wrapper

Соңғы жазбалар

Ислам намазды діннің ең басты тірегі әрі ажырамас міндеті ретінде санап, куәлік етіп, Аллаға серт бергеннен кейін (шахада), осынау құлшылық түрін күніне бес мәрте уақыты кіргенде орындауды ақыл-есі түзу балиғат жасқа жеткен әрбір мұсылманға парыз етті.

Намаз біреуге міндетті болу үшін, келесі үш шарт орындалуы тиіс:

1. Мұсылман болу;

Намаз исі мұсылман баласына яғни ер мен әйелге парыз. Құранда Алла тағаланың: «Мені еске алу үшін намаз оқы» деуі намаздың парыз екенін дәлелдейді («Таһа» сүресі, 14-аят). Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаздың маңыздылығын ескерте келе, ақыретте адам ең алдымен намаз үшін сұралатындығын да айтқан.

2. Балиғат жасына толу;

Шариғатымызда құлшылықты орындау адамға балиғат жасына толған шағынан бастап міндеттеледі. Сондықтан, балдырған балалық шақта намаз оқу міндетті емес. Алла елшісі (с.ғ.с.):

«Үш түрлі адамға қалам жүрмейді (яғни, күнә жазылмайды): оянғанға дейін ұйқыдағы адамға, айыққанға дейін есі ауысқан адамға және балиғат жасына жетпеген кішкене балаға» деген (Бұхари, Талақ; Әбу Дәуіт, Худуд, 17; Тирмизи, Худуд, 1).

Алайда баланы кішкентай кезінен бастап жауапкершілікке баулу үшін  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде ата-аналарға балаларын жеті жастан бастап намазға үйрету керектігін айтады. Онда:

«Балаларың жеті жасқа келгенде, намаз оқуды бұйырыңдар......» дейді (Әбу Дәуіт, Сала, 26; Ахмед ибн Ханбәл, 2/187).

3. Ақыл-есі дұрыс болу:

Шариғат бойынша есінен ауысқан, ақыл-есі кембағал жандарға намаз оқу міндеттелмеген. Бұған жоғарыда келтірілген бірінші хадис дәлел.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk