wrapper

Соңғы жазбалар

Дұғаның адам өмірінде алатын орны өте ерекше. Дұғаның маңыздылығы жайлы Қасиетті Құранда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көп айтылған. Тіпті Алла Тағала адамның өмірінде дұғасы болмаса ешбір маңыздылығы жоқтығын да аяттарда ескерткен. Олай болса осындай маңызды дұғаның да өзіндік шарттары мен пайдалары бар.

Дұғаның шарттары :

1. Дұғаның қабыл болуы үшін мына дүниенің өзіндік заңдары мен себептерін ешбір ақаусыз атқаруымыз қажет; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана дұға етіп қана отырмай, ол үшін қажетті шарттардың бәрін орындаған. Мәселен, Бәдір шайқасында Алланың елшісі бүкіл дайындықтарын жасағаннан кейін барып, қол жайып Жаратқаннан медет тілеген болатын. Сондықтан ғалымдарымыз дұғаны екіге бөліп қарастырған. Біріншісі «фиғли дұға», яғни, ісіміз арқылы Ұлы жаратушыдан тілеу. Мысалы, жер жыртып, дән сеуіп, оны жаз бойы суарып, өсіп-жетілуі үшін керекті барлық іс-шараларды атқару. Мұндай дұға Алла тағаланың орнатқан заңдары мен себептерін орындау арқылы жүзеге асатындықтан көбіне қабыл болады. Ал екінші дұға «қаули дұға», яғни, сөзбен не жүрекпен тілеу арқылы болатын дұға. Қаули дұғадан бұрын фиғли дұға жасалу керек. Іс істемей жатып, жасаған барлық дұғаларды Алла тағала қабыл ала беретін болса, елдің бәрі жатып-ішер жалқауға айналар еді. Ал Алла тағала құлдарының жалқау болуын, әлбетте қаламайды. Әр сұрағанымызды Алла тағала сол мезет бере берсе, дүниедегі тепе-теңдік бұзылар еді.

2. Дұғаны шынайы ықыласпен жасау; Құрандағы:  

فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ

«Аллаға шынайы ықыласпен дұға қылыңдар» [1] деген аят осыған шақырады. Ал Алла елшісі (с.ғ.с):

وَاعْلَمُوا أَنَّ الله َلاَ يَسْتَجِيبُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لاَهٍ

«Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді»

3. Харам аспен қоректенбеу;

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бір адамның алыс сапарға шығып, алба-жұлбасы шыққан кейіпте екі қолын көкке көтеріп, Алладан дұға қылғаны жайлы жеткізе келе :

مَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَغُذِىَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ

«Алайда, оның ішкен-жегені, киген киімі харам болса, дұғасы қалай қабыл болсын?» [3] деген. Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.

3. Құбылаға қарап, дұға жасау;

4. Дұға жасағаннан кейін бетті сипау;

كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ ـ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِى الدُّعَاءِ لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дұға қылған кезде қолдарын көтеріп бетін сипамастан түсірмейтін еді»

5. Қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау; Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар. Сол хадистің бірінде:

أَقْرَبُ مَا يَكُونُ العَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ فَأَكْثِرُوا الدَّعَاءَ

«Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан сәждеде мол дұға қылыңыздар» деген.

6. Дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау;

7. Алла тағаланың көркем есімдерімен дұға тілеу; «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейрімділіктің қалануы, Шаафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады.

8. Дұғаны үш реттен қайталау керектігі жайлы Ибн Масғуд:

قَالَ اِبْنُ مَسْعُود رَضِيَ اللهُ عَنْهُ كَانَ عَلَيْهِ السَّلاَمُ إِذَا دَعَا دَعَا ثَلاَثًا وَاِذَا سَأَلَ سَأَلَ ثَلاَثًا.

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға еткенде, бір нәрсені сұрағанда, үш реттен қайталайтын» [5] деген. 

[1] «Ғафир» сүресі, 14-аят

[2] Күдікпен күрестен, Қ. Жолдыбайұлы

[3] Сахих Муслим, 2-том, 703-бет Дәру Ихиа ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут.

[4] Тирмизи,

[5] Әбу Дәууд, ас-Соләт, 361


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk