wrapper

Соңғы жазбалар

Естуім бойынша ислам дінінде бала асырап алуға тыйым салынған екен. Бірақ, бұл өте қайырлы іс емес пе, осыны түсіне алмадым. Бала асырап алудың талаптары мен шарттары бар ма?

Ислам дінінде бала асырап алуға тыйым салынбаған. Керісінше жетім баланы бауырыңа басып, қамқорлық көрсету өте құптарлық іс. Алайда, асырап алған балаға туған әкесінің аты мен тегін беру керек. Асыраушының өз тегін беруіне рұқсат етілмейді. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл туралы:  

«Адамға Алла екі жүрек бермеген. Сондай-ақ, сендер зиһар (әйелін туған анасына теңеу)айтып, серт еткен әйелдерің аналарың бола алмайды. Ал өгей балаларың өз балаларың болмайды. Оның барлығы сендердің жай ғана ауызбен айтқан сөздерің ғана. Тура жолға бастайтын шынайы ақиқат – тек Алланың аяттарында ғана» деп, келесі аятта «Өздерің асырап алған өгей балаларыңды туған әкесінің атымен атаңдар. Алланың алдында осылай жасағандарың әділ болады. Ал егер де, олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар сендерге, дін жағынан бауыр болып, туысқан болып келеді. Білместіктен қателік жасап жатсаңдар күнә болмайды. Біле тұра әдейі жасағандарыңның жөні бір бөлек. Алла Кешірімді, Мейірімді»»(Әл-Ахзаб сүресі, 4-5 аяттар), – дейді.

Өгей бала, асыранды бала жайлы алғашқы ақиқат заң осы аятта меңзелген Зайдқа байланысты өз күшіне енді. Ол бұған дейін Заид ибн Мұхаммед деп аталып келген. Жоғарыдағы аят түскеннен соң Алла елшісінің асырап алған баласы Заид, өзінің туған әкесі Харистің есімімен аталды (Ибн Касир тәпсірі).

Асырушысы асырап алған баласын бел баласы санап, туған әкесін айтпай, ақиқатты жасыруға болмайды. Сол сияқты бала да туған әкесін біле тұра атамауына болмайды. Білсе соның тегін алып, атын атау керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өзінің әкесін (әкесі екендігін) біле тұра жасырып, өзге адамды әкем деп айтатын болса, оған жәннат харам етіледі» (Муслим, иман 115), – дейді. Мұның себебі, асыранды бала болашақта өз қандасына үйленіп қоймас үшін тегін білуі керек. Қазақта жеті атасынан аспай қыз алмайды. Міне, бұл да толығымен шариғи заңдарға саяды.

Бала асырауда шариғаттағы мирас мәселесіне көңіл бөлу қажет. Қамқоршының артында қалған мал-мүлкін мұраға беру туыстық қатынасты қажет етеді. Сондықтан да дүние-мүлік алдымен Қасиетті Құранда белгіленген тумаларына беріледі. Асыранды баласына көзінің тірісінде сыйлық ретінде беруге болады.

Міне, осы қағидаларды ескере отырып, біреудің баласын асырап, мейіріммен бағып-қағуға еш кедергі жоқ. Керісінше бұл сауапты істерден болмақ. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде «Жәннатта менімен жетім баланы асыраушының арасы осындай болады» деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ халқы да «Жетім көрсең жебей жүр» деп текке айтпаса керек.  

Ершат Оңғаров


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk