wrapper

Соңғы жазбалар

Имам Ахмет ибн Мұхаммед ибн Сәлама Әбу Жағыфар ат-Тахауи әл-Азди әл-Ханафи әл-Мисри атағы шартарапқа жайылған мәшһүр ғұлама. Дереккөздерге жүгінсек, мұсылман жыл санауының 230-шы жылдары, христиан жыл санауымен 850-ші жылдары дүниеге келген. Туған жері Мысыр елінің  Таха деген елдімекені. Осыған орай ат-Тахауи деген қатыстық есімге ие болған. Һәм Мысырда һижри 321жылы, миләди 933 жылы дүниеден өткен.

Ол білімді зиялы қауымның ортасынан шыққан.Сүт анасы өз заманындағы мәшһүр хадисшілердің бірі Әбу Мұса әл-Мысридің жұбайы. Ал Әбу Мұса хадис ілімінің имамдары Әбу Дәуіт пен ән-Нәсәидің шәкірті болып келеді. Тахауидің анасы да имам Шафиғиден білім алған ғалым кісі. Ал анасының бауыры, яғни нағашысы Әбу Ибраһим әл-Музәни шариғат білгірі, имам Шафиғидің үздік шәкірттерінің бірі еді.

Осындай оқымысты ортада дүниеге келген Тахауи да жастайынан білім нәрімен сусындап, аса алғырлығымен көзге түсті, ғылымның түрлі салаларына түрен салды. Бала кезінен Құранды жаттап, жақындарынан дәріс алды. Әсіресе, фиқһ, хадис ілімдеріне терең бойлап, өсе келе өз заманының ғұламасына айналды. Әбу Исхақ Ширази имам Тахауидің Мысырдағы ханафи мазһабының жетекші имамы болғандығын жазады.

Өскен ортасына қарай шафиғи мазһабын ұстанған имам Тахауи нағашы ағасы әрі ұстазы әл-Музәниден дәріс алды. Шәкіртінің Әбу Ханифаның еңбектеріне көбірек үңілетінін көрген ұстазы: «Уаллаһи, сенен ештеңе шықпас», – дейді. Осыны көңіліне алған Тахауи ханафи мазһабына біржола ден қойып, Мысырдағы осы мазһабтың ғалымы Ахмет ибн Әбу Имраннан дәріс тыңдайды. Уақыт өте келе ханафи мазһабының бетке ұстар тұлғасына айналған Тахауи: «Алла нағашымды рахым еткей! Егер қазір тірі болғанда айтқан сөзін қайтып алар ма еді?» – деген екен. Тахауи фиқһ, хадис, ақида тақырыптарында талай шығармалар жазған. Ол еңбектерінде бұрынғыны жаңартып, түйінді мәселелерді тарқатып берді.

Мәшһүр ғұламаның негізгі кітаптары мыналар:

1. Шарх Маъани әл-Әсәр

2. Мушкил әл-Әсәр

3. Ахкамул-Қуран

4. Ихтиләфул-Уләмә

5. Ән-Нәуәдир әл-Фиқһия

6. Китаб аш-Шурут әл-Кәбир

7. Аш-Шурут әл-Аусат

8. Шарх әл-Жәмиъ ас-Сағир

9. Шарх әл-Жәми әл-Кәбир

10. Әл-Мухтасар

11. Манақиб Әби Ханифа

12. Тарих әл-Кәбир

13. Ар-Радд алә Китабил-Мудаллисин

14. Хукм аради Мәккә    

"ТАНЫМ ТҰҒЫРЫ"


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk