміз бұзылмасын! 

Тілейбек Соянұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Күршім ауданының бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk