wrapper

Соңғы жазбалар

Соңғы кездері  Букмекерлік кеңселердің саны артуда. Аталмыш кеңселерде спорттық ойын түрлеріне бәс тігудің шариғатымыздағы орны қандай? Соның ұтысынан түскен ақша шариғат тұрғысынан адал болып санала ма?

Бүгінгі таңның құмар ойындарының бірі – букмекерлік кәсіп. Бұл кәсіп ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған. Алғашында «бәс» (ставка) тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана тігілген. Бертін келе бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылды. Ал жиырмасыншы ғасырдан бастап, спорттың кез келген түріне бәс тігілетін болды. Қазір футбол, теннис және гольф ойындарына миллиондап бәс тігілуде. Ақша табудың бұл түріне исламда қатаң тыйым салынады. Рұқсат етілмейді. Себебі, бұл кәсіп құмар ойынына жатады. Бұған қатысты Алла тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ . إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ

«Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңа дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды. Енді тыйыласыңдар ма?!»[1],-деген.

Бұл кәсіпті құмарға жатады деуіміздің себебі, букмекерлерде ұтыс тігісінің жеке коэффициенті болады, яғни егер ұтқан жағдайда ұтысыңыз екі немесе одан да артық еселеніп беріледі. Мысалы, егер команданың ұтысы 2 коэффициентке тең болса, сіз ол ұтыс тігісіне 1000 теңге тіксеңіз, ұтыс жағдайында екі есе яғни 2000 теңге аласыз. Ал егер ұтылсаңыз, сіз ештеңе де алмайсыз. Демек, бұл кәсіп, шариғаттағы үкімі белгілі казинолардағы ойындарға ұқсас келеді. Егер бақ шауып, бәс тіккен командасы ұтса, табысқа кенеледі. Ұтылса, тіккен ақшаны қарсылас командаға дауыс берген адам иеленеді немесе кеңсе басшысына тиеді.

Байқанымыздай, мұндай кәсіптің астарында жеңіл жолмен еңбексіз табыс табу тұрғаны айдан анық. Себебі ақша тіккен адамның бағы немесе бабы шауып, ұтысқа кенелсе, тек ғаламтор арқылы дауыс беру арқылы тіккен ақшасының екі есе қарымын алып, қомақты қаражатқа кенеледі. Сонымен қатар кеңсе басшылары да ұтылғандардың есебінен күн көріп, біреудің ақшасын маңдайы терлемей, белі ауырмай иеленеді. Бұған ислам шариғатында тыйым салынады. Жоғарыдағы аятта «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Ал ғалымдар еңбексіз келетін табыс – құмар ойынына жататындығын айтқан. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.): «Құмар ойыны – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – дегенін жеткізген. Осы жөнінде ибн Жәриж де Ата ибн Мәйсәраның «еңбексіз, жеңіл табыспен келетін көлденең табыстың бәрі да құмар ойыны», – деп баға бергенін айтқан. Ал Мәкхуль: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойыны болып саналады, ал құмар ойыны – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы»[2], – деп анықтама берген.

Бұл кәсіп, біріншіден, адамның «ұтып қалармын» деген жалған үмітпен бар ақшасын салуға дейін апарады. Сол арқылы ойыншы өзінің осы іске қалай тәуелді болып қалғанын байқамады. Екіншіден, осы жалған үміттің желеуімен ең қымбат уақытымен мал-дүниесін далаға шашады. Ысырыпшылдыққа жол береді. Исламда ысырапшылдыққа жол жоқ. Үшіншіден, адам өзін-өзі бос қиялға үміт артып, соған сенуге тәрбиелейді.

Қорыта келе айтарымыз, жеңіл табыс, құмар ойындарының бәрі де адамға психикалық және моральдық, материалдық залал келтіретіндіктен Исламда қатаң тыйым салынып, харам етіледі. Себебі ол адамды жалқаулыққа, маңдай терін төкпей, қиындықсыз мол табысқа бата қалуға үйретеді. Мұндай кәсіп жеке тұлғаға, қоғамға зияндарын келтіріп қоймай, тіпті отбасының шырқын бұзуға да жеткізеді. Мұсылман адам мұндай жолдармен емес, өзінің маңдай тері, адал кәсібімен ғана ас ішіп, өмір сүргені абзал.

[1] «Мәида сүресі, 90, 91-аят.

[2] Ислам және жастар,  174-бет. д/Ата әс-Сынбати, ауд: Қ.Нұрмаханұлы, «Көкжиек-Б» баспасы, Алматы, 2012.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk