wrapper

Соңғы жазбалар

Бір адамның қуанышын көріп екінші адамның да қуануы адамға тән кісілік-парасатты танытады. Сыйластық, қимастық, сағыныш, өкпе-наз сияқты қасиетті сезімдер әдетте мақсат-мұрат ортақтастығына, қуаныш-қайғыны бірге бөлісуге байланысты қалыптасады. Адамның парасаттылығы сол адамның өзгелерге деген қарым-қатынасы арқылы ғана анықталады. Түптеп келгенде, қоғамдық өмірдің парқын да адамның парасат-пайымына қарап бағалауға болады.

Қазақ қоғамында адам өміріндегі қуаныш та, қайғы да жекелік сипат алмаған. Көшпелі өмір салт талабы адамдардың күнкөріс әрекетін тұтастандыру арқылы, жалпы этникалық арман-аңсарды (идеал) да ортақ етіп отырған. Сондықтан да адам өміріндегі қызық-қуаныш «сүйінші», «шашу», «көрімдік» сияқты жөн-жоралғымен марапатталатын болған.

«Сүйінші» - әдетте аса мәнді жақсылық хабарды жеткізген адамның аузынан шығады. Сүйінші-қуаныш жеткізушіге естіген адам жолын беріп, қалауын орындап, қуаныш әкелгеніне алғыс білдіреді.

«Шашу» - көбінесе жақсы тілектің айғағы түрінде көрнетін сұлу да көңілді дәстүр. Әсіресе, қой қырқымы, бие байлар, күйек алар сияқты толып жатқан елеулі еңбек науқанына жұртты жұмылдыру үшін шашу шашатын дәстүрдің мәні мейлінше зор. Бұл орайда «қырман жайлау», «сабан той», «дүкен майлар», «бие бау», «жол аяқ» деп аталатын дастархан жаю жоралғысының қай-қайсысына да шашу шашса көрер көзді қуантып, жарасып тұрады. Еңбектің адам тағдырымен біте қайнасуы, еңбектің адамға қуаныш сыйлауы, еңбекті адамның жатсынбауы осынау «шашу» сияқты қарапайым рәсімнің болмысынан айқын аңғарылады.

Қазақ жақсы сөзді жарты бағытқа бағалайды. Ал жақсы жанмен сұхбаттас болса «бір жасап қалдым» дейді. Сонымен бірге, адам көңілінің бір атым насыбайдан да қалатынын ескертеді. Көшпелі өмір-салтта кез келген қуаныш пен қайғыны тең бөлісіп, тағдыр ортақтастырып отыру өмір сүрудің кепіліне айналған. Осынау тамаша дәстүрдің бір айғағы – қуаныш иесіне көрімдік беру. Яғни, қуаныш иесін құттықтап, одан сайын қуанышқа кенелту үшін көрімдік береді. Бұл игі дәстүрдің халықтық қалыпқа айналғаны сонша, қуаныш иесі дүниеге келген перзентін, тапқан олжасын немесе алған затын «көрімдік бермесең көрсетпеймін» деп бұлданатыны бар.

Мұндай қастерлі рәсімдер өмір салтқа мән-мағына дамытып қана қоймайды, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың (идеал) тұтас болуына да қызмет етеді.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk