wrapper

Бірхадисте: «Ғайбат айту, сөз тасу, жалған куәлік ету, бөгде адамға (ер болса әйелге, әйел болса ер кісіге)нәпсілік құмарлықпен қарау оразаны бұзады» делінген. Алайда Имам Ағзам Әбу Ханифа хадисті: «Аталмыш күнәлар мәкрүһ амалға жатады. Яғни оразаның өзін бұзбағанмен, оның сауабын кемітеді» деп түсіндірген.

Тағы бір хадисте: «Кімде кім ауыз бекіткенімен жаман қылықтарын қоймаса, оның оразасы бекер»[1] деп ораза сауабынан айырылатыны ескертілген.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ораза тозақтың қалқаны, ғайбатпен бұзылмайынша қорғайды. Ораза ұстаған адам надандықпен жаман сөз сөйлемесін. Егер ол біреумен сөзге келіп қалса «мен оразамын» десін» деп мұсылмандарды ораза кезінде ерекше сабырлылыққа шақырған[2].

Қорыта келе айтарымыз, жаман қылықтар оразаны бұзбайды. Тек ораза сауабын кемітеді. Жоғарыда аталған харами әрекеттерден нәпсіні тізгіндеуге тырысу, жақсы ойда және тілімізбен зікірде болу мәндүп амалдарға жатады. Сондай-ақ көз бен тілімізді шариғатымыз тыйған нәрселерден қорғағанымыздай, құлақ, қол, аяқ тағы басқа ағзаларымызды да қорғай білуіміз керек.

Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза сендерге де парыз етілді»[3] деп ораза ұстау арқылы тақуалыққа жету негізгі мақсат екені білдірілген.



[1] Бұхари, саум 8.

[2] Бұхари, саум 9.

[3] «Бақара» сүресі, 183 аят.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk