wrapper

Соңғы жазбалар

Отбасындағы сыйластық
Қазақ халқында әке-шешенің орны әрдайым ерекше. Әкені асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа теңегені сөзіміздің айғағы. Міне, мына өмірде әке-шешенің орнын толтыратын ешкім жоқ. Біздің әке-шешемізге «түһ» деп айтуға да хақымыз жоқ. Салт-санамыз бойынша, әке-шеше – отбасының негізгі тіректері. Отбасындағы бала мен келін – ата-ананың дұғасына мұқтаж жандар. Халық арасында «батаменен ел көгерер» деген дана сөзге орай, жастар үнемі ата-ананың алғысын алып, жақсылық жасауға тырысқан. Құранда бұл туралы былай дейді: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-аят). Хадисте: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес», – деген. Ал қазақта ерді «отағасы», «еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп отбасы мүшелерінің міндеттерін үлестіріп бергендігін де дініміз Исламнан алғандығымызды «Ниса» сүресінің 34-аятынан аңғаруымыз қиын емес: «Еркектер – әйелдерді билеуші. Өйткені Алла, бірін-бірінен артық қылды…».

Жақсы ат қою
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге жақсы ат қою – әкенің бала алдындағы міндеті. Қазақ халқы бала өмірге келгеннен кейін көп кешіктірмей 3 күн ішінде ат қоятын болған. Көбіне есімді баласының атасы мен әжесі қоятын. Бұл да өнегелі отбасындағы үлкенге құрметтің белгісі. Яки жақсы-жайсаң, қайырымды жандарға, ел аузындағы билерге, жолаушыларға да қойғызған. Ал мұның түбі сүннетке сүйенеді. Өйткені олар жаңа туылған балаға баталарын беріп, Алладан жақсы тілек тілейтін болған.

Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай дейді: «Сіздер қиямет күні өз атта-рыңызбен және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан жақсы ат қойыңдар». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ат қоюға қатты мән берген, өйткені Ислам діні келместен бұрынғы қойылған есімдердің көпшілігі ақиқатқа қайшы келген. Ат қою кезінде нәрестенің құлағына азан мен қамат айтып, Аллаға шүкір ретінде, ер бала үшін екі, қыз бала үшін 1 қошқар құрбандыққа шалатын болған. Хадисте айтылғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немересі Хасан мен Хүсейін туылғанда 7-ші күні ақиқа құрбан шалған және аттарын қойған болатын. Сондай-ақ, сүннет бойынша 7-ші күні шаштарын алып, сол шаштың салмағына қарай күмістен садақа берген.

Баланы сүндеттеу 
Ел арасында «сен мұсылман болдың», яғни сүндетке отырдың деп жатады. Баланы сүндетке отырғызу – аты айтып тұрғандай, сүннет амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәуірінде балаларды сүндетке отырғызу кең етек алған еді. Омар (р.а.) бір әуен дыбысын естігенде қандай мейрам деп сұрап, уайымдай бастады. Бұл әуеннің сүннет төреніне байланысты шығып жатқанын айтқанда, жүрегі орнықты. Абдулла бин Омардың екі ұлын бірдей сүндеттеп, қошқар құрбандыққа шалғанын бізге жеткен хабарлар растайды.

Үйленуге қатысты дәстүрлер
Екі жастың үйлену, отбасы болу мәселесінде қазақ халқы, бұрындары да, қазір де руластардан қыз алыспаған. Себебі өз руынан қыз алысып-беруге тыйым салған. Яғни жеті атадан аспайынша қыз алысып-беріспеген. Туысқан деп есептелетін әрі кімдермен үйленуге болмайтыны жайлы Құранның “Ниса” сүресінің 23-аятында былай дейді: «Сендерге аналарың, (әке-шешелеріңнің аналары) қыздарың, (Ұл-қыздарыңның қыздары,) қыз туыстарың, (әке-шеше бір не бөлек,) әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек және қыз туыстарыңның қыздары, (олардың қыздары,) сүт емізген аналарың, еміскен қыз туыстарың, қайын ана-ларың, жақындасқан әйел-деріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарыңдағы өгей қыздарың, егер ол әйелдерге жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысты бірге үйленулерің арам қылынды. Бірақ өткен өтті. Негізінен, Алла тым жарылқаушы, ерек-ше мейірімді». Бұл аяттағылар үйлену харам болған адамдар. Енді қазақ халқының жеті атадан үйленуге тыйым салуы аятқа қарсы келгендей көрінгенімен, негізінде, ата-бабаларымыз шариғатқа қарсы келмеген, өйткені сүннетпен амал еткен. Хадисте былай дейді: «Жақын туыстарыңызбен үйленбеңіздер, өйткені балаларыңыз әлсіз, аурушаң болады».
Және де осы хадисті қуаттайтын Омардың (р.а.) сөзі бар. Ол кісі Сайбулұлдарына: «Өз тайпаларыңыздан басқа қызға үйленіңдер, себебі балаларың әлсіз әрі аурушаң болады», – деген болатын.

Құдалардың бір-біріне тоғыздық беруі
Ислам дінінде адамдардың бір-біріне хадия (сыйлық) беруі құпталған амалдардан болып саналады. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңізге хадия беріп тұрыңыз-дар. Хадия жүректеріңіз жылытып, бір-біріңізге деген сүйіспеншілікті нығайтады», – деген. Осы хадиске сүйене отырып, тоғыз беруді сүннет деп айта аламыз.

Беташар
Беташар, жалпы, Ислам дінінде болмаса да, Ислам құқықтарына қайшы келмейтін, құптарлық салт-дәстүр. Беташар – келінді ер жігіттің жұртымен таныстыру. Сондай-ақ, жігіт пен қыздың отау құрғанын халыққа жариялауға жатады. Беташарда келін халыққа құрмет ретінде сәлем береді. Ислам дінінде әйелдің даусы әурет болып есептеледі. Сондықтан, ата-бабаларымыз келін дауыстап сәлем салмайтындықтан, иша-рамен, яғни сәлем бергеніне белгі ретінде, аз ғана иіліп дауыс шығармай сәлем береді.

Өкінішке орай, халық арасында сәлемді ширкке балап, қарсы шығып жүргендер баршылық. Оларға айтар уәжіміз де жоқ емес. Құранда «Жүсіп» сүресінің 100-аятында Алла Тағала былай деген: «(Кейін, Мысырға кіріп, Жүсіптің сарайына келген соң), ол ата-анасын өзінің тағына шығарды. Және олар (яғни, ата-ана және аға-інілері Жүсіпке) сәжде қылған күйінде жығылды…». Ал, «Бақара» сүресінің 34-аятында; «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар», – дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ, Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды», – деген. Осы аяттарда Адамды адамға, періштені адамға сәжде еттіріп қойған. Сонда Алла Тағала ширкке бұйырып жатыр ма деген заңды сұрақ туындайды. Алла Тағала өзіне ортақ қосуға ешқашан жол бермеген. Бұл Ислам дінінің өзегіне қайшы. Сондықтан, мұн-дағы бір нәзік мәселені естен шығармаған жөн: «Әр нәрсе ниетке байланысты». Ендеше, келіннің сәлем салуын қисынсыз, дәлелсіз бұрмалаудың қажеті жоқ. Үлкенге құрмет көрсету Ислам дінінің құптап, тіпті құрмет көрсетуге шақырған игі амалы.

Иә, мына өмірді шындық пен өтіріктің күресі деп есептейтін болсақ, бұл күрес тіршілік жаралғалы бері жалғасып келеді. Жасыратыны жоқ, ел-жұрт болған соң, қалыптасқан дәстүрлердің арасында шындық-қа сәйкеспейтін дәстүрлер де кездесіп жатады. Ендеше, діннің адамзатқа жіберілуіндегі негізгі мақсаттарының бірі – өтірікпен күрес екенін ескеріп, ел арасында кең етек жайып үлгерген негізсіз дәстүрлер жайлы да аз-кем сөз қозғап өтуді жөн санадық.

Қыз алып қашу мәселесі
Қазіргі уақытта қыз алып қашу көбіне қыздың еркінсіз жүзеге асып жатады. Мұның соңы кейде қайғылы жағдайларға апарып соқтырып жатқаны жасырын емес. Бұлай қосылғандардың басым көпшілігі көпке ұзамай ажырасып кетуде. Сондықтан Ислам дінінде некенің шарттарына әкенің, яғни өкілдің рұқсатын босқа қоспаған. Пай-ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өкілдің рұқсатынсыз жасалған неке – неке емес», – деген.

Қалыңмал және мәһір
Қалыңмал – қызға емес, қыз-дың әке-шешесіне берілетін ақша. Қыздың әке-шешесі жігіт жағынан берілетін қалыңмалға қанша берсе де разы болу керек. Өйткені разылық білдірмей, саудаласып шарт қоятын болса, үстемелеп қыздарын саудалаған болады. Сондықтан бұлай ету – харам. Ал, мәһір – қыз баланың құқығы. Оны ақшалай, заттай аламын десе, өз еркі. Бірақ, қалыңмал, мәһір орнына жүрмейді.

Марқұмдарға қатысты дәстүрлер
Адам қайтыс болмастан бұрын, қазақ халқы төсек тартып жатқан адамның көңілін сұрап, хал-жағдайын біліп қайтады. Әрине, бұл – сүннет амал. Өйткені мұсылман баласының алты міндетінің бірі – ауру бауырының көңілін сұрау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім ауру бауырын зиярат етіп, көңілін сұраса, сол жерден кетпейінше жәннаттың бір бақшасында болғандай әсерде болады», – деген.

Адам қайтыс болған соң, мәңгілікке жоқ болмайды. «Қайтыс болды» деп айтып тұрғандай, амалына қарай жұмаққа, яки тозаққа барады. Денеміз шірігенімен, рухымыз мәңгі өмір сүреді. Сондықтан, қайтыс болған адамды көп күттіріп қоймай, дереу жерлеу рәсіміне кірісуіміз керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсеге асығыңыздар. Уақыты келгенде намазға, бойжеткен қызды тұрмысқа беруге, дайын тұрған жаназаны жерлеуге», – деген. Қазақ халқында марқұмды алыстағы ағайындары келгенше жерлемейтін қалыптасқан үрдіс бар. Өкінішке орай, бұл кезде мәйіт ұзаққа шыдамай бұзыла бастауы мүмкін. Сол себепті хадиспен амал еткеніміз абзал.

Көңіл айтып келгендерге ас беру мәселесі бізде қалыпты жағдайға айналған. Бұның негізі дінде жоқ. Себебі Пайғамбары-мыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жағфардың отбасына тамақ әзірлеңдер, өйткені олар қайғырып, жаназаны ойлауда». Бұл хадистен түсінетініміз: өлік шыққан үй өздері қайғырып отырғанда, қонақтардың жағ-дайын қалай ойласын?! Сон-дықтан туыстары яки көршілері сол үйге келгендерге тамақ әзірлеуі керек.

Марқұмның жетісі, қырқы, жылдық асын беріп жатамыз. Бұлардың да негізі дінде жоқ, бірақ дінімізге қайшы келмейді. Бұл жерде негізінен, ысырапқа бармау, мақтанышпен істемеу, жағдайы келмесе де елден қалмайын деген көр намыспен тыраштанудың қажеті жоқ. Ас берген кезде де тек Алла ризалығын алуды көздеп, асқа дұға қайырған кісілердің дұғасы қайтыс болған кісіге демеу болар деген сенімде болу керек.

Жетісі, қырқы деген күндердің өзіндік бір тарихы бар. Қазақ халқы кең байтақ жерде көшіп-қонып жүрген. Сондықтан шалғайдағы туыстарымыз үш күннің ішінде келе алмауы әбден ықтимал, ал үй иесі айлап, жылдап көңіл айтушыларды күтіп отыра бермейтіні тағы бар. Сондықтан көңіл айта алмағандар жетінші күні немесе қырқыншы күні, ең болмағанда жылында келер деген игі ниеттен қалған дәстүр. Әрине, үш күнде келе алмағандар олар ұзақтағы туыстар. Сол кісілерді қонақ ретінде күтіп, ас беру дінімізге қайшы келмейтін іс-әрекет деп ойлаймыз.

Ықыласхан Майланұлы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk