wrapper

Соңғы жазбалар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай форумда қабылданған Тұғырнама туралы пікір білдірді. 

«Кешегі алты алаштан сауын айтылып шақырылып, еліміздің дін шырақшыларының басын босқан алқалы жиын – ІІІ имамдар форуымында мұсылман қауымының игілігін арттыратын бірқатар құжаттар қабылданды. Солардың ішіндегі бірегейі – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани Тұғырнамасы еді. Форум делегаттары құжаттың маңыздылығын ескеріп, барлығы бірауыздан қолдады.

Рухани Тұғырнаманың беташары Хақ Тағаланың: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық-зомбылықтан тыйып, сендерге насихат береді» (Нахл, 90), – деген аятынан басталады. Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген хадис-шарифімен жалғасады. Рухани Тұғырнама аталған аят пен хадистің тәпсірі іспетті. Өйткені, құжаттың мазмұны осыған сай өрілген.

Шынтуайтында, мұсылман баласы әділеттің ақ туын көтеріп, ізгілік үшін ынты-шынтымен күресіп, ағайын-тумаға қамқор болып, арсыздық пен зорлық-зомбылыққа кеудесін тосып, қарсы тұрса, көркем мінезімен қоғамға нұрын шашып, қызмет етсе, ол сөз жоқ – үлкен ғанибет! Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мұсылман үмбеті қараңғылықтың пердесін серпіп тастайтын – ағартушы, Отан үшін отқа күюге даяр – жанқияр, көпшіліктің қамы үшін күресетін – қайраткер, қара басынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қоятын – қамқор, шиеленіскен жәйттердің күрмеуін ағытатын – мәмілегер, қай істе болмасын қара қылды қақ жаратын – әділетті, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен – майталман, бойына өнеге тұнған – тәлімгер болуы тиіс. «Жеті рухани қазық» құжаты осыған шақыратын үндеу десек асыра айтқандық емес.

«Жеті рухани қазық» ретінде имандылық, отаншылдық, мәдениеттілік, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік, әділеттілік тақырыптары негізге алынған. Имандылықтың ұстыны ретінде арлылық, инабаттылық, қайырымдылық, ізеттілік, ықыластылық, кеңпейілділік, ізгілік сынды сипаттар негізге алынса, отаншылдық қасиеттің көрінісі ретінде намысшылдық, жігерлілік, қайраттылық, ұлтты сүю, табандылық, қамқорлық сынды сипаттар жазылған.

«Жеті рухани қазық» құжатында көтерілген әрбір тақырып Құран-Кәрім аяттары, Алла Елшісінің хадис-шарифтері, Жүсіп Баласағұни, Әйтеке би, хәкім Абай, Әлихан Бөкейхан секілді игі-жақсылардың философиялық ой-тұжырымдарымен өрілген.

Тұғырнамада көтерілген құндылықтар сөз күйінде қалып қоймас үшін оны іске асырудың тетіктерін қарастыруымыз керек деп білемін», – дейді Ермек қажы Мұқатай.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk