wrapper

Соңғы жазбалар

Біз қазір ұлттық сана, ұлттық рух туралы жиі айтып жүрміз. Тәуелсіз ел үшін бұл – қажетті де заңды құбылыс. Қоғамдық өмірде шешуші рөл атқаратын, көп аңғарыла бермейтін сананың тағы бір түрі бар, ол – азаматтық сана. Азаматтық сана деген не? Ұлттық сана мемлекет құруда шешуші рөл атқарса, азаматтық сана – адамгершілік талаптарына сай қоғам құруда аса қажет сананың бір түрі.

Азаматтық сана – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бірақ кейде осы қасиет жетіспей жатады. Нарықтық қоғамда адамдар көбінесе  өз мүдделерін ғана ойлап, белгілі бір  іс-әрекеттен материалдық  пайда алуды ғана көздейтіні жасырын емес. Азаматтық сана – осындай жеке мүдделерден биік тұратын сана. Ол – жеке бастың қамынан елдің қамын, тұтас қоғамдық ізгілікті жоғары қою деген сөз. Отаныңды оз отауыңдай сүю, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеу, құрметтеу.

Азаматтық сана – әр адамның өзін ғана ойлаудан жоғары тұратын, тұтас қоғамдық ізгілікті қалыптастыруға негіз болатын мінездің көрінісі. Қоғамның, әлеуметтің алдындағы жеке адамның жауапкершілік сана-сезімі. Өзің өмір сүріп отырған ортаңның, еліңнің, тұтас мемлекетіңнің қамын  жеу. Бұл – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ой-өрісі кең сана биігінде туындайтын қасиет.

Азаматтық сананың бас­ты көріністерінің бірі – өмір сүріп отырған қоғамың үшін қамкөңілділік, оған бей-жай қарай алмаушылық. Өзі үшін ғана өмір сүру – азаматтық сананың басты жауы. Хакім Абай  «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», деп азаматтық санаға тән ерекшелікті дөп басып айтқан. Азаматтық сана жоғары парасат биігіне көтерілгенде, ол «Адамзаттың бәрін сүйетін» бауырмалдылыққа, адам баласы үшін қамкөңілдікке бастайды.

Азаматтық сана – жеке адамның қоғамдағы үрдістерге бей-жай қарамай, оған өзінің азаматтық парасаты тұрғысынан қарауы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, адами капиталдың сапасын арттыруда азаматтық санаға тән қасиеттерді бойға сіңірудің маңызы зор.

Әр адамдағы бұл менің елімдікі, бұл менің замандастарымның игілігі, бұл өзім өмір сүріп отырған ортаның мүлкі, тазалығы, ортақ жетістігі деген сана қоғамды гуманизмге бастары анық. Нарықтық қоғамда адамдар қатал, мейірімсіз, менмен бола бастайды. Онда көбінесе әркім өзінің қамын ойлап жүріп, өзгені, тұтас қоғамды ұмытып кетеді.  Бұл «өзімдікі түгел болса болды, басқасы маған көк тиын» деген ойға бастап, адамдарды қатыгез етеді.

Сонда ортақ ізгілікті кім жасамақ? Осы тұста әр адамның бойындағы азаматтық сана-сезімнің болуы шешуші фактор болмақ. Ал азаматтық сананы қандай факторлар құрайды деген заңды сұрақ туындайды. Олар: парыз, ар-ұждан, қоғам алдындағы жауапкершілік, адамшылық міндет, намыс, арлы ақыл. «Ақын бол, болма өз еркің, ал азамат болу міндетің», деген орыс ойшылы Н.Некрасовтың заманындағы айтпағы да осы азаматтық сана жайлы болғаны күмәнсіз.

Азаматтық сана – бұл өзге адамдардың өміріне құрметпен қарау. Олардың еркіндігін бағалай білу. Демократиялық қоғамда бұдан жоғары құндылық бар ма? Демократия – әркімнің шексіз еркіндігі емес, өзге адамдардың құқығын құрметтеу. Азаматтық сананың да негізгі кілті осында.

Қоғамға ортақ ізгіліктерді, адамшылық құндылықтар мен қасиеттерді бағалау, оны өз бойыңнан көрсете білу – азаматтық сананың көрінісі. Азаматтық сана – жақсы адам атана қалайын немесе жақсы атқа ие болайын деп жасалатын әрекеттен емес, ардың биігінде, парыз дәрежесінде  қарекет жасаудан көрініс табатын құбылыс. Азаматтық сананы Шәкәрім атамыз «адамдық борыш» деп атаған. «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» дегенде, жеке өзімшіл санадан азаматтық санаға көтерілуді айтқан.

Азаматтық сана – адамшылық қарызы үшін жасалатын қарекет. Бұл – оның  өлшемі. Әр істі құдай қарап тұрғандай сезім биігінде, жауапкершілікті сезіну арқылы жасау. Азаматтық сана – ардың ісі. Мәселен, көшеде кетіп бара жатқанда шашылып жатқан қағазды жинай жүру, қисайған ағашты түзете салу, сүрініп кеткен адамға көмектесіп жіберу, кемтар адамды жолдан өткізіп жіберу, жалпы жүрген жеріңде қоғамдық ізгілік үшін қарекет жасап жүру – бұлар әр адамның бойындағы азаматтық сананың көріністері. Біз орта мектепте білімді балаларымыздың бойына тек ақпарат арқылы ғана емес, тәрбие арқылы да сіңіріп, сол алған білімі мен тәрбиесін азаматтық санаға ұштастыра алуына ықпал етуіміз қажет.

Азаматтық сана тәрбиемен сіңеді, бойға дариды, кейін асыл қасиет ретінде көрініс табады. Оның тағы бір өлшемі – қоғамдық бастамаларға үлес қосу. Керісінше жағдайда, «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болады да шығады. Бұл селқостыққа, немқұрайлыққа бас­тайтын сана. Әр адам өзінің  азаматтық сана дәрежесіне қарай өзі өмір сүріп жатқан қоғамды жасауға атсалыспақ. Бүгінгідей нарықтық қатынастар күшейіп, адамдардың менмендігі, заттық қарым-қатынас артып тұрған заманда, азаматтық сана сол менмендіктен биік тұрып, қоғамға адамшылықтың дәнін себуге ықпал етпек. Бұл – бізге аудай қажет қасиет. Ел болудың басты шартының бірі де осында.

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ, философия ғылымдарының кандидаты

egemen.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk