wrapper

Соңғы жазбалар

Орта Азия жəне қазақ топырағы сонау көне заманнан мəдениет пен өркениет ошағы болғандығы баршамызға мəлім. Ежелгі сақ-ғұн дəуірлерінен қалған «Алтын адам» сынды құнды жəдігерлерді айтпаған күннің өзінде Күлтегін, Орхон-Енисей жазулары бұның бірден-бір дəлелі болып табылады. Сонымен қоса, əлем мəдениеттері мен өркениеттерін байланыстырған Ұлы жибек жолының қазақ даласы арқылы өтуі де оның əрі қарай ілгерлеп дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл тұста VII-VIII ғасырларда осы өңірлерге келіп жеткен Ислам дінінің рөлін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ислам діні келісімен түркі халықтарының көп бөлігі оны қабылдап қана қоймай, өз салт дəстүрлерімен ұштастырып, ұлттық саналарының қазығы етті.

Ислам дінінің кеңінен етек жаюы Орта Азия мен қазақ даласынан ғалым-ғұламалардың көптеп шығуына тікелей əсер етті. Ислам дін ретінде, мəдениет ретінде бұл өңірлерде кең тарауымен қатар ғылым ретінде, ғылымның кілті ретінде де көпшілік назарын аударды. Ғылымға бет бұру арқасында Орта Азия мен қазақ даласында өзіне тəн ғылыми мектеп, ғылыми орта қалыптасты. Тіпті, Ислам діні мемлекеттік дін статусына да ие болды. Ал қалыптасқан ғылыми мектеп доктриналары осы мемлекеттердің ата заңы қызметін атқарды. Сол ханафи-матуридилік доктриналар Орта Азияда Саманилерден кейін билік құрған Қараханидтер (389-607/999-1211) мемлекетінің діни идеологиялық платформасын құрады. Қараханиттердің билігі Орта Азиядағы Мауараннахр мен Түркістан аймақтарын қамтыды. Мемлекеттің рухани-мəдени орталығы Самарқан мен Бұхара болды. Қараханиттер кезеңінде Самарқан, Бұхарамен қатар Орта Азия аймағының Узгент, Ахсикент, Касан, Марғинан, Қашқар, Баласағұн, Тараз жəне Исфижаб сынды өзге өңірлерінде де отырықшыл қала мəдениеті дамыды. Қараханидтер мемлекетін түркі қағанаттарының ішіндегі ислам дінін мемлекеттік ресми дін ретінде қабылдап, өте сауатты діни саясат жүргізген алғашқы мемлекет деп бағалауға болады. Қараханиттер кезеңінде көптеген ортағасырлық шығыс ханафи ғалымдары арасынан имам Матуридидің ілімі ерекше мəнге ие бола бастады.

Енді сол имам Матуриди ілімінің қара шаңырағы Мауараннахр мен Түркістан жерлеріне тоқталсақ:

«Мауараннахр» араб тілінен аударғанда «өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді, яғни Амудария өзенінің арғы жағын мекен еткен халықтарға айтылады. «Мауараннахр» деп аталуы жəне кейін де осы атпен тарихта қалуының түпкі мəні мынада жатса керек:

Біріншіден, географиялық тұрғыдан алғанда Ислам халифатының негізгі орталықтары саналатын Бағдат, Басра, Дамаск қалалары тарапынан қарағанда Амудария өзенінің шығыс жағалауы өзеннің арғы жағы болып есептелуі.

Екіншіден, этнологиялық тұрғыдан алғанда бұл өңірді мекен еткен халықтардың көпшілігі түркі жəне парсы тектес халықтар болуында.

Үшіншіден, саяси-əкімшілік тұрғыдан алғанда өзеннің бер жағындағылар Аббаси халифатының толығымен қол астында болса, өзеннің ар жағындағылардың жартылай немесе кейбірінің толықтай тəуелсіз болуында.

Төртінші себебі əрі ең маңыздысы ғылыми тұрғыдан алғанда Мауараннахр өңірінің тұтастай ханафи құқықтық мектебімен қоса Мəтуриди сенімдік мектебін ұстануында. Мəтуриди сенімдік мектебінің негізгі ерекшелігі: Ислам дінінің басты қайнар көздерімен қоса өз зерттеулерінде рационалдық əдісті кеңінен қолдануларында, бұл дегеніміз ақыл мен нақылдың əр қайсысын өз орнымен, өз ретімен қолдана отырып екеуін бір-біріне қайшы келмейтіндей етіп ұштастыру.

Үлкен ғылым мен мəдениет орталығы болған Мауараннахр жерінің біршама бөлігі қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік аймағына тиесілі екені мəлім. Алайда араб əдебиеттерінде Мауаранахр деп тек шектеулі территорияны ғана емес, керісінше Амударияның солтүстігінде орналасқан барша ислам мемлекеттеріне берілген атау, бұл тұстан қарағанда Қазақстан территориясының барлығын жатқызуға болады. Өйткені, Мауаранахрда ғылым өте үлкен қарқынмен дамып отырған болса, еліміздің басқа өңірлері осындағы ғылымнан сусындап, нəр алып отырған.

Мауаранахр жерінен шыққан ғалымдар санының көптігі сонша, ешкім олардың санын кесіп айта алмайды. Тек Түркістан мен Фараб қалаларының озінен қаншама əл-Фарабилер мен ат-Туркистанилер шыққан.

Араб тілінде жазылған көптеген қолжазбаларда жəне басылып шыққан кітаптарда “ат-Туркистани” немесе “ат-Тарази” есімдері көптеп кездеседі. Есімізді жиып, іргемізді көтергелі сол ғалымдар мен олардың еңбектерін іздеп тауып, зерттеп зерделеп, оқырман назарына ұсыну біздің бабалар алдындағы асыл борышымыз болып табылады. Бұл зерттеулердің басы Құдайға шүкір басталып та үлгерді. Мысалы, “Хибатулла ат-Тарази жəне оның рухани мұрасы”, деген атпен жарық көрген Ə.Дербісəлі атамыздың еңбегін атап өтуге болады.

Хибатулла ат-Тарази Тараз қаласынан шыққан ханафи-матуриди ғалымы. Ол кісі Хазіреті Əбу Ханифа мен оның шəкірттерінің ақидасын яғни діни сенім-көзқарастарын жеткізген “Тахауи ақидасы” атты мəтінді кеңінен түсіндіріп, жазып қалдырған əйгілі матуриди ғұламасы.

Ал, əл-Фарабилерге тоқталар болсақ, ғалымдарымыздың айтуынша қазақ топырағы 30-дан астам ал-Фарабилерді тарту еткен екен. Олардың кейбірі қазіргі таңда зерттеліп, еңбектері қайта өңделіп қолымызға жетіп жатса, қол жазба күйінде архивтерде шаң басып жатқаны қаншама. əлФараби сөзі “Фараб” қаласынан яғни “Отырар” қаласынан шыққан деген мағынаны беретінін ескерсек, Отырар қаласының қаншалықты үлкен ғылым ордасы болғанын аңғару қиын емес. Бұған қоса Отырарда алып кітапхананың болғаны да сөзіміздің айқын дəлелі. Сол ғұламалардың бірі, əрі бірегейі Əбу Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан əл-Фараби.

Əбу Наср əл-Фараби Ислам философиясының негізін қалаушылардың бірі, үлкен ойшыл, энцеклопедист ғалым. Оның қалам түртпеген саласы кемде-кем. Əсіресе, оның əлеуметтік жəне саяси тақарыптарда жазған “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы” сынды трактаттары бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қазіргі таңда Əбу Наср əл-Фараби мұрасы өзінің тарихи отанына оралып, Егемен Қазақстанның ұлттық брендіне айналып отыр.

Байқағанымыздай Орта Азия мен қазақ даласында ғылым мен мəдениет қоса дамып, əлемдік өркениеттің ілгерлеуіне үлкен үлесін қосқан. Ислам дінін толыққанды түсініп, тағылымдарына дұрыс амал етудің арқасында ешқандай діни теке-тірес орын алмаған. Керісінше, мəтуриди сенім мектебінің, ханафи құқықтық мектебінің аясында қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заман тудырып, тыныштық пен бейбітшілік саясында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ойларына діни алауыздық, экстремизм, терроризм, радикализм сынды теріс пікірлер кіріп те шықпаған. Өйткені олар Ислам дінінің ақиқатын терең түсініп, салғырт, үстіртін ойлаудан барынша аулақ-тын.

Біз де өз кезегімізде еліміздің іргесін биік қалап, өсіп-өркендейміз десек, елімізде орын алып жатқан түрлі қақтығыстардың алдын аламыз десек міндетті түрде ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұстанған мəтуриди сенімін толық зерттеп, оны барша əлеуметке, əсіресе жат ағымның ықпалына көнуге бейім жастар қауымына кеңінен насихаттауға тиіспіз. Сонда ғана елімізді радикализм, экстремизм, терроризм үрейлерінен аман алып қалмақпыз. Бейбітшілік пен ынтымақ орнаған жерде ғылым да, мəдениет те дамымақ. Ата-бабаларымыз ұстанған жолды мықтап қармансақ арамыздан Ибн Синалар, əл-Фарабилер, ат-Туркистанилердің шығуы да еш ғажап емес.

Сондықтан, рухани жаңғыруымыздың кілтін алыстан емес, төл тарихымыздың қойнауынан іздеуге тиіс екенімізді жадымыздан шығармағанымыз абзал. Бəрін айтта бірін айт демекші, мəтуриди сенім мектебі мен ханафи құқықтық мектебі сан ғасырлардан бері ата бабаларымыз ұстанған дəстүрлі Исламның негізін құрайтындықтан, Ислам дінінің құндылықтары мен оның əдептерін бұхара халыққа таныстыру - Тəуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыру кепілі екендігін нық сеніммен айта аламыз.

Есдəулет ​​Ергелді

Əл-Əзхар​​ университетінің ​​түлегі,

əл-Фараби​​ атындағы ​​ҚазҰУ, ​​

əл-Фараби​​ орталығының ғылыми​​ қызметкері

www.qamshy.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk