wrapper

Соңғы жазбалар

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Олай болса, адамзат бір-бірін құрметтеп, қадірлеуі міндет.  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жастарымызға мейірімді болмаған әрі үлкендерімізді ізет тұтпаған – бізден емес», – деген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы өнегелі хадистері арқылы кішіге мейірім көрсетпеу, үлкенді ізет тұтпаудың мұсылмандыққа мүлде жат қылық екенін білдіреді. Әрине, бұл – үлкенге құрмет, кішіге мейірім көрсетпеген адам діннен шығады деген сөз емес. Алайда, адам баласы жат қылықтан арылмаса мұсылманға жараспайтын жағымсыз қылыққа бой алдырып, сол жаман әдеттен құтыла алмай қалуы әбден мүмкін.

Қазақ – үлкенге де, кішіге де құрмет көрсетіп, ізет білдіріп, ізгілікке ұмтылған, «төріңнен қарт кетпесін» деген ғибратты сөзді қашан да жадында ұстаған ұлт. Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылықты жете түйсінген  халық қашаннан үлкенді сый­ла­у­да тәспісінен жаңылмай, жас ұрпақты үлкендерді құрметтеуге міндеттеп отырған.

Халқымыздың: «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», – деген нақыл сөздерінің жасқа да, жасамысқа да берер тәлімі мол. Бұл нақыл сөздердің түп-тамыры Исламнан бастау алады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір өсиетінде:«Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жасқа қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады», – дейді.

Қазақ даласындағы аузы дуалы ақсақалдың негізгі мақсаты ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, қоғамды имандылыққа ұйытып, рухани қазынаны көзінің қарашығындай сақтау болатын.

Қай халықты алсақ та, өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Қоғамды ізгілікке бастайтын сол дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа алмасып, жалғасын тауып отырған. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес.

Адамға құрмет көрсететін дәстүрлердің бірі – ат  тергеу. Дәстүріміз бойынша, әйелдер атасының, қайнаға, қайынсіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып «мырза қайнаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деп атаған. Бұл дәстүр отбасылық келісім мен үйлесімділікті сақтаудың бір жолы десе болады.

Бірде ғұлама Имам Ағзам шәкірті Әбу Юсуфқа: «Ғалымдарды құрметте! Үлкендерге құрмет, кішілерге ізет-мейірімділік көрсет!», – деп өсиет айтқан екен. Шын мұсылман адамдарды жақсы-жаман деп ажыратпай, барлығына бірдей жақсы қарым-қатынас жасай біледі.

Ат тергеу дәстүрі бойынша, жеңгелер қайын інілерінің теріс қылықтарын жасырып, небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: жайбасарды «жүйрігім», тапалды «сұңғағым» деп атаған. Жаңа түскен келіннің қайын інілерін осылай деп атауы шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі.

Ат тергеу – біздің халқымыздың адам құрметтеу жөніндегі ізеттілік, көргендік, кішіпейілділік имандылық қасиеттерінің көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау – анайылық болып табылады.

Адамға деген құрмет пен ізеттілік – Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды. Дінімізде үш нәрсеге құрмет Жаратушыға деген тағзым болып есептеледі:

1) Мұсылман болып қартайған адамды құрметтеу;

2) Құран кәрімді жаттаған адамды құрметтеу;

3) Ғалымды құрметтеу.

Ислам діні адамзат баласына кісінің үлкен байлығы мен мансабына қарамай, оған құрмет көрсетуді өсиет етеді. Сол сияқты Ислам діні кішіге де ізет етуге шақырады. Адам баласын құрметтеу Исламның негізі болып табылады. Бұған байланысты мысалдарды Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан көреміз. Меккені азат еткенен кейін Әбу Бәкірдің (Оған Алла разы болсын) әкесі Ислам дінін қабылдап, иман келтіреді. Бұл кісі өзінің Ислам дінін қабылдағанын жариялау үшін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келуге ниет етеді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Әкеңіз үйде отырсын, біз оған барайық», – дейді. Міне, осы оқиға әр адамға озық үлгі.

Үлкенді құрметтеу қазақ қоғамында үлкен орынға ие. Тарихымызда жалғызбасты қария, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған. Ата-ананы құрметтеу жөнінде Құран Кәрімде: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – дейді.

Халқымыздың ат тергеу дәстүрі «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген ізгі ұстанымды басшылыққа алған.

Халық аузында осы ат тергеу дәстүріне қатысты қызықты әңгіме бар. Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атай алмай тұр екен!  Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: «Бұл кімнің ауылы?» – деп жөн сұрапты. Сонда келіншек: «Өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы», – депті. Сөйтсе, бұл Көтібар ауылы екен...

«Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы, халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан, шешек, қызылша сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Ол осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ниеттен туған атаулар.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үлкендерді жасына қарап, оларды сыйласа, онда Алла Тағала ол кісіні қартайған кезде, оған қызмет ететін адамдарды нәсіп етеді», – деген. Бұл хадистен үлкендерді сыйлаған адамға Алла Тағаланың рақымы мен мейірімі болады, ондай кісілерге кәрілік жеткенде қараусыз қалмайтынын ұғамыз.

Мұсылман адам әрбір жаратылысқа көркем және сыпайы болуы керек, тіпті сыйлауға лайық болмаған кісілерді де сыйлап, жақсы қатынас жасау керек. Бұған байланысты Алла Тағала Мұса пайғамбарды Перғауынға дінді уағыздау және Исраил әулетін Мысырдан көшуге рұқсат беру үшін барғанда, Перғауынды жұмсақ және көркем түрде шақыр, мүмкін көркемділік қанша қатал болған жүректерді жұмсартады деп әмір етеді.

Ат тергеу – адамды құрметтеу әдет-ғұрпы. Халқымыздың салт-дәстүрі қоғамды ізгілік пен үйлесімділікке шақыратын асыл арна іспетті. Қазіргі жаһандану уақытында осындай дәстүрлеріміз ұмытылып барады. Әрбір қазақ отбасы ұлттық құндылықтарымызды ұстанып, бір-біріне қамқорлық жасап, құрмет көрсете білсе – өмірі берекелі болады.

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады... Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап өткен болатын.

Демек, бүгінгідей жаһандану заманында бізді жамандықтан құтқарып қалатын негізгі құндылықтарымыз – дініміз, дәстүріміз, тарихымыз, ұлттық кодымыз екен. Ұлттық құндылығына бекем болған елдің ұпайы да арта түспек.

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, жастарымызға имандылық, қарттарымызға күш-қуат нәсіп еткей! Әмин!

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk