wrapper

Соңғы жазбалар

Бауырмалдық

Қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Қаріп-қасер, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды. Осындай мол пейіліне қарай Жаратқан Ие де қазақ жұртын жарылқауынан кенде етпеген. Оның бір дәлелі мынадай мақал-мәтелдері десе болады. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі». «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ». «Жақсы адам жатырқамайды». 

Халқымызда қалыптасқан бауырмалдық, жана-шырлықтың негізі қасиетті аяттар мен хадистерде жатыр десек қателеспейміз. Алла Тағала былай дейді: «Шындығында, мүміндер – бауырлар».

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мүміндердің ішіндегі иманы толығы – ең жақсы мінез-құлықты, кішіпейіл, тез достасқыш тартымдылары».

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Мүмін адам достасқыш. Достаспайтын, тіл табыспайтын жаннан қайыр жоқ», − деген.

Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық та қылмайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде-кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады».

Алла Елшісі (с.а.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Мұсылманның мұсылмандағы хағы бесеу: сәлеміне сәлем қайтару, ауру болса халін сұрап бару, қайтыс болса жаназасына қатысу, қонаққа шақырса бару, түшкірсе «Алла рахым етсін» деп айту».

Туыстық байланыс

Қазақ халқы туыстық байланысты ерекше бағалайтын ел. Тіпті, туыстық қарым-қатынасты дәл қазақтай сақтайтын ел әлемде кемде-кем. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиеті осы туыстық байланыс деуге де болады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» деп туыстық қатынастың басқа іс түскенде танылатындығын түсінген.

«Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат», «Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді» деп туыстық қатынасты қандай жағдайда да үзіп алмауға, оны қайта жалғап, жандандыруға шақырған.

«Ағайынның азары болса да, безері болмас» деп туыс жаман болса да безінуге болмайтындығын ескерткен.

Туыстық байланысты осылай қадірлеудің бір негізі шариғатта жатыр. Асыл дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың берік болуын қолдайды, ағайыннан ажырамауға шақырады. Сөзіміз дәлелді болу үшін төменде туыстық байланысқа бекем болуға шақыратын хадистердің бір парасын бердік.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла үшін ең сүйікті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыстық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыстық байланысты үзу», – деген.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім ырзық-несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысын жалғасын», − дейді.

Пайғамбар (с.а.с.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі».

Сәһл ибн Мұғаз ибн Әнестен жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Артықшылықтардың ең биігі – қатыспай қойғанмен қатысу, бермегенге беру, өзіңді балағаттағанды кешіру», − дейді.

Абдулла ибн Сәләмнан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, адамдар! Араларыңдан сәлемді таратыңдар, бір-біріңді тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты жалғаңдар және адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар! Сонда жұмаққа аман-есен кіресіңдер!» – деген.

Пайғамбар (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Міскінге берілген садақа бір садақа, ал туыстық қатынасы бар мұқтажға берген садақа екі садақа: садақа және туыстық қатынас (сауабы)», – деген.

Әбу Аййубтан (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Мені жұмаққа кіргізетін іс туралы айтшы», – дегенде Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – Аллаға еш серік қоспай құлшылық етуің, намаз оқуың, зекет беруің және туыстық байланысты жалғастыруың», – деген.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім өмірінің ұзаруын, ризығының кеңеюін қаласа, ата-анасына ізгілік жасап, туыстық қатынасын жалғасын».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – дейді.

Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Бауырыңа ол зұлым болса да, зұлымдыққа ұшыраса да көмек бер», − дейді. Бір кісі: «Уа, Расулалла! Егер қиянат көрсе, көмек берермін. Ал ол зұлым болса қалай көмек беремін?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Оны зұлымдықтан тоқтатасың. Оған көмек етуің солай болады», − деп жауап береді.

«Дін мен дәстүр» 
кітабынан алынды

Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk