wrapper

Соңғы жазбалар

Ислам халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-нанымының негізіне айналды. Осынау ұлттық құндылықтарымыз Құран мен Исламның екінші негізі хадистер мен сүннеттерден бастау алған еді.

Пайғамбарымыздың кезеңінен бүгінгі күнге дейін мұсылмандар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сүннетін жалғастыруға тырысып келеді. Тіпті, қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (с.ғ.с.) іс-әрекеттерін басшылыққа алады. Мысалы, үйден шыққанда оң аяқпен шығу, малдас құрып отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, тіпті әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті ретінде үмметінің күнделікті тұрмыстағы қағидасы деуімізге болады. Осы қағида-ережелер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзгеріссіз жеткен. Тіпті Оның (с.ғ.с.) ең қарапайым деген амалдары да біз үшін үлгі әрі бұлжымас заң.

Қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген халық мұраларының көбі сол «сүннетті ұстану» ниетінен туған. Мұның дәлелі бізге жеткен әдет-ғұрыптар мен сенім-нанымдарымыздың көбісі хадис және сүннеттерден еш айырғысыз. Соның бірқатарына ғана тоқталайық:

Әрбір істі бастауда «Бисмилла» деп айту. Бұл әдет мына хадистен туған: «Бисмиллаһпен басталмаған әрбір істің соңы келте»;

Тағамды оң қолмен жеу және әркімнің өз алдынан жеуі. Бұл әдет халқымыздың тәрбие шарттарына еніп, ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Бұл да − Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сахаба Амр б. Әби Сәләмә былай дейді: «Бала кезімде Расулаллаһтың (с.ғ.с.) бөлмесінде отырған едім. Тамақ жеген кезде қолымды табақтың әр жеріне жүгіртетінмін. Сонда Расулаллаһ (с.ғ.с.) маған: «Балам, тамақты «бисмиллаһпен» баста және оң қолыңмен өз алдыңнан ғана же», - деді. Бұдан кейін мен тамақты тек ғана солай жейтін болдым.» Осыған байланысты Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезінде де оң қолмен алып ішіңіз. Себебі, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді», -деген хадисі бар;

Тамақты және шайды үрлеп ішпеу. Мұның да сүннеттен бастау алғанына: «Расулаллаһ (с.ғ.с.)тамақты және ішетін нәрселеріңізді үрлеп ішуге тыйым салды» - деген хадис дәлел;

Түнде тағамдардың бетін ашық қалдырмау. Халық сенімі бойынша түнде беті ашық қалып қойған тағамды жеуге болмайды. Себебі оған шайтанның аузы тиеді деген сөз бар. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Қараңғы түсе бастаған кезде балаларыңызды сыртқа шығармаңыздар. Себебі, сол кезде шайтандар шыға бастайды. Түнде сыртта жүрген балаларыңызды үйге кіргізіп, «бисмиллаһ» деп есіктеріңізді жабыңыздар. Өйткені, шайтандар жабық есіктерден кіре алмайды. «Бисмиллаһ» деп табақтарыңыздың үстін де жабыңыздар. Шырақтарыңызды сөн-діріңіздер», − деген;

Тамақтан кейін бата жасау. Халқымыз «бата» (Құранның бірінші сүресі «Фатихадан» шыққан) сөзін дұғаның орнына қолданған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да тамақ жеп болған соң үнемі Аллаға мақтау айтып, шүкірлігін білдірген;

Бата жасағанда екі алақанды жаю. Халқымыз екі алақанын жайып бата жасайды. Олар бұл әрекеттерімен өздерінің Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Аллаға дұға еткенде алақандарыңды ашып дұға етіңдер, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа», − деген сүннетіне сай амал ететінін көрсетеді;

Батадан кейін «әумин» деу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «әумин» десе, Аллаһ оларға міндетті түрде жауап береді (дұғаларын қабыл етеді)», - деген;

Жатып тамақ жемеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен бір жағыма қисайып жатып тамақ жемеймін», - деген;

Нанды жерге тастамау, оны құрметтеу, жерге түскен нан үгіндісіне дейін теріп алу, оны баспау, бір қолмен бөлмеу. Халқымыздың нанды құрметтеуі, жерге түскен үгіндісін де баспай, жоғары көтеріп қоюы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Нанды құрметтеңіздер. Себебі, ол жер мен көктің берекеті», -деген өсиетінен туған;

Ыдысқа құйылған тамақты тауысу. Халқымыз тамағын жартылай ішпей қалдырғандарға: «Жаманнан жарты қасық ас артылады» деп ескерту жасап жатады. Ал бұл түсінік Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендер тамақтың қай жерінде берекет бар екенін біле алмайсыңдар. Олай болса, бір түйірі жерге түсіп қалса, оны да алып, тазалап жеңдер, шайтанға (ештеңе) тастамаңдар...», - деген сүннетінен;

Дастарқан басынан ас жиналмай жатып тұрып кетпеу. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Дастарқан жайылып, тамақтар әкелінсе, дастарқан жиналғанға дейін ешкім дастарқан басынан тұрып кетпесін...»;

Тамақтан бұрын және кейін қол жуу. Алла Расулы (с.ғ.с.): «Тамақтың берекеті – алдында және кейін қол жууда», - деген;

Шелек сияқты үлкен ыдыстарға аузын батырып су ішпеу. Имам Бұхари жинақтаған хадистердің бірінде: «Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с.) шелек және бөшке сияқты ыдыстарға ауыз салып су ішуге тыйым салды», - делінген;

Көз тию. Халқымызда көз тию, көз тиген адамның ауыратыны, көз тиюмен ауырған адамды оқыту секілді сенімдер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көз тию – ақиқат», - деген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұндай жағдайда бірқатар дұғаларды оқуға кеңес берген;

Сәби дүниеге келгенде құлағына азан шақырып, ат қою. Тіпті, осы дәстүрден келіп тілімізде «азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі де қалыптасқан. Халқымыздың бұл әрекеті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәрбиелік мәні зор сүннеттерінің бірі. Ол өзінің немересі хазреті Хасан (р.а.) туылғанда құлағына азан шақырып, ат қойған;

Баланы сүндетке отырғызу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүндетке отырғызуға аса мән беріп, оны «жаратылыстың талабы» деп бағалаған;

Үлкендерге құрмет көрсету. «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген аталы сөзге тоқтаған мұсылман халқымыз дініміздің тәрбиесі бойынша үнемі үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың сөзін бөлмеген, алдын кесіп өтпеген, үйге кіргенде орнынан тұрып сәлемдескен. Бұлар да сүннеттен бастау алған. Себебі, Расулаллаһ (с.ғ.с.): «Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес», - деген.

ОҢҒАР ӨМІРБЕК


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk