wrapper

Соңғы жазбалар

Қазақ халқы жолаушыны аса құрметтеген. Жолаушы жүрген адам кездессе оны үйіне әкеп шай беріп, ат-көлігін жайлап, көмектесіп отырған. Жолаушыдан бата алатын болған. Көшпенді өмір кешкен бабаларымыз жолаушы жүрудің жайын жақсы білген. Бабаларымыз ағайын-туыспен араласу үшін, немесе жоқ қарап дегендей жолға көп шығатын болған. Сонымен қатар ата-бабаларымыз табиғатпен етене жақын болып, жолға шыққан жолаушылар жол бағдарын жұлдызға қарап болжап,адаспаған.

Халқымыздың жолаушы жүруге қатысты көптеген мақал мәтелдері бар.

 «Жолы болар жігіттің

Желі оңынан тұрады» десе, «Жол жаман болса, атаң да сүрінеді,

атан да сүрінеді» деп амандықты басты орынға қоя білген.

 Сондай-ақ:

«Жалғыз жүрсең, жолмен жүр,

Жолдан жолдас қосылар.

Жолдан жолдас қосылса,

Жолың болмас несі бар» деп жақсы жолдастың да қасиетін айтқан. 

«Жолаушыны жол сынайды» деп сапар ауыртпалығын айтса,

«Үйінен қырық қадам

Ұзап шыққан адам мүсәпір» деп қандай адамды жолаушы деп айтуға болатындығын білдірген .

 Мүсәпір араб тілінде жолаушы деген ұғымды білдірді. Жолаушыға қатысты асыл дінімізде де тамағаша ғибаратты толғамдар бар. Хадистерде: «Сапар—азаптың бір бөлігі, ол біріңді ішіп-жеуден және ұйқыдан тосады, егер (кісі) шаруасын тындырса, отбасына асықсын» (Муслим) деп, сапар мақсаты аяқталысымен адам дереу отанына немесе отбасына баруды жөн деп көрген.

Дінімізде жаяу жүріспен үш күндік не одан да алыс жерге он бес күннен аз уақытқа барғысы келген адам жолаушы саналады деп көрсеткен.  Шамасы сексен шақырым есептеліп отыр. Исламда жолаушыға көптеген жеңілдіктер бар. Мәселен намазды қысқартып оқиды. Бұл туралы мынандай тағылым бар.

 Омар (р.а) Алла Елшісінен (с.ғ.с): «Намазды неге қысқартамыз?» – деп сұраған. Сонда ардақты пайғамбарымыз: «Алланың сендерге жасаған садақасы, Оның садақасын қабыл алыңдар», – деген екен дейді.  (Муслим). Сапарға аттанған кісі өз мекеніне қайта оралғанға дейінгі уақытта я болмаса басқа жерде он бес күннен артық тұрақтайтын болса ол жолаушы деп есептеледі деп көрсетілген.

 Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  ғибратты хадистерінде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады, ол кісілермен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпірдің дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы», – деген. Яғни жолаушының дұғасының қабыл болатындығын осылай айтып кеткен.

 Ислам тағылымға толы дін екендігін осындай ұлағат тұнған ғибраттардан көре аламыз.

Мирас Көкебаев

Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы,

«Ақтан» мешітінің бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk