wrapper

Соңғы жазбалар

Мұсылман құқы мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салды:

 «Әкелерің үйленген әйелді (оның басқа әйелін) алушы болмаңдар.  Бірақ, бұл аяттан бұрын алып қойсаңдар, оның жөні басқа.  Ол деген барып тұрған оңбағандық, әрі сұмдық жаман салт.  Аналарыңды, өз қыздарыңды, апа-қарындастарыңды, әкелеріңнің қарындастарын, аналарыңның сіңлілерін, аға-бауырларың  мен апа-қарындастарыңның қыздарын, емшек беріп баққан аналарыңды, емшектес болған апа-қарындастарыңды, қайын енелеріңді, өздерің отасқан әйелдердің  (басқа ерінен туып)  сендердің қолдарыңды тәрбиеленген қыздарын ( тіпті  үйлеріңде болмаса да)  егер бұрын некелесіп қойсаңдар, оқасы жоқ.  Содан соң, өз нәсілдеріңнен болған балаларыңның әйелдерін  алуларыңа  және апалы-сіңлілердің  екеуін бірдей алуға болмайды....  ("Ниса" сүресі  22-23 -аяттар).

 Құранның бұл үкімдері сөз жоқ, қараңғы араб қоғамы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін.

Мұсылман құқығының отбасылық қатынастағы тағы бір жаңалығы, бір мұсылманның бас бостандығы жоқ, күңмен некеге тұруына рұқсат беруі еді. Исламға дейін, арабтар күңдерді некелеспей нәпсіні қандыруға қалағанынша пайдаланатын. Ал, ислам күңдермен некеге тұрмайынша жақындасуға болмайтынын ескертті: «Сендерден біреудің, мүмін азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмін күңдерден алсын. Алла имандарыңды жақсы біледі. Бір-біріңненсіңдер. Ендеше күңдеріңді қожайындарыңның рұқсатымен олардың мәһрлерін дұрыс беріп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңілдес болмаулары шартымен алсын» («Ниса» сүресі, 25-аят). 

Мұсылман құқы бойынша әйел мен еркектің табиғи қасиеттеріне қарай өз міндеттері бар. Ер адам отбасының материалдық жауапкершілігін өз мойнына алды  Отбасыдағы ер адамның материалдық жауапкершілігі мына негіздерден тұрды:

1.Азық-түлік. 2. Киім-кешек. 3.Тұрғын үй. 4. Дәрі-дәрмек және емделу. 5. Үй жұмыстары көбейіп моральдық тұрғыдан  салмақ түсетін болса үй қызметшісін жалдау.

Ал, әйел  өз табиғатына сай, үй тіршілігін, яғни, ас пісіру, киім-кешекті жуу, үйді тазалау, сәндеу, бала-шағаға тәрбие беру секілді нәзік істерді атқарады.

Мұсылман құқы ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әр-түрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, отбасының бұдан әрі  бірге өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда, олардың  ажырасуына рұқсат берген.   Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Бұл Аллаһтың  ұнатпайтын ісі» деп  ескертеді.   Ажырасу -­ мұсылман құқығы  бойынша талақ деп аталады.  Талақ етудің мынандай ерекше негіздері бар:

1. Құран мен сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету харам (тыйым салынған).

2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету - мәкрүһ (Аллаһ сүймейтін, жақсы көрінбеген).

3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу ­-  сүннет.

4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз. 

 5. Араларында сүйіспеншілік пен махаббат  болмаған жағдайда  ажырасуды ерлі- зайыптылардың өздері шешеді.

Мұсылман құқы талақ үкімін отбасыны  бұзу үшін емес, қайта оның  беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе отбасы  болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ  жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеште болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісі әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған.

Мұсылман құқығы некенің маңызды екенін білдіру мақсатында «талақ» сөзінің қалжың болса да айтылмауына  аса мән береді. Талақтың  мақсаты жұбайларды  жарастыру. Себебі еркектің талақ айтуы үшін қойылған  ең жақсы тәртіп бойынша талақ үш рет айтылуы керек. Яғни, талақ еткеннен кейін, ерлі-зайыптыларға қайта қосылуға үш рет мүмкіндік береді. Қайта қосылуға мүмкіндік беретін мұндай талақ етуді «ража талақ» деп атайды. Соңғы талақ айтылғанға дейін 3 ай мерзім өтеді. Бұл ұзақ мерзім олардың өкінуі мен ойлануларына уақыт береді.  Ал, үш рет талақ еткеннен кейін рұқсат бермейтін талақ түрін «вайн талақ»  деп атайды.

Мұсылман құқығы бойынша мұсылман ер адамға бір мезгілде төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат берді. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: «...Өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер...»(«Ниса» сүресі, 3-аят). Бірақ, мұсылман құқығында ер адам әйелдеріне тең қарай алмаса, көп әйел алу харам (тыйым салынады) саналады. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «..Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар...» («Ниса» сүресі, 3-аят). Яғни, көп әйел алуға ер адамның психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығы болып, әйелдерін бір-бірінен алаламайтын теңдік қағидасы негізінде қарауы тиіс. Мұсылман құқы көп әйел алуға мынандай себептердің болуы керектігін алға тартады:

1. Физиологиялық тұрғыдан күшті болып, бірінші әйелінің келісімімен  әйел алуға болады.

2. Бірінші әйелінің физиологиялық тұрғыдан кемістігі (тумайтын бедеу немесе әртүрлі ауруларға ұшыраса) болса, келесі бір әйелмен некеге тұруға болады. 

3. Туған жерінен түрлі  себептермен басқа елге өтіп кеткен жағдайда, алты айдан кейін басқа әйелмен некеге тұруға болады.

4. Соғыс жағдайында ері қайтыс болған жесір әйелдердің ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкін басы бос әйелмен некеге тұруға болады.

 Ислам төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат беруі қоғамының көптеген әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне  ықпал етеді. Шайқастарда мерт болғандардың жесір қалған әйелдеріне өзге мұсылмандар үйленіп, олардың қамқоршысы болды. Нәтижеде, жесір әйелдердің отбасылық әлеуметтік мәселелері оң шешіліп, мұсылман құқығының бұл шешімі жесір әйелдердің жоқшылықтан жаман жолға түсуінің алдын алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жесір қалған әйелдерге өзі де үйленіп, басқа мұсылмандардың жесір әйелдерге үйленіп, оларға қамқоршы болуын үндеді.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі­ -  тайпалық дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас ала лмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирасты иеленетін.  Осыдан араб қоғамында дүние-мүлікті мұра  қалдыруда үнемі келіспеушіліктер  мен  реніш туатын еді. Ал, мұсылман құқы бойынша отбасының барлық мүшелері белгілі мөлшерде мұрадан үлес  алу құқына ие.  Қайтыс болған  адамның артында сәби ер мұрагері қалған болса, мұраның үштен екісі оған берілді. Әйел немесе қызға қарағанда ер баланың мұрадан алар үлесі екі есе жоғары болды. Ал, мұрагер қыз бала болса, мұраның жартысы оған берілді. Кәмелет жасына толғанға дейін, сәбилердің мұрасын мұсылман қазысы (соты) сенімді бір адамға аманат ретінде тапсырады. Мұрагерлер ержетіп, оң- солын танығаннан кейін, мұра оған тапсырылуы тиіс. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: «Және Алланың сендерді басына тұрғызған малдарды ақылсыздарға бермеңдер (Жетімнің малын ақыл-есі толмай өздеріне тапсырмаңдар). Оларды тамақтандырып, киіндеріңдер де, оларға сыпайы сөз сөйлеңдер. Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне беріңдер. Сондай-ақ, олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп жемеңдер..» ("Ниса"  сүресі,  5-6 аяттар ).  Қайтыс болған адамның баласы болмай, әке-шешесі болса, онда әйеліне мұраның үштен бірі тиесілі болды. Егер, қайтыс болған адамның аға-іні, әпке-қарындасы болса, онда әйелге мұраның алтыдан бірі тиді. Ал, қайтыс болған адамның баласы мен әке-шешесі болмаса, онда әйеліне мұраның жартысы қалдырылды. Қайтыс болған адамның әке-шешесі жоқ, бірақ, балалары болса, онда әйелге мұраның төрттен бірі тиесілі. Қайтыс болған адамның әке-шешесі мен баласы болмаса, қайтыс болушының аға-іні, әпке-қарындастары мұраның алтыдан бірін ала алды. Ал, егер қайтыс болушының туыстары көп болса, онда мұраның үштен бірі солардікі. Қайтыс болушының артында жалғыз қыз баласы қалған жағдайда, мұраның үштен бірі қызына қалдырылып, мұраның қалған бөлігі жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға берілді. Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі, қайтыс болған адамның жесірін де, қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін. Ал, мұсылман құқы әйелдің еркі болмаса, зорлықпен әмеңгерлікке алуға тыйым салды. Бұл туралы Құранда: «Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес..» ("Ниса"    сүресі, 19-аят ).  Шариғат заңы  бойынша мұра алам деп бір-бірін өлтіргендерге мұрадан үлес  берілмеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ): «Өлтірген адамға мұрадан  үлес жоқ» деген болатын.  Сонымен қатар, мұсылман құқында некесіз туылған балалар мұрагерлік құқына ие бола алмайды.

Осылайша Исламға дейін әйелзатын құмар қандырушы бір сәттік ләззатқа балаған араб қоғамына ислам түбегейлі өзгерістер әкелді. Исламның келуімен  ескі тағылық, тұрпайы іс-әрекеттердің бәріне тыйым салынып, жеңіл жүріс пен көңіл көтеру, зина секілді азғынданудан ада, пәк, белгілі бір тәртіпке бағынған абыройлы отбасылар пайда болды.

Мұхан Исахан


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk