wrapper

Соңғы жазбалар

Ислам шариғаты абсолюттік және рационалистік үкімдердің жиынтығынан тұрады. Абсолюттік нормаларға негізінен Құран мен Сүннеттегі насух (соңғы) болып бекіген құқықтық үкімдер жатады. Ал, Құран мен Сүннетте көрініс таппаған мәселелерге фақиһтың дербес үкім беруі – Ислам шариғатының рационалистік үкімдерін құрайды. Фиқһ мәзһабтарындағы осындай рационалистік құқықтық үкімдердің бірі – истиһсан әдісі болып саналады.

Араб тілінде «истиһсан» сөзі бас тарту мағынасын білдіреді. Ал, фиқһ ілімінде «истиһсан» термині екі нәрсені таңдау кезінде бірінен бас тарту ұғымына саяды. Ханафи мәзһабындағы истиһсан әдісімен үкім берілуі үшін қарастырып отырған мәселе бойынша Құран Сүннетте нақты үкім болмауы тиіс. Яғни, туындаған мәселеге Құран және Сүннеттен нақты шешім болмағандықтан, ұқсастығына қарай ақылмен үкім беру шартты жағдайы туындауы қажет. Осындай шартты жағдай туындаған кездегі фақиһтың ұқсастығына қарай үкім беруін қияс деп айтамыз. Ал, екі түрлі қияс жасау мүмкіндігі бар болған кезде, басым тартқан қолайлы қиясты үкім ретінде қарастыруды истиһсан деп айтамыз. Яғни, әлсіз қиясты тәрк ету мағынасына келетін бұл әдіс бойынша факиһтер үкімді ақылымен береді.

Истиһсан әдісіне нақты мысалдар берер болсақ, мәселен, қияс бойынша матадағы нәжісті кетіру үшін жуу керек деген үкім болса, истихсан бойынша кейбір маталардағы нәжісті жумай-ақ қағып немесе кептіріп кетіруге болады деп үкім береді. Түсініктірек болу үшін тағы бір мысал келтіретін болсақ, қияс үкімі түз тағысының аузы тиген нәрсені жеуге болмайды деп үкім береді. Себебі, түз тағыларының аузында адам ағзасына зиянды микроп өте көп болады. Түз тағысының қатарына жыртқыш құстарды да кіргізетін болсақ, истиһсан әдісі жыртқыш құстардың тұмсығы тиген нәрсені жеуге болады деп үкім береді. Бұл жерде құстардың тұмсығында микроптың болмауы истиһсан әдісімен үкім беруге негіз болады.  

Жалпы, қияс немесе истихсан үкімін беру үшін факиһтер өзіне беймәлім мәселелер бойынша мамандардың көмегіне арқа сүйейді. Қаралып отырған жайттың жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін білетін мамандардың пікірін ескермейінше, фақиһ қияс немесе истиһсан әдісімен үкім бере алмайды.

Малики мәзһабында қияс және истиһсан деп - туындаған мәселені Құран және Сүннетпен байланыстырып (иллат) дербес үкім беруді айтамыз. Бірақ, Имам Маликтің истиһсан түсінігінің бір ерекшелігі, егер қияс жасауға қолайлы негіз болып, яғни, туындаған мәселені Құран және Сүннетпен байланыстыратын (иллат) жағдай болғанымен, истиһсан оған қарсы үкім берсе, онда истиһсанның шешімін басымдыққа алған. Яғни, Имам Маликтің түсінігенде истиһсан үкімі қиясты толықтырушы ғана емес, одан жоғары тұрған. Тіпті, ол «истиһсан истислаһты (қоғамдық пайдасы бар шешім) да қамти алады деп түсінді. Имам Маликтің құқықтық мәселелерде истихһсанға қатты мән бергені соншалықты «ілімнің оннан тоғызы истиһсанда» деп білді.

Шафий мәзһабында Құран мен Сүүнетте нақты шешімі жоқ мәселеге үкім ұқсастығына қарай қияс әдісімен үкім беріледі. Бірақ, Шафий мәзһабының фақиһтары ұқсастығына байланысты екі түрлі үкім беру мүмкіндігі туындаған жағдайда, қиястан қияс үкімін шығарады.  Яғни, Шафий мәзһабы фақиһтерінің пайымдауынша истиһсан қиястан бөлек әдіс емес, екеуі бір әдіс саналады.

Ал, Ханбали мәзһабында қияс және истиһсан әдісімен аса зәрулік жағдайда үкім беріледі. Жалпы, Ханбали мәзһабындағы истиһсан шарттары Имам Маликтің истихсан көзрасымен ұқсас болып келеді.

Истиһсан – Ислам шариғатындағы рационалистік құқықтық үкім берудің көпқырлы болып келетінін көрсетеді. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бұл әдісті бірінші болып Ханафи мәзһабы тәжірибеде қолданысқа енгізді. Кейін Малики мәзһабының фақиһтары құқықтық үкім беру мәселелерінде истиһсан әдісін біршама ілгерлетуге күш салды. Жалпы, Ханафи және Малики мәзһабының өкілдері истиһсан әдісінің құқықтық үкім берудегі аса қажеттілігін сезіндіре алды. Яғни, құқықтық үкім беру тәжірибесінде өзін-өзі ақтаған құқықтық әдіс болған соң, біртіндеп консервативтік Ханбали құқықтық мектебі де истиһсан әдісін қабылдады.

Мұхан Исахан


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk