wrapper

Соңғы жазбалар

...Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атамыз ар мен иманды бәрінен де биік қойған. Абай атамыз өзінің терең танымы арқылы адамгершіліктің бастауын имандылыққа әкеп түйіндейді. Иманның басы ол Алланы тану деп байлам айтады. Ұлы дана Абайдың таным кһкжиегінің кең болғандығын

Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей,

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей дейді Абай атамыз. Яғни терең ой арқылы бұл дүниедегі барлық мінді көруге болады. 

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас     

Ұлы Абай атамыз осы сөз арқылы дүниеге шексіз құмар болып, Ұлы Жаратушыны еске алмаған жандардың иманы түгел деп айту қиын деп толғанады.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

деп Ұлы Жаратушыға шүбәсіз сенетіндігін айтып, Ұлы Жаратушы Алланың хақ екендігін уағыздайды.

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

 Ұлы атамыз осынау жолдары арқылы Алланың ешбір өзгермес сипатын, әрі Оның жалғыз екендігін, ұлы құдірет Иесі деп түйіндейді.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Абай бабамыз осынау даналық шумақтары арқылы исламдағы Алланы сүю, күллі адамзатқа бауыр ретінде қарау қатарлы асыл тағылымдарды осылай өрнектейді.

Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бұл жерде Ұлы Абай бес парызды тұтудың маңыздылығын «еш талассыз іс» деп көрсетеді, әрі Алланың міндет еткен осы  парыздарын тұтуға үндейді.

Абай атамыздың әр өлеңінің тұла бойы тұнып тұрған даналық.

              Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

              Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

              Құран рас, Алланың сөзідүр ол,

              Тә'уилін білерлік ғылымың шақ,  деп Алла Елшісін (с.ғ.с) ұлықтап, Хақ екендігін айтып, күллі адам баласын Оның асыл қасиетімен таным, ғибраттарынан сусындауға, үйренуге шақырып, даналыққа толы ағартушылық ой айтады. Сонымен қатар Исламға, Пайғамбарымыздың хадистерінің ғаламатына, Құранның терең іліміне бойлау үшінде аса қажыр, зейін қажет екендігін жеткізеді.

         Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол,

         Пендеге иман өзі ашады жол,

         Шын илан да, таза ойла бір имаңды,

         Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол,

деп имандылықтың күлі жақсылық пен адамгершіліктің қайнар көзі екендігіне тоқталады. Аллаға шын иланудың маңызын тереңнен түсіндіреді.

Алла ішінді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү'мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма деп, рас пен таласпаудығ яғни Ұлы Жаратушы Алланың бар екендігіне, Оның бір екендігіне  еш күмән келтірмеуді барынша насихаттайды.

Ұлы Абайдың Ұлы Жаратушыға күмәнсіз сену туралы осынау толғамдарын аз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлы Абай даналық дариясы! Ғибрат теңізі болғандықтан оның әр сөзінде терең мағына, ірі түйіндер жатыр.  

Амангелді Жарасов,

Шығыс Қазақстан облысы

Тарбағатай ауданы

«Байжігіт баба» мешітінің  бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk