wrapper

Соңғы жазбалар

Құрбандыққа шалуға болатын малдар

Тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Бірігіп құрбан шалу

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан , ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа жарамайтын малдар

Пайғамбарымыз (с.а.у) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Анық соқыр, таза аурушаң, (жүре алмайтындай күйдегі) таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды»4, - деген. Ханафи мәзхабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жарамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар: - бір көзі соқыр - сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде арық - құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген - тістерінің көбісі түсіп қалған - емшектерінің басы жұлынып қалған - бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk