wrapper

Соңғы жазбалар

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы халал рызық-несібе табудан тұрады» деп, харам-халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Пайғамбарымыз даналыққа тұнған хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек ақ адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазарынуы мүмкін» деген еді. Енді бірде Пайғамбарымыз: «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» деп, еңбекқорларды сүйіншілейді.

Ешбір пенде ақ адал маңдай терімен тапқан табыс-тан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Алла елшісі: «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды. Өзінің сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, көнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, ардақты сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Міне, Аллаһ тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.

Сүйікті Пайғамбарымыз үмбетіне бес күндік фәни өмірдің қалай болғанда да көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатынын насихаттады. Осы тұрғыдан оның сөзі мен ісі, бүкіл ғұмыры нағыз үлгі-өнеге. Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Мүмин қандай қиындық немесе кедергі болмасын адал жолмен табыс табуға міндетті. Тауға барып тас уатса да, табысы адал болуы тиіс. Қажет болса, қолына күрегін алып, жұмыссыздар тұратын мекенге барып, жұмыс беретін бір кісі шықса, соның бақшасының топырағын тазалап, жолын жөндеп беріп өз еңбегімен адал табыс табуға күш салуы керек. Қандай адам болмасын Хақ тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз ету өте маңызды. Өз еңбегімен адал табыс тауып, осыдан күнкөрісін қамтамасыз етіп жүрген адам не жұмыс істесе де бұдан намыстанып, ұялмауы қажет. Базбіреулер кейбір жұмыстарды менсінбей, мұрнын шүйіріп қараса да, Аллаһтың алдында адал жолмен тапқан табыстан артық абыройлы іс жоқ.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk