wrapper

Соңғы жазбалар

Кешегі алты алаштан сауын айтылып шақырылып, еліміздің дін шырақшыларының басын босқан алқалы жиын – ІІІ Имамдар форуымында мұсылман қауымының игілігін арттыратын бірқатар құжаттар қабылданды. Солардың ішіндегі бірегейі – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасы еді. Форум делегаттары құжаттың маңыздылығын ескеріп, барлығы бірауыздан қолдап, рухани тұғырнаманың томағасын сыпырды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасының басқа құжаттардан арқалаған жүгі ерекші-тін. Шынын айтуымыз керек, біздің осы күнге дейін «ихсан» тақырыбын көтеруге мұршамыз болмады. Базбір сопылық ағымдардың тудырған әуселесінен кейін аталмыш тақырыпты айтудан үркектеп қалғанымыз анық. Ал, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасы осы олқылықтың орнын толтырға арналған бірегей құжат еді.

Рухани тұғырнаманың беташары Хақ-Тағаланың: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық-зомбылықтан тыйып, сендерге насихат береді», (Нахл, 90) деген аятынан басталады. Сондай-ақ, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деген хадис-шарифімен жалғасады. Рухани тұғырнама аталған аят пен хадистің тәпсірі іспетті. Өйткені, құжаттың мазмұны осыған сай өрілген.

Шынтуайтында, мұсылман баласы әділеттің ақ туын көтеріп, ізгілік үшін ынты-шынтымен күресіп, ағайын-тумаға қамқор болып, арсыздық пен зорлық-зомбылыққа кеудесін тосып, қарсы тұрса, көркем мінезімен қоғамға нұрын шашып, қызмет етсе, ол сөз жоқ – үлкен ғанибет! Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, мұсылман үмбеті қараңғылықтың пердесін серпіп тастайтын – ағартушы, Отан үшін отқа күюге даяр – жанқияр, көпшіліктің қамы үшін күресетін – қайраткер, қара басынан қалың бұқараның мүддесін жоғары қоятын – қамқор, шиеленіскен жәйттердің күрмеуін ағытатын – мәмлегер, қай істе болмасын қара қылды қақ жаратын – әділетті, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен – майталман, бойына өнеге тұнған – тәлімгер болуы тиісті. «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасын бейне осыған шақыратын илаһи үндеу десек асыра айтқандық емес.

«Жеті рухани қазық» ретінде имандылық, отаншылдық, мәдениеттілік, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік, әділеттілік тақырыптары негізге алынған. Имандылықтың ұстыны деп – арлылық, инабаттылық, қайырмыдылық, ізеттілік, ықыластылық, кеңпейілділік, ізгілік, отаншылдықтың негіздері деп – рухтылық, намысшылдық, жігерлілік, қайраттылық, ұлтты сүюшілік, табандылық, қамқорлық, мәдениеттіліктің мәні ретінде – әдептілік, тәрбиелілік, өнегелік, мейірімділік, кішіпейілділік, парасаттылық, өнерлілік, білімділіктің бағандары деп – ізденімпаз, ыждағаттылық, зерделілік, жасампаздық, дарындылық, зияткерлік, еңбекқорлықтың тіні ретінде – еңбексүйгіш, жауапты, бастамашыл,іскер, ұқыпты, майталман, талапты, ал әділеттіліктің тіреуіші деп – адалдық, шыншылдық, турашылдық, әдеге беріктік, аманатқа беріктік, ақылдылық, сенімділік негізге алынған.

«Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары рухани тұғырнамасында көтерілген әрбір тақырып Құран-кәрім аяттары, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифтері, Жүсіп Баласұғын, Әйтеке би, Хакім Абай, Әлихан Бөкейханов және т.б игі-жақсылардың философиялық ой-тұжырымдарымен өрілген. Алдын ала жан-жақты талданғандықтан болар құжаттың тілі жеңіл, айтар ойы түсінікті, бірақ, мән-мағынасы мен арқалаған жүгі атан түйеге жүк болардай зіл-батпан.

Түйін: «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасында көтерілген құндылықтар сөз күйінде қалып қоймас үшін оны іске асырудың тетіктерін қарастыруымыз керек деп білемін. Әкімшіліктерде мемлекеттік қызметкерлердің этикасын бақылайтын әдеп жөніндегі мамандардың жұмыс істегені секілді ҚМДБ-да имамдардың ақлаһы мен тақуалығын арттыратын функция іске қосылуы керек тәрізді. Сонда, дін шырақшыларының жаққан шырағы түнімізді күндей жарық етіп, ал күнімізге дәйім шырай беретіні хақ.

Ермек Мұқатай, ҚМДБ-ның Өскемен өңірі
бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай»
мешітінің бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk