wrapper

Соңғы жазбалар

Ханбәли мәхабы - Әһли сүннә жолындағы төрт мәзхабтың бірі. Құрушысы  - хадисші, әрі фиқһ ғылымының майталманы ғұлама Ахмәд ибн Ханбәл (р.а.).   

Тарихшылардың айтысына қарағанда, Имам Ахмадтың алғашқы ұстаздарының бірі Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуф болған екен. Ол Имам Әбу Юсуфтан фиқһ және хадис үйренген. Тіпті, алғашқы үйреніп, жазған хадисі Имам Әбу Юсуфтан үйренген хадистері-тін. Имам Әбу Юсуф фиқһшы болуымен қатар, хадис ғылымының да білгірі еді.  

Ал, «сәләфия», яғни, «уәһабизм» - 18 ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдуль Уаһһабтың бастауымен пайда болған ағым. Аталмыш кісі, одан 4 ғасыр бұрын өмір кешкен Ибн Тәймияның пікірлерінен сусындап, тұжырымдамаларын терең меңгеріп, Ибн Тәймияның діни көзқарастарын теориядан практикаға көшіреді. Ибн Тәймияның сенімге қатысты тұжырымдамаларын сол күйінше қабылдап қана қоймай,  шеттен тыс қатты ұстанды. (Әбу Заһра. Тәрихуль Мәзәһибиль Исләмия).

Сондықтан да, сәләфизмнің түпкі негізі Ибн Тәймияның пікір-көзқарастарына сүйенеді деуге негіз бар. Ибн Тәймия Ханбәли мәзхабынан саналады. Соған орай, сәләфилер де өздерін аталмыш мәзхабқа тиесілі етсе керек. Бірақ, бұдан біраз жыл бұрын ғана (алысқа бармай-ақ қояйық) еліміздегі сәләфтар мүлдем мәзхабты мойындамай: «Бізге Құран мен Хадис жетеді» дегенді ұрандап, халық арасында бүлік туғызған еді. Тіпті, көшбасшыларының бірі «мәзхаб» дегенді оба ауруына теңеген тұғын. Соңғы уақыттары, аталмыш бағытты ту еткендер біресе «Ханафиміз» десе, кейде «Ханбалиміз» деп жүр.  Арасында «сүннитпіз» дейтіндер де бар. Кім біледі, болашақта «ақиқи Мәтуридиттерміз» деп шығуы да мүмкін. Әзірге, Мәтуридиттерді «бидғатшыларға» теңеуде.

Біз кездестірген деректерге сүйенсек, Сәләфизм бағыты өздерін Ханбали мәзхабына тиесілі етсе де, екеуінің арасында кейбір көзге батар айырмашылықтардың бары анық. Солардың біршамасын тізіп өтелік:

          1. Ифтитах тәкбірінде қол көтеру

Ханбали мәзхабында: Ифтитах тәкбірінде қолды саусақ ұшы құлақтың жоғарғы жағына келердей етіп көтеруге де, иық деңгейінде көтеруге де болады. (әл-Муғни)

Сәләфизм ағымындағылар:  Иық деңгейінде көтеріледі.

2.Намазда қол байлау

Ханбали мәзхабында: Оң қолды сол қолдың білезігіне қойып, кіндік астына байлайды (әл-Муғни)

Сәләфиттер (күнделікті көріп жүргеніміздей): Оң қолды сол қолдың білегіне қойып, көкірек тұсына байлайды.

3.Намазда талтайып тұру

Ханбали мәзхабында: Екі аяқ арасы көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, дененің тепе-теңдігін сақтайтындай «орташа» болғаны жөн. (У.Зухайли. әл-Фиқһ әл-Ислами уә әдилләтуһу).

Сәләфиттер: Талтайып тұрады.

4. Ер мен әйелдің намаздағы айырмашылықтары

Ханбали мәзхабында: Намазда әйел кісінің ер кісіден кейбір айырмашылықтары бар. Әйел кісінің намаз қимылдары жинақылыққа негізделген. Ол рүкуғ пен сәждеде өзін жинақы ұстап, әттахияту отырысында молдас құрып, немесе сол жағына жамбастай отырып, екі аяғын оң жаққа шығарады. (әл-Муғни).

Сәләфиттер (әсіресе біздің елдегі): Әйел мен ерлердің намаз қимылдары арасында айырмашылық жоқ. Әйелдер де ерлер секілді орындайды.

5. Сәждеге барарда

Ханбали мәзхабында: Сәждеге баратын адам әуелі тізесін, одан кейін екі қолын, одан соң маңдайын, одан кейін мұрнын жерге қояды. (әл-Муғни)

Сәләфиттер: Сәждеге барған адам әуелі екі қолын, одан соң екі тізесін қояды. (әл-Бәни). (Әуелі тізені қояды деп айтатындар да бар. Мысалы, Ибн Усеймін).

6. Тәуәссул

Ханбали мәзхабында: Әулие, салиқалы, тақуа, ілімді кісілермен тәуәссул етудің ағаттығы жоқ. Ханбали мәзхабында ең дұрысы осылай. (әл-Мәрдәуи. әл-Инсаф). Жанбыр дұғасында шейхтармен, тақуалармен, ілім иелерімен Аллаға тәуәссул етудің ағаттығы жоқ. (Имам әс-Сәмури. Әл-Мүстәуъиб.).

Сәләфиттер: Түрлі жолдармен тәуәссул жасалуы мүмкін. Бірақ, соның ішінде пайғамбардың құрметіне, пәлен әулиенің құрметіне т.б. осы сияқты тәуәссуль түрі харам.

7. Өлілерге Құран бағыштау

Ханбали мәзхабында: Қабірде өлілерге Құран оқу мәкруһ емес. Керісінше мұстахаб. (әл-Бәһути).

Сәләфи ағымдағылар: Өлілерге Құран оқу бидғат. Өлілерге Құран бағышталмайды. Қабірде Құран оқылмайды. (Ибн Бәз).  

8. Теберік

Ханбали мәзхабында: Теберікке рұқсат. (Ибн Жәузи әл-Ханбәли).

Сәләфилер: Теберік тек Пайғамбарымызға ғана қатысты. Одан бөлек ешкімнің, сахаба да болса, еш нәрсесін теберік ретінде көруге болмайды. Өйткені, теберік те, тәуәссул де ширкті тудыратын алғы шарттар болып табылады (Ибн Бәз).  

Түйін сөз:

Жоғарыда күнделікті көзіміз көріп жүрген, бәрімізге таныс мәселелер негізінде айырмашылықтарды беруге тырыстым. Осыған қарап-ақ, қазір өздерін сәләф деп жүргендерді түпкілікті Ханбали мәзхабына тән етуге болмайтындығын ұғынуға болады. Негізінен алып қарағанда, сәләфилер өздерін өз алдына бөлек мәзхаб ретінде көреді. Тіпті, діни көсемдерінің бірі Ибн Бәздің өзі «Біз Ханбали емеспіз. Біз Сәләфи жолындағылармыз» деп ашық айтқан сөздері бар. Әрі олардың қағидаттары бойынша, әлдебір мәзхабқа байланбай, «сахих хадистер» негізге алынуы керек. Мәзхабтардағы үкімдер осы «сахих хадистер» таразысына салынып, бағаланады.

Ендеше, аталмыш ағымның «Ханбали мәзхабынанмын» деп мүләйімсуі бекершілік. Мұнысын өздерінің ұстанған теріс бағыттарын әлдебір хақ мәзхабтардың бірімен көлегейлеудің бір жолы деп білгеніміз дұрыс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!     

Абдусамат Қасым

Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk