wrapper

Соңғы жазбалар

Салафи-салихин (сахаба, табиғин, таба-табиғин) мұсылмандар діни сенімдерін Құран Кәрімнің негізінде қалыптастырды. Олар Алланың заты мен сипатына нендей түсініктің сай немесе сай емес екенін Құран-Кәрімнің аяттарына қарап ажырататын. Ол дәуірде Құран-Кәрім аяттарын түсіндіруші Пайғамбарымыздың (с.а.у) тікелей өзі болғандықтан, мұсылмандар арасында Хақ Тағаланың заты мен сипатына қатысты басқаша түсінік орын алған жоқ. Осы себептен де алғашқы мұсылмандардың арасында сенімге қатысты талас-тартыс туындамады.

Макризи «Хутат» атты шығармасында: «Алла Тағала Мұхаммедті (с.а.у) пайғамбар етіп күллі адамзат баласына жіберді.  Жебірейіл (с.а.у) Алла Тағаланың пәрменімен оған уаһи түсіріп, Алла Елшісі (с.а.у) илаһи хабарларды адамзатқа паш етті. Алайда, арабтар Пайғамбарымыздан (с.а.у) Алланың заты мен сипаттары хақында түсіндірме жасауды талап еткен емес. Олар Хақ Елшісіне (с.а.у) намаз, зекет, қажылық және т.б. ғибадат пен қоғамдық қатынасқа қатысты Ұлы Жаратушының бұйрықтары мен тиымдары, сондай-ақ, тамұқ пен жұмақ туралы  сұрақтар қоятын. Егер, сахабалар Алла Тағаланың заты мен сипаттарына қатысты Пайғамбарымыздан (с.а.у) мәлімет сұраса, онда хадис жинақтарындағы харам, адал, сауап, күнә, қиямет күнгі ахуал, соғыс пен дау-жанжал мәселелерінде айтылған хадис-шарифтер секілді бүгінгі күнге жеткен болар еді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерін және алғашқы ғұламалардың (салаф) шығармаларын індете зерттеген болсақ, Құран-Кәрімде немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде Алла Тағаланың заты мен сипаттары туралы деректердің мол емес екендігіне көз жеткізе аламыз. Иә, сахабалар Алла Тағаланың сипаттарын «зати сипаты» немесе «субути сипаты» деп бөліп қарастырмаған. Сахабалар Алла Тағаланың ілім, құдырет, тірі, басқару, есту, көру, калам, ұлы, жақсылық жасаушы, жомарт, көмектесуші, үстемдік, алыптық секілді мәңгілік сипаттары бар екенін білетін. Бірақ, сахабалар Аллаһ-Тағаланың сипаттарын бөле-жарып жатпайтын. Бәрін тең көретін».

Макризи сахабалардың сенімге (илаһият) қатысты көзқарасы осылай болды деп қорытқанымен, Құран-Кәрімнің мына аяттарына қарап мұсылман қауымының ішінен кейбір қазымыр топтардың  болғанын байқауға болады: «Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас (муташаббих) ұғымда аяттар бар. Ал, жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ, ғылымда озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді. Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Және бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз Сен өте берегенсің» (Әли-Ғымран, 3/7,8).

Жалпы, Пайғамбарымыздың (с.а.у) үзеңгілес серіктері – сахабалар Хақтың таухид екеніне шүбә келтірген емес. Олардың Хақтың бір һәм бар екеніне, кітаптарға, пайғамбарларға, періштелерге, жақсылық пен жаманшылықтың Алладан екеніне, қиямет қайымға, ақырет күніне илануы кемел болатын. Десе де, алғадай (салафи-салихин) мұсылмандар өмірден өткен соң тағдыр зорлықпен бола ма, жоқ адамның өзі жасай ма, үлкен күнә жасаушыны мұсылман санаймыз ба, илаһи сипаттарды жаратылысқа телуге (ташбих) бола ма, дін ақиқатын тануда ақыл қаншалықты рөл атқара алады деген мәселелер ортаға шықты. Осының негізінде жәбари, қадари, муғтазали, муржи, сифати және т.б. діни ағымдар пайда болды. Бұл – ақида тақырыбының күрделене түсуіне һәм бөлек зерттеу нысанына айналуына түрткі болды.

Мұхан Исахан


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk