wrapper

Соңғы жазбалар

Жалған сөйлеу деген кәдімгі дерт секілді. Адам оған бір машықтанса өтірікші атанып кетуі оп-оңай. Ата-бабаларымыз: «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» деген. Яғни өтірік айтудың қандай зардабы бар екендігін бабаларымыз бір ауыз сөзбен ғана айтып кеткен. «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дейді, дана халқымыз. «Өтірікші алдымен өзін алдар», «Өтірікшінің куәсі қасында», «Өтірікшінің сөзіне сенбе, ебіне сен» деген. Тарқата берсек өтірік айтудың зияны туралы нақылдар көп.

 Қазақ халқы «өтірік пен шынның арасы төрт ақ елі», деп көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік деп, шын сөйлеуге, адалдыққа аса мән берген.

«Өтірік, өсек, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпанды білсеңіз» деп, Ұлы Абай атымыз өтірікті бес дұшпанның біріне қосқан.

 Қасиетті Құранда жалған сөйлеу туралы Бақара сүресінің 10 аятында:

«Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» деп, өтірік айтушыларға қияметте қандай азап барын ескертеді.

 Жалған сөйлеудің залалы туралы көптеген хадистерде жазылған. «Өтірік айту ризықты азайтады» (Әбушшәйх) десе, және  «Өтірік екі жүзділік есіктерінің бірі» (Ибн Ади) делінген. «Иман иесі кез келген қатеге түсуі мүмкін. Бірақ қиянат жасамайды және өтірік айтпайды.» (Ибн Әби Шәйбә, Бәззар) деп өтірік айтудан тыйылуға шақырады.

Ал имам Бұхариден жеткен хадистерде: «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа тартады. Өтіріктен сақтаныңдар, өтірікшілік күнәға, ал күнә жаһаннамға тартады» делінеді. Өтірік айтудан сақтануға үндейді, жақсылықтың пайдасын, оның ғибратын үлгі етеді.

 «Сөзбен шығарылған фитна, қылышпен шығарылған фитна сияқты. Ал өтірік айту, жала жабу арқылы шығарылған фитна қылышпен шығарылған фитнадан да жаман» (Ибн Мажә)

 Осыған қарап, жала жабу, өтірік айту, біреуді жамандаудың ақыреттік азабының аса қатты екендігі айтылады.

 Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) жалған айтудың өте ауыр күнә екені айтып, ондай жаман қылықтан аулақ болуға шақырған. «Сахабалар үшін ең жаман, ең ауыр күнә өтірік болатын. Өйткені олар өтірікпен иманның бір арада болмайтынын жақсы білетін еді», деген, Хазреті Айша анамыз.

Алла Елшісі Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шынында шындық, жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жаннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың жанында шыншыл деп жазылады. Өтірікші жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам (үнемі) өтірік  айтса,  Алланың жанында өтірікші деп жазылады» (Бұхари және Мүслім) деген.

Тағы бір  хадистерде: «Кімде-кімнің бойында мына үш сипат табылса, ораза ұстап , намаз  оқып және өзін мұсылманмын деп айтса да, ол екі жүзді адам болады: егер сөйлесе жалған айтады, егер уәде берсе , бұзады және аманатқа қиянат жасайды» (Бұхари және Мүслім) деген тамаша ғибрат ойымызда болса, тура жолдан адаспаймыз.

Жалған айтудың зияны мына ғибратта да айтылады.

 Бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): Мұсылман адам қорқақ бола ма? Ол: «иә», оған: мұсылман адам сараң бола ма? Ол: «иә», тағы оған: мұсылман адам өтірікші бола ма? деп, сұрағанда: Ол «жоқ» деп жауап берген (Малик).

 Үмму Гүлсум (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «адамдар арасын түзету (достастыру, жарастыру, татуластыру) үшін жақсылықты ұлғайту немесе жасы сөз айту үшін өтірік айтқан адам өтірікші емес»,-деген сөзін естідім» деген.

 Тура сөзде болсақ, тура жолда болғанымыз!  

Тілейбек қажы Соянұлы

Шығыс Қазақстан облысы

Күршім ауданының бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk