wrapper

Соңғы жазбалар

Біз ізгілік атаулының бастау-көзі ретінде көрсететін ислам термині – араб тілінде «салама» сөзінен келіп шығады. «Салама» сөзі – бейбітшілік, мойынсұну, шынайы берілу, амандық-есендік те болу мағынасына білдіреді. Ал, терминдік мағынасына келер болсақ, Ұлы Жаратушыға илану һәм мойынсұну, Оған деген ынты-шынтылық және Алла Елшісінің (с.а.у) паш еткен дініне шүбасіз сенуді айтамыз. Яғни, бейбіт өмірді мұрат еткен индивидті – мұсылман деп атаймыз.

Мұсылмандар Хақ діннен нәр алып, илаһи сенімнің аясында топтасып, рухани біртұтас қауымға айналғанда ғана бейбітшілікке қол соза алады. Ал, қандай бір жағдай туындамасын осы бейбіт қауымнан ажырау, үйірден бөліну – адасушылыққа апарып соғады. Ал, адасушылық жаһилиет дәуіріндегі қараңғылықтың қойнауына жетелейтін теріс құбылыс.

Әсілі, бірлік пен бейбіт өмірдің бір басшыға бағыну арқылы негізін қалай аламыз. Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім мемлекет басшысына себепсізден себепсіз мойынсұнбаса, қиямет күні Алланың құзырына (осы қылығы үшін) ешқандай дәлелі болмастан (пұшайман күйге түседі) барады. Мемлекет басшысына мойынсұнуға уәде бермеген адам жаһилиет дәуірінде өлгенмен тең саналады» (Муслим, Имара, 58) деп бұйырады. Яғни, мұсылман қауымы ортақ мақсатты көздей отырып, өзі таңдаған басшыға мойынсұну арқылы ғана бірлігі жарасып, бейбіт ғұмыр кеше алады.
Өткен ғасыр қойнауларына үңілсек, небір қан-құйлы зұлымдық жасаған патшалардың салтанат құрғанын көре аламыз. Расында, тарих әлдеқашан оларға өз бағасын беріп қойды. Ал, шариғатымыз бойынша зұлымдық көрсетпеген басшыға халықтың мойынсұнуы илаһи міндет саналады. Бұл хақында Алла Елшісі (с.а.у) өз хадис-шарифінде: «Күнә жасауды бұйырмаса, мемлекет басшысын жақсы көрсін, жақсы көрмесін, әрбір мұсылман оған мойынсұнуы шарт..» (Бұхари, Азан: 54) деп бұйырады.

Шынтуайтында, әрбір сұңғыла басшы қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпсіздікті мүлтіксіз сақтаумен, әділеттілікті қамтамасыз етумен мемлекеттік билікті нығайта алады. Ал, саналы мемлекет басшысы өз халқын қылмыс жасауға итермелемейтіні бесенеден белгілі. Олай болса, басшыға һәм мемлеккеттік құрылымға мойынсұну ыждаһатпен орындайтын діни уәзипаларымыздың бірі десек еш қателеспейміз. Себебі, асыл дініміз бойынша мемлекет әділдікті қамтамасыз еткен жағдайда, қалың бұқараның билікке бағынуы уәжіп болып табылады.

Хақ дін халықты ұйысып, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешуге үндейді. Жалпы, Исламның барлық ұстын-қағидалары ынтымақты қамтамасыз етуге құрылған. Бұл хақында Парасат падишасы (с.а.у): «Кімде-кім жаһаннамнан құтылып, жұмаққа кіргісі келсе, Алла мен ақыретке иман келтіріп өлуі шарт. Өзіне не тілесе өзгелерге де сол жақсылықты тілеуі керек. Кімде-кім мемлекет басшысына бағынуға уәде етсе, шамасы келгенінше оған мойынсұнуы тиіс. Егер, бір адам басшылықты өз қолына алуға ұмтылса, оның дереу мойынынан ұрыңыз (үзіңіз)» ( Насайи, Бият 25)деп бұйырады. Яғни, Ислам анархия мен бұлғаққа ада-күде қарсы. Бүлінуге бөгеу, сетінеуге тосқауыл болуға шақырады.

Қоғамдық тыныштық пен татулықты қамтамасыз ететін институт ол – мемлекет. Мемлекеттік құрылым және сол саяси жүйенің заңдарына һәм басшыға бағыну арқылы қоғам баянды бақытқа қол жеткізе алады. Осы себепті де Ислам шариғаты бойынша мемлекет басшысына мойынсұну діндарлықтың басты ұстындарының болып есептеледі.

Мемлекет басшысына мойынсұнудың илаһи сыры бар екенін мұсылман ғұламалары мен ойпаздары бірауыздан мойындаған. Мысалы, тұтас түркіге пірі болған Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ұстанымында кемелдікке иек артудың төрт шарты бар. Олар – макан (орын), заман (уақыт), ихуан (бауырмашылдық) және рабби султан (мемлекет басшысына мойынсұну). Яғни, өзара ымыраға келіп (ихуан), бір кеңістікте (макан), бір уақытта (заман) ғұмыр кешкен мұсылмандар мемлекет басшысына қалтықсыз мойынсұнса (рабби султан), дүниеуи һәм рухани баянды бақытқа қол жеткізе алмақ.

Біз бірлігімізге жарықшақ түсіретін әсіредіншілдік дертінен ада болуымыз үшін халықтың ортадоксалді діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Еліміздегі діни құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын алады. Атам Қазақ: «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді. Алаш баласы рухани біртұтас болғанда ғана биік асуларды бағындыра алады. Тарих тәжірибесі бізге осыны үлгі етеді.

Ермек Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk