wrapper

Соңғы жазбалар

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесін бәрінен жоғары қойған. Мұның өзіндік қыры мен сыры бар. «Жаста берген тәрбие- жас шыбықты игендей»,- демекші. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы - туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Ана - бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды.

Жалпы, «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» - деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тэрбиеленуі туралы айтады. Тәрбиенің негізі «ананың элдиінен» басталады. Ана тәрбиесі ұлылық дэнін себеді. Тәрбиелі анадан - тәрбиелі бала өсіп шығады. Ал, экенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Отбасы - ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, үрпақтың, ата- бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірібиесі, өмірдегі беделі, ақыл- кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі - үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келгеннен бастап ата-ананың ықпалында болып, бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады.

Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, әке мен ананың жақсылығы мен дәулетінің қызығын көріп қана қоймай, адамгершілік, әдеп-инабат тағьшымдарын алуы, оларды меңгеріп іс- жүзінде қолдануы тиіс. Отбасындағы тәрбиенің ең дұрысы- баланы еңбекке баулу. Ол - адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Отбасындағы, қоғамдық ортадағы тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тэрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Сонда ғана отбасы мүшелелері арасындағы қарым-қатынаста эдеп- инабат, адалдық пен ақпейілдік үстем бола алады.

Қазақтың: «Баланың бас ұстазы - ата-ана» - дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы - егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесі - қоғам алдындағы ортақіс. Бала тәрбиесіндегі адамгершілік тәрбие - балалардың адами сана- сезімін, мінез-құлқын қалыптастыруды қамтиды. Дәлірек айтқанда, адалдық пен шыншылдық, адамгершілік пен кішіпейілдік, қарапайымдылық пен сыпайылық, үлкенді сыйлау мен ибалылық. Ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - дегендей, ата- ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер не айтса, соны айтатыны, не істесе, соны істегісі келетіні белгілі. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені ол үшін адамгершілік тәрбиенің ең үлкені.

Демек, жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға берер тәлімі мол болмақ. Бүгінде көгілдір экранның адамзат баласы үшін маңызы зор. Алайда аталмыш дүние адам психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Өйткені, батыстан экелініп жатқан айқай-шуға, қатігездікке толы, мағынасын түсініп болмайтын мультфильмдер бүлдіршіндердің санасына айтарлықтай әсер етуде. Шетелдік мультфильмдерде балаларды қызықтыру аясы өте жақсы ойластырылған. Аталмыш дүниелер балалардың орнынан тапжылмай отырып көрулеріне арналғандай.

Мамандардың пікіріне сүйінсек, балалар мен жасөспірімдер теле- аудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Мультфильм — жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Балалар жақсы мен жаманды да содан үйренеді. Ендеше, жас буынның бойында туған тіл, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін, сондай-ақ, баланың ой-өрісін дамытуға, ұлттық рухтағы тәрбиесінің бекуіне жол салатын қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер көп шығарылу керек. Қазіргі ақпараттық заманда көгілдір экранның күшті насихат құралына айналғанын ескерсек, отандық телеарналарда балаға ұлттық тәрбие беретін қазақ тіліндегі мультфильмдердің бар екенін ескере отырып, бүгінде олардың санын көбейту керек дегім келеді. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ұлтгық педагогика қашан да халық тәрбиесін үлгі тұтады. Халық педагогикасына нәрестенің сезімін ананың эуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал- мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қиял- ғажайып ертегілері, ой-өрісті дамытатын ойындар, ұлттық тәрбие негіздері жатады. Міне, мұның барлығы адамгершілікке баулиды. Олай болса, тәрбие кілті - халық педагогикасында деуге толық негіз бар. Өйткені халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасы адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірбандықты дәріптейді. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сынды адамгершіліктің құнды қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тэрбиелеуде отбасы шешуші рөл атқарады. Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ дана халқымыз тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін бесіктен бастаған. Әңгімелер, ертегілер баламен қатынасының ең нәтижелі құралы болып табылады. Атақты педагог Ы.Алтынсарин: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», - деп атап айтқан. Ертегілерде жақсылық пен жамандық, батырлық, жауыздық, қорқыныш пен әділетсіздік бар екендігі белгілі.

Сондай-ақ, олардың бір-біріне қарсылығы, ең бастысы, небір қиын- қыстау жағдайда қалай жеңіп шығу мүмкіндігі көрсетіледі. Шариғатта алтын ұя - отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Ойткені: «Балалар - ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» Бұл анықтаманы жадыда ұстау былай тұрсын, әр үйдің мандайшасына іліп қоюға тұрарлық. Баланы өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалық шақ, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін отбасын бақытты жағалауын бетке алып, өмір — айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі - әке мен ана дер едік. М.Жұмабаев: «Жас бала - жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», - деген екен. Демек, баланы патриоттыққа тәрбиелеу, отансүйгіштік пен ұлтгық намысын ояту - ең басты мәселелердің бірі. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне бүкіл халық болып жұмылғанымыз жөн. Сонда ғана көтерер жүгіміз жеңілдеп, көкжиегіміз кеңеймек.

Айткүл ШАКИ

Baq.kz 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk