wrapper

Соңғы жазбалар

Мұсылман адамның азан дауысын естігенде азаншының айтқанын қайталап, соңынан дұға жасауы мұстахап. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын) көптеген сахих хадистері бар. Мәселен, сахих әл-Бұхаридегі «Азан кезіндегі дұға» атты бабында Жәбир ибн Абдулладан жеткен хадисте Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ مَنْ قَالَ حِينَ يَسْمَعُ النِّدَاءَ اللَّهُمَّ رَبَّ هَذِهِ الدَّعْوَةِ التَّامَّةِ وَالصَّلَاةِ الْقَائِمَةِ آتِ مُحَمَّدًا الْوَسِيلَةَ وَالْفَضِيلَةَ وَابْعَثْهُ مَقَامًا مَحْمُودًا الَّذِي وَعَدْتَهُ حَلَّتْ لَهُ شَفَاعَتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім азаннан кейін: «Ей, мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббысы Аллам! Мұхаммедке уәсиләні, ерен ерекшелікті бер. Оны Өзің уәде еткен мақтаулы шыңға жеткіз»,-деп айтар болса, онда оған қиямет күні менің шапағатым бұйырады»,-деп айтқаны дәлел.

Алайда, имам әл-Бәйһәқидің «Сүнән әл-Күбра» атты хадистер топтамасында Жәбир ибн Абдулла аталмыш дұғаға қосымша мәтін қосылған хабарды жеткізген. Ол хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

انك لا تخلف الميعاد حلت له شفاعتي

«...Расында сен уәдеңді орындайтыныңа шүбә жоқ»,-деп айтар болса, оған менің шапағатым халал етіледі»[1],-деген.

Ал енді имам әл-Бәйһақидің риуаятындағы қосымша мәтінге келер болсақ, хадис ғалымдары оның дәрежесі жайында әртүрлі пікірлер айтқан. Бірі, оны сахих десе, екінші бірі әлсіз деген. Дегенмен де, сахих әл-Бұхариге ауқымды түсіндірме жазған Ибн Хажар әл-Асқалани мен Бадруддин әл-Айнилер де өз еңбектерінде оның әлсіздігін айтпаған. Керісінше, бұл қосыша мәтіннің растығына ат-Таййбидің: «Мұндағы мақсат, Алла тағаланың: «Әрине, Раббың сені (Қиямет күні) мақтаулы (яғни, күнә істеуші үмбеттеріңді шапағат етіп ақтайтын) орынға жеткізер»[2],-деп Алла тағала уәде берген аяты қуаттайды»,-деген сөзін келтірген[3].

Сондай-ақ азаншы «Хаййа алас-саләһ, Хаййа аләл-фәләх» дегенде «Лә хаулә, уә лә қууәтә иллә Билләһ»,-деп айту да сауап. Бұған қатысты сахих әл-Бұхари мен Мүслімде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Осыны жүрегімен (беріліп) айтса, жәннатқа кіреді»[4],-деп азаншының сөзін қайталаған кісінің жәннаттқа кіретінін айтса, басқа бір хадисте Абдулла ибн Амру ибн әл-Ас:

إذا سمعتم المؤذن فقولوا مثل ما يقول، ثم صلوا عليَّ فإنه من صلى عليَّ واحدة صلى الله عليه بها عشراً، ثم سلوا الله لي الوسيلة فإنها منزلة في الجنة لا تنبغي إلا لعبدٍ من عباد الله، وأرجو أن أكون أنا هو، فمن سأل لي الوسيلة حلَّت له الشفاعة  

«Мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім азаншының азанын естісе, оның айтқанын қайталасын. Сосын маған салауат айтыңдар. Себебі кім маған бір салауат айтса, Алла оған он есе игілік жаудырады. Сосын Алладан мен үшін уәсиләні[5] сұраңдар. Негізінде ол Алла тағаланың құлдарының біріне ғана тиесілі. Сол адамның мен болуымды қалаймын. Кімде-кім маған уәсиләні сұрайтын болса, оған шапағат етіледі»[6],-деп айтқанын естідім» деген.

Байқағанымыздай, жоғарыда келген хадистерде, сонымен қатар басқа да хадис ғалымдарының «сүнән» атты хидис топтамаларының бәрінде де, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) азаннан кейін дұға жасағандығы жеткізілген.

Сөз түйіні, аталмыш хадистерден азаннан кейін дұға жасау – мұстахап. Тіпті, хадис мәтінінде келгендей, азаншының сөзінен кейін азанды сөзбе-сөз қайталап отыру және біткеннен кейін Пайғамбарымызға салауат айтып, уәсиләні сұрау – қиямет күні жақындарымыздың, ата-анамыздың және өз басымен қайғы болып жүрген адамдардың шапағатқа кенелуіне, жәннат есігінен аттап кіруге себепкер болады. Ендеше, осындай сауабы мол амалды жоққа шығарып, оны бидғат деуге негіз жоқ. Керісінше, оны бидғат, дінде жоқ, жаңадан кірген жаңалық деп айтудың өзі бидғат амал. Олай дейтініміз, мұндай әрекеттер шариғат заңының Құраннан кейін екінші қайнар көзі болып табылатын сүннет дәлелдерінің бірін қабылдап, бірін мойындамауға жатады. Ал ол күпірлікке апаратын амал. Сондай-ақ, сан ғасырлардан бері ешбір бүліксіз жасалып келе жатқан амалдарды теріске шығарып, мұсылман жамағатының арасына іріткі салып, бүлік шығару – қасиетті Құран аятында адам өлтіргеннен ауыр екендігі баяндалған. Демек, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде келген, оны мұсылман ғалымдары бір ауыздан құптауын жоққа шығару – нағыз харам етілген жаман бидғат болып саналады. Мұндай қауіпке түсуден әр сөзімізде сақ болғанымыз дұрыс.

[1] Сүнән әл-Кубра, әл-Бәйһәқи, 1-том, 410-бет.

[2] «Исра» сүресі, 79-аят.

[3] Фәтх әл-Бәри шарх сахих әл-Бұхари, Имам әл-Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани, 1-том, 894-бет.  «Әл-Мәктәбә әл-Асрия» баспасы, Бейрут 2007.

[4] Ал имам ән-Нәсәидің сүнәнінде Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осылайша айқын сеніммен айтса (азанды азаншыдан кейін сөзбе-сөз қайталаса), жәннатқа кіреді»,-деген. Сүнән ән-Нәсәи, 3-том, 63-бет.

[5] Жәннаттағы құрметті орын.

[6] Сахих әл-Бұхари, 111-бет, 614-хадис. «Дәр ибн Хазм» баспасы, Бейрут, 2009. Сахих Мүслім, 165-бет,  384-хадис. «Бәйт әл-Әфкар» баспасы, Оман, 1998. Басқа да сүнән кітаптарының бәрінде де сахих тізбекпен келген.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk