wrapper

Соңғы жазбалар

Аллаға сенің жаққаның-

Ата-ана көңілін тапқаның.

Жасыңнан қылып қызметін,

Қартайса бағып қаққаның!

     Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі. Сондықтан біздің  дінімізде де, ділімізде де, дәстүрімізде де «ата-ана» ұғымы қастерлі де қасиетті.  Қазақы мұсылман отбасында ата-ана шаңырақтың шамшырағы, әрқайсысы өзіндік шоқтығы биік тұғырымен отбасының ұйытқысы. Асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрімен сабақтастыра білген момын халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған. Аналарымызды сол шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы іспетті құрметтеп қастерлеген. Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған  осы бір құнды нығметінің қадірін жете түсінген халқымыз: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», - деп түйіндеген.

      Барша адамзаттың жаратылу мақсаты – Алла Тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. Құранда бұл ақиқат, яғни Алланы танып, Оған ғана құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндеті айтылады. «Исра» сүресінің  23-аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана Өзіне ғибадат етулерiңдi, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмiр еттi» - деп, Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың парыз екенін мәлімдейді. Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?»,- деп сұрағанда, Алла Елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей уақытында оқылған намаз». Сахаба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?» - дегенде, Алла Елшісі: «Ата-анаңа жақсылық жасау»,- деп жауап қатады (Бұхари, Мүслім). Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а) жоғарыдағы аяттың «... ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киіміңнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін»,- деп тәпсірлейді. Осылайша ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.

     Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне(с.ғ.с) бір кісі келіп: “Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?” – деп сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Анаң», - деді. Әлгі кісі: “Сосын кім?” –деді. «Анаң», - деді пайғамбарымыз. “Сосын кім?” – деп сұрады әлгі кісі. Пайғамбарымыз тағы да: «Анаң», - деп жауап берді. “Ал одан кейін ше?” – деді қайта сұрақ қойған кісі. Пайғамбарымыз содан кейін барып: «Әкең», - деді» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Осы хадистен жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан – бұл ана екенін түсінеміз. Бала ананы әкеден де артық сыйлауға тиіс. Әкеден гөрі ананың хақысы биік. Бала әкеге өте үлкен құрметпен қарауға міндетті, ал ананың хақысы әкеден қарағанда үш есе жоғары. Неге? Өйткені, ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. Біріншіден - нәзік жанды ана сізді жатырында, өзінің ішінде ауырып, қиналып тоғыз ай бойы көтеріп жүрді. Екіншіден - босануға байланысты болатын бүкіл азапты татып, зорықты. Үшіншіден - түнімен, күнімен көз шырынынан айырылып, сізді емізді. Аса мейірімді Алла қасиетті Құранда былай дейді: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар» (Лұқман сүресі, 14-аят). Осы берекелі аятта ана баланы дүниеге әкелуге байланысты бірінен соң бірі ауырлап келетін кезеңдерді өзі өткізетіндігін баяндайды. Оның жатырына жарынан бір тамшы су түскен сәттен бастап қиыншылық басталады.

      Бұл қиыншылықтарды тек Алла ғана біледі. Ол жүктіліктің ауыр алғашқы  айларын, кейін шақалақты көтеріп жүретін соңғы қиын айларын өткізеді. Содан соң бала іште жатып қалыптасып біткеннен соң, толғақ қысып, босану басталады. Бұл сәтте ана өлім мен өмірдің арасында жатады. О дүниелік болып кету ықтималы жоқ емес. Құлынын жарық дүниеге әкелемін деп кез келген сәтте өзі о дүниелік болып кетуі мүмкін. Алланың қалауымен, аман-есен босанып болғаннан соң емізу кезеңі басталады. Ол уақытта ана қатты әлсіреп, иммунитетінен айрылады. Мұның барлығынан өткеннен кейін әкесі екеуі баланы асырап, дұрыс тәрбие беруге кіріседі. Анаңыз бір сәтке де ойланбастан осының барлығын сіз үшін істейді. Бүкіл ауру-сырқатын, қатты қалжырағанын, қарны ашқанын ұмытып сіз үшін отқа да, суға да түсуге дайын тұрады. Осылай істегені үшін ол ешкімнен жалақы да, сыйақы да күтпейді. Ол сіздің пайдаңыз үшін аянбай еңбектенеді. Алланың оның жүрегіне салған сізге деген аяныш сезімі болғандықтан, жаны ашығандықтан осының барлығына бел сыбана кіріседі. Өмір бойы ана баласы үшін тынбай жұмыс жасайды. Науқастанып қалса, күтіп бағып-қағады. Жамандыққа жолықса, сары уайымға салынып қайғырады. Ес білмейтін кезде баланың бүлдіргендерін ізінен жүріп жөндеп жүреді, бұтына жіберіп қойған баланы, оның лас киімін жиіркенбей, қабақ шытпай жуып-шаяды. Сізден шыққан жағымсыз иістен, жиіркенішті көріністен жайсызданбады. Сіз ұйықтасын деп ол өзі ұйықтамады. Сіз бақытты болуыңыз үшін рахат өмір мен тыныштықтан бас тартты.

    Оның бар ойы сізсіз, бүкіл уайымы да, қайғысы да сіз жайында. Оның өмірде ең қатты күткен күні сіздің ересек болып, аяғыңыздан тұрған күн еді. Сізге жаман болса, оған жаман. Сіз бақытты болсаңыз, ол да бақытты. Әй, ана жүрегі! Саған ұқсас бір нәрсе бар ма? Оған сәйкес таңғажайып, таңдай қақтырар нәрсе жоқ. Өйткені, ол ешқашан өтірік айтпайды. Алла Тағала ана жүрегіне балаға не болып жатқанын сезетін айрықша қабілет берген. Егер ұлы не қызы бір бәлеге жолығып қалса, ана жүрегі алдамай бір белгі береді. Ана жүрегі алдамайды. Ал, әкеңіз сізді және сіздің аға-інілеріңізді, әпке-қарындастарыңызды асырап, тәрбиелеу үшін демалмай, көп қиыншылықты иығымен көтеріп, зорығып еңбек етті. Бақытты болсын, тұрақтылық, қауіпсіздікті қамтамасыз етемін деп арзан аяқ киім киіп, жұпыны киінді, қарабайыр тамақтанды. Балам жоқшылық көрмесін, ешкімге мұқтаж болмасын, көңілі құлазымасын деп өзін қоярға жер таппай табыс кіргізуге тырысты. Әркімге қарызданып-қауғаланса да, намысқа тиетін сөздер естісе де сіздердің қамдарыңыз үшін жанталасты. Ешкімнен кем болмасыншы деп осындай жанкештілікке барады. Ал сіз тіпті не болып жатқанын білмейсіз де. Сіз ол кезде ұйықтап, оянып, секіріп, ойнап, әкеңіз қалай шаршап-шалдығып келіп отырғанын да түсінбейтінсіз. Әбу Һурайра – пайғамбарымыздың жақын сахабаларының бірі. Пайғамбарымыздан өте көп хадис жеткізген. Алла ол кісіге разы болсын. Бірде сол Әбу Һурайра жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Һурайра  артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һурайра оған: “Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!”, – деді (әл-Хаким). Егер кісі әкесінің алдына шығып жүрер болса, оған құрметсіздік қылған болады. Тек әкенің алдында бір тас немесе ағаш немесе басқа бір кедергі жатса, соны алып тастау үшін алдыға шығуға болады. Сонымен қатар, әкенің атын атамай  «әке, әкетай, әкешім» деу керек. Ойланып көріңізші, сіз ата-анаңызды қалай атап жүрсіз және олар үшін қандай жақсылық жасадыңыз ?!

     Алла Тағала Құранда: «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым»,деп ескертеді (Лұқман сүресі, 14-аят). Аллаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баяндалуы – бұл амалдардың бірінсіз-бірі қабыл болмайтындығында.  Абдулла ибн Аббастан (р.а) келген риуаятта: «Үш аят үш түрлі нәрсеге байланысты болып түсті. Олар бір-бірінсіз қабыл болмайды. «Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер» (Бақара сүресі, 43-аят). Кім намазын өтеп, зекетін бермесе, құлшылығы қабыл етілмейді. «Аллаға бойұсыныңдар және де Елшісіне бой ұсыныңдар!» (Ниса сүресі, 59-аят). Кім Аллаға бойұсынып, Оның Елшісіне бойұсынбаса, оның Аллаға бойұсынуы қабылданбайды. «Маған және ата-анаңа шүкір ет» (Лұқман сүресі, 14-аят). Кім Аллаға шүкіршілік етсе, бірақ  ата-анасына шүкіршілік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды», – делінген.

    Әнас ибн Малик (р.а.) риуаятында: «Расулалла (с.ғ.с)  дәуірінде Алқама есімді жігіт болған еді. Ол өте ынталы, көп садақа беруші жігіт еді. Бір күні науқас болып, сырқаты асқына түсті. Әйелі күйеуінің өлім халінде екендігінен құлағдар етіп Пайғамбарға (с.ғ.с) хабаршы жібереді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) Біләл, Әли, Салман және Омарға: «Алқаманың халін біліңдер», – деп тапсырады. Алқама тілін кәлимаға келтіре алмай, қатты қиналып жатыр екен. Біләл Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Оның ата-анасы бар ма?» – деп сұрайды. Жанындағы кісілер: «Әкесі өлген, қарт анасы бар», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Біләл, анасына барып, келе алатын болса ертіп кел, келе алмайтын болса, мен өзім барамын», – дейді. Біләл барған кезде анасы: «Жаным Алла Елшісі жолында құрбан болсын, мен өзім баруға тиістімін», – деп, таяғына сүйенген күйі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  құзырына келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол кісіден: «Маған турасын айтыңызшы, өтірік айтсаңыз, Алла Тағаладан маған уахи келеді. Алқама қандай адам еді?» – деп сұрады. Қарт ана: «Уа, Расулалла, ол намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақалар береді, берген садақасының санағын білмеймін», – деді. «Ал, ұлыңызбен мәмілеңіз қалай еді?». Алқаманың анасы сәл кідірістен соң: «Уа, Алла Елшісі, мен оған ренжулімін», – деді. «Не үшін?», - деп сұрады пайғамбарымыз (с.ғ.с). «Ол әйелін менен жоғары қоятын, соны қоштап, маған құлақ салмайтын еді», – деп күйінішін білдірді қарт ана. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ия, түсінікті. Тілін кәлимадан тосқан анасының ашуы екен ғой», – деді. Біләлға: «Көп отын жиыңдар, Алқаманы өртейміз», – деді. Жанұшырған анасы: «Уа, Алла Елшісі! Жүрегімнің жемісі ұлымды көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа, Алқаманың анасы! Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егерде сіз ұлыңызды кешірмесеңіз, оның оқыған намаздары мен берген садақаларынан еш пайда жоқ», – деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп: «Жалғыз Алланың Елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп отырып, Алқамаға разы екендігімді жеткіземін», – деп, кешірімін берді. Осыдан соң Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ей, Біләл! Алқаманың жағдайын біл, кәлиманы айта алды ма екен. Алқаманың анасы менен ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар», – деді. Хазреті Біләл оның үйіне барып: «Уа, халайық! Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Алқама сол күні қайтыс болды. Алла Елшісі оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназасын шығарды. Кейін қабірдің басында тұрғанында:«Уа, муһажир және ансарлар! Кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынетіне ұшырайды! Оның парыз және нәпіл ғибадаттары қабыл . болмайды», – деді.

     Өкінішке орай қазіргі уақытта ата-анасын сыйламау, сөзіне құлақ аспау, қарсы шығу, дөрекі сөйлеу, қол көтеру, әйелі мен бала-шағасының ақысын олардың ақысынан жоғары қою, қарттар үйіне өткізу сынды иісі мұсылман баласына  теріс те жат  оқиғалар орын алуда. Бұл қасіретті індет – дінімізде үлкен күнәларға жатады. Анастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен күналар туралы: «Олар – Аллаға серік қосу және ата-ананы құрметтемеу»,- деген (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген мақал сөздер бар. Адам өзінің әке-шешесіне қандай қарым-қатынас жасаса, алдағы уақытта оған балалары да солай қарайды. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз. Алла ешқашан құлдарына жамандық тілемейді. Жамандықты тілеп алатын құлдарының өзі. «Амалына қарай табары» демекші, адам баласы іс-әрекетіне қарай жемісін алады. «Не ексең, соны орасың» дегендей кейде адам баласы басына келген қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттердің себебі не екен деп ойға батса, әрбір қасіреттің астарында бір себеп барын байқайды. Тағдыр әрдайым әділетті түрде үкім береді. Құранда «Жақсылықтың нәтижесі жақсылықтан басқа не болады?», - деп (Рахман сүресі, 60-аят), жақсылық жасаушының ізгілікке тап болатыны айтылады. Осыған орай жамандық жасаушы да жамандыққа тап болады. Мұндай жиіркенішті істерді істемек түгілі ата-аналарға «түһ» деген сөздің өзін айтуға болмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады:

 «Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып: Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр, – деп дұға жаса»(Исра сүресі, 23-24 аяттар). Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болса, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент қанша ізгі амал істесе де, жәннатқа кіре алмайды. Ал, ол екеуіне жақсылық етуші перзент қандай (кіші) қателік істесе де, тозаққа кірмейді», – деген.

    Кейбір адамдар: «жолымыз болмай жүр, жұмысымыз жүрмей жатыр, ісіміз оңға баспай жатыр, қиыншылық, кедергілер жиілеп кетті, берекеміз қашты, жамандықтан көз ашпай кеттік», - деп шағымданады. Одан кейін тығырықтан шығу үшін әртүрлі жол (көріпкел, тәуіп, бақсы-балгер, құмалақшы...) іздейді. Тіптен жайқалып өсіп тұрған талекеш талдың өзін қасиетті санап, ақ мата байлап, басын тауға бір, тасқа бір ұрып дал болады. Ал расында, жолымыздың ашық болуына, өміріміздің ұзақ, ризық-несібеміздің мол әрі берекетті болуына «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың» деп, Абай атамыз айтқандай әуелі Алла, кейін себепші ол -  ата-анамыз екенін біле бермейтіндігіміз өте өкінішті.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын»,-деген (Ахмед ибн Ханбәл). Әке-шешенің баласына жасаған дұғасы күмәнсіз қабыл! Әбу Һурайрадан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш түрлі дұға қабыл, оған еш күмән жоқ. Олар: зұлымдық көрген кісінің дұғасы, жолаушы кісінің және ата-ананың баласына жасаған дұғасы»,- деген.

      Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деген.  Алла Тағаланың разылығына бөленгіңіз келсе, ата-анаңыздың разылығын алыңыз! Ол үшін салиқалы бала болыңыз!    «Салиқалы бала» деп кімді айтамыз? Ол:

-  Бір Аллаға сыйынып, Одан шынайы қорқатын,

-  аузында кәлимасы, жүрегінде иманы бар,

-  Пайғамбар сүннетін берік ұстанған,

-  салт - дәстүрін дәріптеп, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсеткен,

-  құлшылығы бүтін нағыз момын,

-  мұсылмандық атына заты сай, яғни сөзі мен амалы тоғысқан,

-  ата-анасына бойұсынып, айтқандарын екі етпей орындайтын,

-  ата-анасына дөрекілік көрсетпей, алақанына салып аялайтын,

-  өзі үшін дұға қылғанда, ата-анасы үшін де дұға ететін,

-  ата-анасының атынан садақа беріп тұратын,

-  ата-анасының туған-туысқандарымен әрдайым сыйласып, қарым-қатынасты үзбеген Алланың нағыз құл пендесі.

    Ия, құрметті ағайын, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ата-анамызды ренжітіп, Алланың қаһарына ұшырап қалмай, олардың ақ батасын алып, Алланың разылығына ие болуға асығайық ағайын! Алла Тағала баршамызды сүйікті де салиқалы құлдарының қатарында болуды нәсіп еткей! Әмин!

Алмас Айткәрімұлы,

Шығыс Қазақстан облысы,

Өскемен қаласы,  «Защита» мешітінің

бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk